|
Аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы Рахманбердиевтің аудан тұрғындарын Астана қаласының 20 жылдық мерекесімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды ел жүрегі - Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Береке - бірлік ел билеп, жол көрсетер тұлғадан, тәуелсіз тірлік шешім шығаратын Астанадан бастау алады. Түрлі ұлт өкілдерінің баласын бауырына басып, алып шаңырақтың астына топтастырған қазақ елі - алтын бесік болса, Есіл жағасындағы еңселі Елорда - алтын қазық саналады. «Астана - ХХ ғасырда Жер планетасында пайда болған тұңғыш елорда» деген еді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шындығында 69 жыл бойы еліміздің «Бас қала» мәртебесін арқалаған Алматы жаңа ғасырдағы ел тізгінін жасампаз Астанаға бергені тарихтан белгілі. Мемлекет басшысының қажырлы еңбегінің арқасында Сарыарқаның төрінен еліміздің жүрегі - Астана бой көтерді. 20 жылдың ішінде Астана ел ішіндегі түрлі қоғамдық күштер мен мүдделерді тоғыстырып, мемлекеттің ішкі ресурстарын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Соның нәтижесінде Астана - дүниенің маңызды түйіндерін талқылайтын жаһандық үнқатысу алаңына айналды. Елордада Еуропаның қауіпсіздік және ынтымастық ұйымының саммиті, VІІ Қысқы Азия ойындары, Ислам ынтымақтастығы Ұйымының форумдары, Астана экономикалық форумы, әлемдік және дәстүрлі діндер съездері, Сирия мәселесін реттеу жөніндегі келелі басқосулар мен “ЭКСПО - 2017” халықаралық көрмесі өтті. Астана арқылы қазақ елін жаһан таныды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың әлемнің ең дамыған 30 астаналарының қатарына кіру міндетін қойды. Қазірдің өзінде осы теңдесі жоқ мақсатқа қол жеткізу бағытында ауқымды, нақты іс-шаралар басталды. Астана мерейтойы - елге ортақ мереке. Еліміздің әр өңірінің елордаға сый жасауы - Астананың ажарын асырып, мерейін көтеруде. Бас қаланың 20 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алу мақсатында, ауданымызда көптеген жұмыстар қолға алынды. Елорданың мерейтойына орай, «20 жылдыққа - 20 нысан» акциясы аясында, Сарыкемер ауылында жекеменшік 75 орындық «Ерік ата» балабақшасы, Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан жаңа спорт залы, жеке кәсіпкер Ләззат Жабатаеваның демеушілігімен сауықтыру орталығы, Бурыл ауылдық округінде “Қарақат - Димаш” және “Бағлан - 2018“ жекеменшік балалар бақшалары пайдалануға берілді. Астана - ұлт мүддесіне қызмет етіп тұрған, ел мәртебесі мен Елбасының еңбегін ұлықтаған қала. Қымбатты аудан тұрғындары! Баршаңызды Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тiлеймiн! Жаңарған, жаңғырған Астананың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын. Елдігіміз ерен, елордамыз еңселі болсын!
Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі Нұротандықтар!
Сіздерді шын жүректен Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймыз! Бүгінгі таңда, елдің төрі - Елорда барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Астана - қарыштап дамыған мемлекеттің нышаны, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі. Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Елдің мақтанышы саналатын көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрегімізді тебірентеді, мерейімізді тасытады. Елорданың заманауи келбетіне шетелдік қонақтар таңданыспен қарауда. Астана ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қала ретінде танылды. Бұл - біздің ортақ жетістігіміз. Жарқын қаламыз одан әрі өркендей берсін, біз ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Қуанышқа толы мереке күні Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттілік тілейміз.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңесі.
Құрметті байзақтықтар!
Сіздерді сүйікті елордамыз - Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен тарихи бастамаларының арқасында қасиетті Сарыарқа даласында өзіне ғана тән бірегей сәулетімен арман қала бой көтерді. Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі. Астана Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Мұнда әлемдік көшбасшылардың кездесулері, аса өзекті саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді. Ол Еуразияның кіндік қаласына халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту тетіктері қарастырылатын ортаға айналды. Бүгінде қазақстандықтар бейбіт те бақытты заманда өмір сүруде. Қазақстандық Ұлы жолмен жүріп, еліміз дамудың жаңа деңгейіне көтерілді, ал, мемлекеттік сарабдал саясат экономикалық өсу мен әлеуметтік дамуды қамтамасыз етті. Алға қойылған міндеттердің табыспен іске асырылуы Астананың одан әрі өркендеп, келешегі кемелдене түсуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сеніміміз зор.
Құрметті жерлестер! Біздің мақтанышымыз, Отанымыздың жүрегі – ару Астананың жұлдызы әрқашан жарық болсын! Астана – Қазақстанның зор қуаты мен бұла күші. Бұл – отандастарымыздың ізгі үміттері ақталып, бақыт жолына бастайтын арман қала. Алдағы уақытта да Астана қайталанбас келбетімен, көз тартар сұлулығымен және ұшқыр жаңашылдығымен баршамызды қуанта береріне сеніміміз мол. Мереке құтты болсын!
Нұржан Тлепов, аудандық мәслихат хатшысы.
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді айтулы мереке Астана күнімен құттықтаймын! Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Уақыттан оза шапқан бүгінгі бас қала – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Астана – күллі қазақстандықтардың мақтанышы, егемендігіміздің келбеті мен айғағы. Бас шаһар тарихи өлшеммен өте қысқа мерзімде биіктік пен көркеюге қол жеткізіп, жас мемлекеттің арманын шындыққа айналдырды. Астана қазіргі таңда халықаралық іргелі жиындардың, конфессияаралық келісімдердің алаңы іспеттес. Өткен жылы «ЭКСПO - 2017» халықаралық көрмесінің елордамызда өткені әлем елдері алдында абыройымызды асырып, мәртебемізді көтергені сөзсіз. Сіздерге осы бір тамаша мерекеде мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт-береке, жемісті еңбек, бірлік, Отанымызға гүлдену мен бейбітшілік тілеймін.
Аңсабек Назарқұлов, аудандық сот төрағасы міндетін атқарушы.
|