Онлайн газет



Қызыл жұлдыз ауылында “Бейшен” мешіті ашылды

Ел ынтымағы мен берекесін нығайтатын, адамзат баласына жан шуағын сыйлайтын дініміз еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өркен жайып келеді. Оның жарқын көрінісі Қызыл жұлдыз

ауылдық округінде  ақшаңқай мешіттің ашылу салтанаты болды. Мешіттің ашылуына   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр Жұмабаев, облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс аудандарының имамдары, облыс, ауданның құрметті азаматтары, ақсақалды қариялар мен ақжаулықты аналар, ауыл тұрғындары    қатысты.
Өткен сенбі күні Қызыл жұлдыз ауылының орталығында бой көтерген  имандылық үйінің айналасы қызылды-жасылды  шарлармен, жалаушалармен безендіріліп, аңшаңқан төрт  киіз үй тігіліпті.  Еңселі мешіт үйіне қарай ағылған еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жиналғандардың көңілі көтеріңкі. Көпшілік  алдында “Шымыр Ата”  қорының  президенті Оңласын Есіркепов  ашылғалы отырған мешітті салдырушы Қанат Бейшенұлының іскерлігін тілге тиек ете отырып,   имандылық үйіне есімі берілген Бейшен қарияның өмірі мен еңбек жолына тоқталды.
Анықтама
Бейшен Тілебаев санаулы ғұмырының ширек ғасырдан астамын ұстаздыққа арнаған ұлағатты  ұстаз. 1915 жылы Талас ауданы, қазіргі Жамбыл ауданындағы «Қызыл  октябрь» (қазіргі Ерназар) ауылында дүниеге келген.
Жеті  жылдық мектепті бітірген соң Ташкенттегі  раффакті, содан кейін Жамбылдағы педагогикалық училищені тамамдаған. Еңбек жолын Талас ауданындағы Ворошилов, Ақшұқыр, Кеңестөбе ауылдарындағы бастауыш мектептерде мұғалімдіктен бастаған. 16 жасында комсомол қатарына өтіп, 1939 жылы СОКП мүшелігіне қабылданған. Сол жылы Талас аудандық партия комитетінде кадрлар бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, парткабинет меңгерушісі қызметтерін атқарған.1942-1953 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Талас, Сарысу аудандық партия комитетінің хатшысы, 1955 жылы бес жыл Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық партия комитетінде үгіт насихат бөлімінің меңгерушісі, кейіннен Үлгілі, Ново-Ивановка орта мектебінде директорлық қызметті абыройымен атқарған. Жетібай ауылында  мектеп жанынан шалғайдағы малшы балаларына арнап интернат ашқызған. Ново-Ивановка  орта  мектебіне  (қазіргі Жамбыл атындағы  орта мектеп)  18 жыл басшылық жасаған  білікті  басшының  шәкірттерінің ішінде 9 оқушы алтын медальмен бітірген екен. Кейіннен Красная звезда (қазіргі Н. Ақшабаев) атындағы мектебін біліктілікпен басқарған Бейшен Тілебаев үлкен жетістіктерге жеткен. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін ұлағатты ұстаз 1944 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, “1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін”  медалімен, бала тәрбесіндегі ерен еңбегі үшін “КСРО халық ағарту ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталған.
Еліне, жұртына адал қызмет етудің айрықша үлгісін көрсетіп,   бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бейшен  қария зайыбы Күлшарамен  өнегелі жеті перзент өсірген. Бүгінде ұл-қыздары әр саланың білікті мамандары.
Мұнан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр Жұмабаев әруақтарға бағыштап құран оқыған соң  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі тебірене сөз сөйледі. Ол өз сөзінде  тәуелсіздік алған жылдары елімізде 68 мешіт болса бүгінде оның саны 2301-ке жеткенін,  «Нұр-Астана», жақында  Астанада ашылған “Әзірет Сұлтан” мешіттерінің бүкіл ТМД-ға мақтаныш болып отырғанын,  жазба деректерге  қарағанда алғашқы мешіт қасиетті Тараз жерінде 893 жылы салынғандығын, Каирда тараздық дінтанушылар көп болғандығын, соның бірі  облыс орталығындағы  мешітке есімі берілген Һибатулла Таразидің  діни ғұлама болғандығын дәлелдейтін деректерге сүйене отырып, кітап  жазғандығын,  адамзат баласы  шамасы жетіп жатса сауапты істер: көпір, аурухана, мектеп, жол, мешіт салудың маңызын сөз етті. Елбасымыздың арқасында ислам дінінің өркендеп келе жатқандығын, елімізде салтанат құрған ынтымақ бірлік, татулықты көздің қарашығындай сақтау қажеттігін,  мешітке есімі беріліп отырған Бейшен қарияның жас ұрпаққа білім беріп сауапты іс атқарғанын, бүгінде оның  перзенттері де игілікті  іс атқарып отырғанын, мешіттің көп болғаны жақсылық, имандылық пен ізгілікке, адамгершілікке шақыратынын айтып, мешіттер көп болсын дей келе,  кәсіпкер Қанат Тілебаевқа  жарыққа шыққан қос кітабы мен  өзі  “кітап анасы “ деп атаған  Құрани Кәрімді табыс етті. Мұнан кейін сөз алған аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы  Шүкеев тұрғындарды ғибадат үйінің ашылуымен құттықтап, діннің адамзат өмірінде алатын орнына тоқталды, имандылық үйіне қалы кілемді табыс етті.  Жамбыл ауданының бұрынғы әкімі Мақұлбек Бәйгелдиев Бейшен қарияны көзі көргендігін, білікті басшы, ұлағатты ұстаз болып, халқына  адал қызмет еткендігін айтып өтті. Қызыл  жұлдыз ауылының тұрғыны, Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова жамағатқа еңселі мешіт салдырып, әкесінің әруағын құрметтеп жатқан атпал азаматтың еңбегіне табыс тілесе, Қызыл жұлдыз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Білдебаев  ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірумен қатар Қанат Бейшенұлының  басына бөрік, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Ашылу рәсімінен соң Дінбасы бастаған жамағат Алла үйіне кіріп намаз оқып, Бас мүфти бата берді.Одан кейін екі ракағат «Сәлем» намазы оқылып,  барша жамиғат бір-бірін  Алла үйінің ашылуымен құттықтады.
Аллаға құлшылық ететін  имандылық үйін салған Бейшен қарияның ұрпақтары әкесі  басшылық еткен Жамбыл  және Н.Ақшабаев атындағы мектептің ұжымына  музыкалық орталықты табыс етті.
Әруақтарға арналып ас беріліп, құран оқылды, Бейшен қарияның перзенттері жайған мол дастарханнан жиналғандар  дәм татты, сый-сияпаттар  көрсетілді.
Имандылық ордасында бір мезгілде 200-ден астам адамға дейін намазға жығылуға мүмкіндік бар. Мешітте үш күмбез бар. Жылу жүйесі газға қосылған. Мешітке жалғастыра салынған қосымша бөлме әйелдерге арналған. Имам мен наиб имамдар отыратын бөлмелер де қарастырылған.
Жамағатқа есігін айқара ашқан имандылық ордасы адамдарды жақсылыққа үндеп, ел татулығына қызмет ететіндігіне сенім мол.

Г. Ермұратова,
“Ауыл жаңалығы”.


 

Обновлено 12.09.2012 12:14
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1709
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5850
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31417
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202147

Серіктестер