Онлайн газет



Мәслихат-халықтың өкілді органы

Т.Абдуалиев,
еңбек ардагері.
Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Елімізде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге қызмет жасаушы жергілікті өкілді орган мәслихаттардың құрылғанына 20 жыл толуы  мерекесін атап өту жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы егемен болып жарияланған уақыттан жергілікті басқару органдарын қайта құру мәселесі туындап, 1993 жылы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» заң

қабылданды. Осы заңның талабына сәйкес жергілікті халықтың өкілді органы мәслихат – депутаттар жиналысы болып табылды және оған сайланатын депутаттардың шекті саны белгіленді. Свердлов аудандық мәслихат-депутаттар жиналысының бірінші сайлауы 1994 жылдың 7 наурызында өтіп, оның құрамына 19 депутат сайланды. Бірінші сайланған бұрынғы Сведлов, қазіргі Байзақ аудандық мәслихат-депутаттар жиналысының ұйымдастыру сессиясы 1994 жылы 5 сәуірде өтіп, оның ағымдағы қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды атқарып, тұрақты жұмыс істейтін лауазымды мәслихат-депутаттар жиналысының хатшысы қызметіне сайландым. Менің пікірімше, қазір айтылып жүргендей облыстық немесе аудандық мәслихаттардың құрылған күндерін 1994 жылы 7 наурызда өткен депутаттар сайлауы күні емес, әрбір облыстың және аудандық мәслихаттардың бірінші ұйымдастыру сессиялары өткен күннен бастап санағаны дұрыс. Сол себепті де Байзақ аудандық мәслихаттың құрылған күнін 1994 жылғы 5 сәуір деп есептегенді жөн санаймын.
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдық мерекесіне байланысты еліміздің ақпарат құралдарында жазылып, айтылып жатыр. Мәслихаттардың тыныс-тіршілігімен халық жетік хабардар деп ойлаймын. Дегенмен де, өзіміздің аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің биылғы 22 ақпан күнгі санында «Елмен бірге нығаю үстіндеміз» атты тақырыппен жарияланған аудандық мәслихат хатшысы Н.Үкібаевтың мақаласында аудан депутаттары үшін үлкен мерекеге дайындық және аудандық мәслихат аппаратынан бастап барлық депутаттар жасап жатқан жұмыстармен танысып, риза болдық.
Шын мәнінде, тарих үшін 20 жыл қысқа мерзім болғанымен, аталған салада қызмет атқарған және қазір де ел игілігі үшін еңбек етушілер үшін аз мерзім емес екендігі анық. Қазіргі кезеңде бесінші сайланған аудандық мәслихат депутаттары қызмет жасауда, ал бұл мерзімге дейін сайланған депутаттар үлкен тәжірибе мектебінен өтіп, нағыз халық қалаулыларына айналды, жастарға үлгі-өнеге болуда. Ал, депутаттардың көпшілікпен, яғни сайлаушылармен жұмысының нәтижелі болуы аудандық мәслихат аппаратының қызметімен тығыз байланысты. Сондықтан да қызмет атқарған жылдарымда аппарат қызметкерлерінің санын екі есе арттырумен қатар, олардың сапалық құрамына басты назар аудардым. Республикада алғашқылардың бірі болып, аппарат жетекшісі, кеңсе меңгерушісі, заңгер-маман қызметтерін енгізіп, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар азаматтарды қызметке қабылдауды жүзеге асырдым. Сол қызметкерлердің басым көпшілігі аудандық мәслихат аппаратында қызмет істеуде. Байзақ аудандық мәслихат аппараты, депутаттары бастапқы уақыттан бері облыс деңгейінде алдыңғы қатарда жұмыс істеуде деп айтуға болады. Халықтың қолдауы және депутаттардың ұйғарымымен бірінші, екінші және үшінші сайланған Байзақ аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған 1994-2007 жылдардағы осы іске қосқан өз үлесімді, сол жылдарда қоғамда болған уақытша қиыншылықтарға қарамай белсенді қызмет атқарған депутаттарды құрметпен еске аламын. Бірінші сайланған аудандық мәслихат депуттары арасынан Б.Ермаханбетов, Б.Мадешов, Б.Бошамбекова, О.Садықов, екінші сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары арасынан С.Әбдірешова, Б.Шантаев, Б.Үсіпбаев, М.Фазулов, К.Шартықбаев, И.Сқабеков, Я.Бешлиоглы, Қ.Оңласынов, үшінші сайланған аудандық мәслихаттың депуттары арасынан Е.Битабаров, А.Айтбаев, Ш.Мырзалиев, С.Наурызбаев, А.Сейдалиева, Р.Сапарбеков, Н.Байжанова, С.Омаров, А.Үкібаев, Ж.Есенқұлов тағы басқалары белсенді қызметтері үшін сайлаушылардың алғыстарына ие болған еді.
Өткен 20 жыл аралығында мәслихаттардың қоғамдағы орны дараланып, өкілеттігі де дамып, өсті. Аудандық мәслихат-депутаттар жиналысы атауы аудандық мәслихат болып өзгертілді. Егемен еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік даму кезеңіне байланысты жергілікті өкілді және атқарушы органдар міндеттері қайта сараланып, нәтижесінде 2001 жылғы 23 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Осы орайда айта кететін жағдай, осы өкілді және атқарушы органдар туралы заң жобалары халық арасында, әсіресе депутаттар талқылауында болып, айтылған ұсыныстардың басым көпшілігінің назарға алынғандығы болды.
Жоғарыда аталған екі заңда да мәслихаттарға халықтың өкілетті органы ретінде құқықтық басымдылық беріліп, жергілікті әкімшіліктің аталған заңдарда белгіленген мәселелер бойынша мәслихатқа бағыныстылық қағидаты атап көрсетілді. Мысалы, «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңның 30-бабында аудандық мәслихат депутаттарының жалпы санының үштен екісінің жасырын көпшілік дауысымен жергілікті әкімшілік органының басшысына сенімсіздік білдіріп, оны қызметтен босату туралы мәселені жоғары тұрған әкімнің алдына қоюға құқылы деп көрсетсе, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» ҚР Заңының 32-бабында аудандық әкімият өзіне жүктелген міндеттерді іске асыруда аудандық мәслихат алдында жауап береді десе, осы Заңның 35-бабында ауылдық округ әкімі өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жүктелген  міндеттерді іске асырылуы үшін аудандық мәслихаттың алдында жауап беретіндігі атап көрсетіледі. Осы аталған баптарға сәйкес елімізде мәслихат сессиясында аудан әкімінің есебін тыңдау жүйесі енгізілгенін білесіздер.
Халық қалаулылары болып табылатын мәслихат депутаттарының өкілеттігі жылдар сайын нығайтылып, аудандық мәслихат құзыреті де арттырылуда. Соның бірі әкімдер лауазымдарына ұсынылған кандидатураларға мәслихаттардың келісім беру тәртібі. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясында жүзеге асырылатындығы мәслихаттардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ететіндігі анық.
Заңға соңғы енгізілген өзгерістерге байланысты мәслихаттардың әкімдерге сенімсіздік білдіру өкілеттігіне байланысты мәселе нақтыланып, оның себептері  және соған сәйкес депутаттар іс-әрекеттері талданып берілген. Осының бәрін мәслихаттар мен әкімдіктердің жергілікті басқару ісінде тығыз байланыста болып, халық игілігі үшін қызмет етуде ықпалдастықтың нағыз көрінісі деп тану керек.
Халықтың өкілді органы – мәслихаттың беделін арттырып, басқару ісіне депуттардың араласуына себепші болған қадам, олардың ауылдық округ әкімдерін сайлау ісіне тікелей қатысуы болып табылады. 2013 жылы өткен ауылдық округ әкімдерін сайлауда аудандық мәслихат депуттатары халық өкілдері ретінде  өз еріктерін білдіре отырып, 18 ауылдық округ әкімдерін таңдауға үлес қосуы олардың ісіне берілген баға деп білу қажет.
Мәслихаттар және оның депутаттары алғашқы жылдардан бастап өздеріне жүктелген жұмысты өз деңгейінде атқарып отырғандығын ақпарат құралдары үнемі жазып келеді. Дегенмен, кейбір азаматтар мәслихаттардың құрылымы және ондағы қызметкерлер саны туралы түрлі пікір білдіруде. Осы мәселе туралы өз пікірін облыстық мәслихат хатшысы жақында облыстық газет бетінде жариялады. Осындай ұсыныс-пікірлер бұрында айтылып, оның соңы аудандық мәслихаттардың тексеру комиссиясының қысқаруына алып барды. Бұл шара елімізде қаржы бақылау мекемелерінің жұмысын үйлестіруге байланысты жасалған деп естіп, білдік. Бұдан аудандық мәслихаттың қызметіне ешқандай нұқсан келмегені анық, тек жергілікті атқарушы және өкілді органдар қызметін жетілдіріп, дамытудың көрінісі болды деп санаймыз.
Әрине, бұл мақалада аудандық мәслихаттың өкілеттігіне баса назар аударғандай болдым. Оған себеп кейбіреулер жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін, мәслихат және әкімдіктің өкілеттігін жете түсінбейтіндігін байқайсың. Жергілікті  мемлекеттік басқару жүйесіне «Қазақстан Республикасындағы Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңға 2008 жылғы 9 ақпанда енгізілген түзетулер мен өзгерістер, өзін-өзі басқару туралы заңмен толықтырылуы жаңаша үйлестіру жұмысын атқаруға міндеттеді. Бұл елімізде демократиялық үрдістің дамып, жергілікті басқару ісіне халықтың кең араласуына септігін тигізуде.
Аудандық мәслихат алғашқы құрылған күннен бастап, аудандық әкімдікпен бірлесе отырып, халық мүдделерін шешумен айналысты. Ол кезеңде өндірістің тоқтап, жұмыссыздық белең алған еді. Ол уақытта  басты мақсат жұмыс орындарын, өндіріс және шаруашылық нысандарын сақтап қалу болды. Аудан тұрғындарын электр қуатымен, табиғи газбен қамтамасыз ету үлкен мәселеге айналған еді. Осындай қиындықтардың шешімін іздеген тұрғындар аудан әкімдігіне  және аудандық мәслихатқа келетін. Сол кезде ашулы тұрғындарға басу айтып, істің шешілу жағын іздестіру қиын болғаны рас. Осы жылдарда Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарған азаматтермен үзеңгілес жұмыс істеп, халықтың талап-тілектерін жүзеге асыруға үлес қосқанымды  абырой санаймын. Әсіресе, аудан әкімі болған, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Жабағиев мырзамен қызметтес болып, қысқартылған ауылдық округтерді қайта қалпына келтіру, халық игілігі үшін қажет нысандарды сақтап қалуға жағдай жасау, басқа аудандарға беріліп кеткен 220 мың гектар мал жайылымын кері қайтару, ауданға электр қуатының және табиғи газ берілуін шешіп, ретке келтіру мәселелерін шешуге ықпал жасау жұмыстарын айтуға болады. Әсіресе, қаржының тапшылығы, тұрмыс-тіршіліктің сәл де болса жүдеу тартқанына қарамай ауданға Байзақ батыр есімінің берілуіне байланысты үлкен көпшілік-мәдени шаралардың ұйымдастырылып, батыр кесенесінің тұрғызылып, қоршалуы, оған барар жолдың жөнделуі, ең бастысы көпшілік үшін мол  дастарханды ас берілуі еді. Қызмет бабымен ауданның алғашқы әкімінен бастап, бес әкімдермен қатарлас қызмет атқарғаным мен үшін үлкен тәжірибе мектебі, зор мәртебе болғаны рас.
Аудандық мәслихаттың қызметі туралы айтқанда аудандық прокуратура және әділет басқармасымен байланысты қызметтік іс-әрекетті айтпай кетуге болмайды. Себебі, аудандық мәслихат шешімдерінің заң талаптарына сәйкес келуі, сілтеме жасаған баптардың нақтылығы, тіпті шешімдердің сауатты жазылуына басты назар аударуға бұл аталған органдар қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Аудандық мәслихат шешімдерінің жобасы тұрақты комиссия шешім қабылдағанға дейін прокуратура қызметкерлерімен пікірлесіп, түрлі кеңес сұрағанымыз жасырын емес. Мысалы, ауданда жастар арасында бұзақылық іс-әрекеттерінің көбеюіне байланысты олардың кешкі мерзімде жүріп-тұруына шектеу қою мәселесін нақтылау аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, жүзеге асырылып еді.
Сол орган қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар арасындағы жұмыс, мектеп ұжымдарында жиналыс өткізу, тіпті мектептерге тұрақты полиция қызметкерлерін бекіту мәселесі сияқты жағдайлар шешілген болатын. Осы орайда, сол кезде аудан прокуроры қызметін атқарған И.Шайсламов, К.Әбдірахманова, А.Ким мырзалардың аудандық мәслихат шешімдерінің заңды және дұрыс қабылдануына көп ықпалы болғанын, сондай-ақ олардың жүзеге асуына көмек жасағанын ризашылықпен атап айтқым келеді.
Аудандық мәслихат жұмысы туралы сөз қозғағанда оның өзге де қоғамдық ұйымдармен, тіпті үкіметтік емес мекемелермен байланысын айтпай кетуге болмайды. Өйткені сайлаушылар талап-тілектерін жүзеге асыру үшін меншік түріне қарамастан барлық ұжымдармен, кәсіпорындармен, мекемелермен қызмет жасау қажет. Депутаттар белсенділігін арттыруда солар мүшесі болып табылатын саяси партиялар ұйымдарының ықпалы ерекше болғаны белгілі. Байзақ аудандық мәслихатының соңғы  шақырылымдарында  сайланған депутаттардың басым көпшілігі республикалық саяси «Отан» партиясы мүшелері болды. Дегенмен, басқа да партия мүшелерінің пікірі ескеріліп, депутаттардың партия мүшелігіне қарай топтар құруда жүзеге асырылды. Аудандық мәслихаттың депутаттары 2005-2007 жылдары менің «Отан» республикалық саяси партиясының аудандық ұйымында төраға қызметін қоса атқаруыма байланысты аталған партия ұйымының жұмысына белсенді қатысып, соңында аудандық мәслихат депутаттарының барлығы осы партия мүшелігіне өтіп, өздерінің ауызбірлігін көрсетіп еді. Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімдігінің жанында құрылған әртүрлі қоғамдық комиссия мүшелеріне сайланып, еңбек етуде. Аудандық мәслихат хатшысы ретінде ұзақ жылдар аудандық онамастика комиссиясының мүшесі ретінде аудандағы елді мекендер, мектептер мен көшелер атауларын өзгертуге атсалысқаным да есімде тұрады.
Сөз соңында, аудандық мәслихаттың қалыптасып, жұмыс істеуіне өз үлестерін қосқан бірінші, екінші және үшінші сайланған аудандық мәслихат депутаттарының барлығына үлкен рахметімді айтып, дүниеден өткен депутаттардың иманы  саламат болсын дей отырып, өзімді депутаттыққа сайлап, үміт артқан сайлаушыларыма, үш рет мәслихат хатшысы лауазымына  сайлаған әріптестеріме алғысымды жеткізгім келеді.
Құрметті Байзақ аудандық  мәслихатының депутаттары және мәслихат аппаратының қызметкерлері, Байзақ аудандық мәслихатының құрылғанына 20 жыл толу мерекесі құтты болсын, қызметтеріңізге табыс тілеймін.

 

Обновлено 07.04.2014 15:53
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін208
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада11460
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда28090
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279759

Серіктестер