Онлайн газет



Заңдар мен бағдарламалар орындалуымен құнды

С.Қалмұратов,
«Ауыл жаңалығы».

Жұма күні №8 Қызыл жұлдыз сайлау округінен  сайланған  депутат Б.Сейткаримовтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІІ сессиясында ауданның әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Депутаттар, алдын ала, тұрақты комиссия отырысы барысында  ондағы мәселелерді жан-жақты қарап, талқыға салды.
Сессияның күн тәртібіне шығарылған басты мәселелердің бірі

– ауданда Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) заңының орындалу барысы болатын. Аталмыш мәселе бойынша сессия жұмысына қатысушылар аудандық салық басқармасының басшысы А.Серікбаевтың баяндамасын тыңдады.

Оның мәліметінше бүгінгі таңда ауданда 488 заңды тұлға, 2096 жеке кәсіпкер, 2834 шаруа қожалығы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда заңды тұлғалар 69-ға, жеке кәсіпкерлер 611-ге, ал шаруа қожалықтар саны 59-ға көбейгенін көрсетеді.
Жалпы түрлі деңгейдегі бюджеттің орындалуына келер болсақ, есепті кезеңде бюджеттің барлық түрлері бойынша жасалған болжамнан артық қаржының түсуіне қол жеткізілген. Мысалға, өткен 2013 жылға аудандық бюджет бойынша бекітілген болжам 905,8 млн. теңге болса, нақты түскені 974,6 млн. теңгені құраған немесе 107,6 пайызға орындалған.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанына бекітілген бюджет болжамы 324,9 млн.  теңге болса, 26.03.2014 жылғы мәлімет бойынша 370,8 млн. теңге түсіп, орындалуы 114,1 пайызды құрап отыр.
Жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің негізін қалаушы салық төлеушілер қатарында «Азиялық газ құбыры» ЖШС (26,8 5%), Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімі (21,6%), аудандық орталық аурухана (6,1 %), «Тараз құбыр зауыты» ЖШС (1,6%), «КСС ЕхС» ЖШС (1,4%), «Таразхиммонтаж» ЖШС (1,3%), «Жасұлан-Флора» ЖШС (1,4%) сынды үлес салмақтары қомақты ұжымдардың аты  аталды.
Одан әрі қарай баяндамашы салық органдары тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 20 түрі, олардың орындалу деңгейі, салық базасын ұлғайту бағытында жүргізілген жұмыстар, берешек сомаларды өндіру мақсатында қолға алынған шаралар, сондай-ақ мәжбүрлеп тарату, әкімшілік айыппұлдар жайына тоқталды.
Мәселеге қатысты Жалғызтөбе сайлау округінен депутат Н.Тлепов, аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жақыпбеков, Жалғызтөбе ауылдық округінің әкімі С.Медеубековтер сөзге шығып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Мәселе бойынша сөйлеушілерге сұрақтар қойылумен қатар, сын-ескертпелер, ұсыныс-талаптар айтылып, тиісті шешім қабылданған соң, мәжіліс қатысушылары «Ауданның атқарушы органдарының Қазақстан Республикасының «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын орындау» барысы туралы мәселені талқылауға көшті.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша мінбеге көтерілген аудандық білім бөлімінің басшысы З.Дүзенова аудан аумағында бүгінде 22 балабақша мен 13 шағын орталықтың жұмыс істеп жатқанын, оларда жалпы саны 3281 бала қамтылып,  бүгінге ауданда мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 58 пайызға жеткендігін, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 % артып отырғанын мәлімдеді. Дегенмен, оның мәліметінше, аталмыш бағдарлама талаптарын орындау өз деңгейінде емес. Атап айтқанда, бүгінге аудан аумағындағы 1-5 жас аралығындағы 5683 баланың 3281 ғана мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылса, қалған 2099 бала тыс қалып отыр. Жоғарыда аталған балалардың 977-сі аудан орталығының үлесінде. Бұл көрсеткіш кезекте тұрған балалар санының өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейгенін көрсетеді.
Сонымен қатар Зәуре Исақызы «Балапан» бағдарламасының негізгі көздеген мақсаты және одан туындайтын міндеттер, тәрбие ошақтарының материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуы, ондағы педагогикалық кадрлар мәселесіне тоқталып, жан-жақты мәлімет берді.
Қоғам алдында тұрған көкейкесті мәселе бойынша Е.Есімов  мәслихат депутаты және аталмыш бағдарламаның орындалуын зерделеп, сессияның қарауына әзірлейтін уақытша комиссия төрағасы ретінде жарыссөзге шығып, ой-пікір бөліссе, Т.Кадимова, Е.Әшірбеков сынды бірқатар халық қалаулылары өздерін мазалап жүрген мәселелерге қатысты бөлім басшысына сұрақтарын қойды.
Мәжіліс барысында көтерілген әрбір мәселе бойынша тиесілі жауапты сала басшылары жауаптарын беріп, шешім қабылданды. Олардың қатарында «Балапан» бағдарламасының орындалу мерзімінің Елбасының тапсырмасымен 2020 жылға дейін ұзартылуына байланысты жасалынған іс-шаралар жоспарын ауданның демографиялық жағдайын сараптай және тұрғындардың қоныстану тығыздығын ескере отырып қайта жасау, мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасын арттыруды қамтамасыз ету, педагог кадрлардың білім беру деңгейін арттыру, қайта даярлау мәселесін шешу, балабақшаларда санитарлық тазалық, қыс мезгілінде жылу режимін сақтау сынды ұсыныстар енгізіліп,  шешім қабылданды.
Бұдан басқа мәслихат депутаттары аудан әкімдігі жанындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамына өзгерістер енгізу туралы, аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссияның құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелерді қарап, оның әрбірі бойынша тиесілі шешімдер қабылдады.
Сондай-ақ депутаттар аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІІІ сессиясының төрағасын сайлады. Бір ауыздан кезекті сессия төрағалығына №11 М.Әуезов сайлау округінен депутат Есенқұлов Жамалбек Қожабекұлы сайланды.
Сессия соңында оның күн тәртібіне шығарылып, талқыланған мәселелердің маңыздылығы жайында аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы сөз сөйлеп, өз ой-пікірімен бөлісті.

 

Обновлено 02.04.2014 12:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін32
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада11284
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27914
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279583

Серіктестер