Онлайн газет



“БІЗДІҢ КҮШІМІЗ-БІРЛІКТЕ”- дейді білім қызметкерлерінің кәсіподағы конференциясына қатысушылар

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

«Бүгінгі күні бізге әлеуметтік қарама-қайшылықтарды құқықтық әдіс-құралдармен шешу, әлеуметтік қысымның саяси қалыпсыздық пен тұрақсыздыққа ұласуының алдын-алу ерекше маңызды. Мұндағы негізгі фактор кәсіптік одақтардың

қызметі болып табылады».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев.

Кәсіподақтар – ең бұқаралық ұйым болып табылады. Себебі олар еңбекшілердің атынан өкілеттік етеді. Негізгі қызметтері – азаматтарды еңбекпен, әділетті де лайықты жалақымен, оларға оңтайлы еңбек жағдайын жасаумен, әлеуметтік қамсыздандырумен, сапалы білім алумен және денсаулық сақтаумен, баспаналы болумен қамтамасыз етуге байланысты әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғауға бағытталған .
Өткен аптаның жұмасы күні Сарыкемер орта мектебінің акт залында білім қызметкерлерінің кәсіподағы Байзақ аудандық комитеті филиалының III-ші есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті.
Үлгілі орта мектебінің директоры, аталмыш конференцияның төрағасы Ф.Шаухаров ашып, жүргізіп отырған конференцияға Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы аппаратының жетекшісі Е.Мағзұмбеков, аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы З. Дүзенова,  бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан сайланған делегаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында алдымен білім қызметкерлерінің кәсіподағы Байзақ аудандық комитеті филиалының төрағасы М.Қалабаевтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы өз сөзінде 4975 мүшесі бар, 71 бастауыш кәсіподақ ұйымының 2009-2014 жылдар аралығында атқарған жұмыстары жөнінде слайд арқылы кеңінен ақпарат берді.
Ел Президентінің  «Қазақстан -2050»  стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы соңғы жылдардың басты оқиғаларының бірі болды-деп, сөзін бастаған Мұқажан Омарбекұлы есепті кезең аралығында аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтар кеңесінің Жарғылық міндеттері мен конференциялары және кезекті пленумдарының шешімдеріне сәйкес, кәсіподақ мүшелерінің жеке және ұжымдық әлеуметтік еңбек құқықтары мен мүдделеріне өкілеттік етуде, қорғауда бірқатар жұмыстар атқарылғандығын атап өтті.
Осы кезеңде әлеуметтік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл аударылып, нәтижесінде аудан әкімдігінің білім бөлімімен 2009-2011 және 2012-2014 жылдарға әлеуметтік әріптестік келісімі жасалынғанын, әсіресе соңғы үш жылға (2012-2014 жылдарға) жасалған әлеуметтік әріптестік келісімнің  мәртебесінің биіктігі, жұмыс берушілер өкілдерінің тарапынан, мекемелерде еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауға оңтайлығымен қолдау тапқандығын атап көрсетті.
Сондай-ақ баяндамашының мәліметіне сәйкес, кәсіподақішілік тәртіпті нығайту, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру мәселелері бойынша ұйымдастыру, үгіт-насихат жұмыстарының белсендігі арта түсіп, бастауыш ұйымдармен электронды пошта байланысы жетілдірілген. Аудандық кәсіподақ комитеті сала қызметкерлерін сауықтыру, қызметкерлердің бос, демалыс уақыттарын тиімді пайдалану бағытында бірқатар оңтайлы жұмыстар атқарылған. Салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, сала қызметкерлерінің еңбегін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Жарғылық міндеттемелерді орындауды үнемі басты назарда ұстап, кәсіподақ жетекшілері мен белсенді азаматтарды оқыту жұмыстарын жүргізген.
Аудандық кәсіподақ комитеті, кәсіподақтың қаржы саясатының жүзеге асуына басымдық беріп, кәсіподақтық мүшелік жарнаны толыққанды жинау, оларды белгіленген шығын сметаларына сәйкес жұмсау мен бастауыш ұйымдарға (бөлімшелерге) үлестірген.
Мұқажан Омарбекұлы өз сөзінде 2010 жылы Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағында құқықтық еңбек инспекциясы құрылып, біздің ауданымыздағы білім беру мекемелеріндегі еңбек заңдылықтарының орындалуын тексеріп, жүргізген мориторинг қорытындысында  жетістіктерден бөлек кәсіподақтың жарғылық міндеттерін жүзеге асыру жұмысында орын алған кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін жасырмай  алға тартты. Олардың қатарында, әлеуметтік әріптестік келісімнің міндеттерін орындау бүгінгі таңда негізгі мәселе бола тұра, жекелеген білім мекемелері басшыларының құқықтық сауаттылығының төмендігінен, оны орындауда кедергілердің орын алуы, сала қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеу жүйесі, педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеру, аттестациялау, жұмысшыларды қауіпсіз әрі оңтайлы еңбек жағдайларымен қамту жұмыстары, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігін сақтау жөніндегі қоғамдық инспекторлардың жұмысы сынды өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Баяндама аяқталған соң конференция қатысушылары тексеру комиссиясының жетекшісі Ж.Мәдімаровтың есебін тыңдады. Содан кейін аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы З.Дүзенова, Н.Гоголь орта мектебінің директоры Н.Төлтаев, Ш.Уәлиханов орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Тайшыбековтер жарыссөзге шығып, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, 2009-2014 жылдар аралығында білім қызметкерлерінің кәсіподағы Байзақ аудандық комитеті филиалының атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Сондай-ақ конференция барысында Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы аппаратының басшысы Ерлан Сәбенұлы кәсіподақтар ұйымының негізгі міндеттерімен таныстырып, бүгінгі кәсіподақ азаматтық қоғамның маңызды бөлшегіне айналғанын атап өтті.
Конференция күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша оған қатысушы делегаттар, атап айтқанда, білім қызметкерлерінің кәсіподағы Байзақ аудандық комитеті филиалының төрағасын және тексеру комиссиясын ашық түрде сайлап, комитет мүшелерінің құрамын бірауыздан бекітті. Конференция делегаттары бірауыздан білім қызметкерлерінің кәсіподағы Байзақ аудандық комитеті филиалының төрағалығына Қалабаев Мұқажан Омарбекұлын қайта сайлады.  Өз кезегінде, төраға болып сайланған М. Қалабаев жүктелген міндеттерді атқаруға  барлық күш-жігерін жұмсайтындығына, делегаттардың, облыстық кәсіподақтар кеңесі өкілдерінің артқан сенімдерін орындауға уәде етті.
Сонымен қатар, конференция делегаттары Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы кеңесіне жолданатын өкілдер мен Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ІХ есеп беру-сайлау конференциясына делегаттарды сайлады.
Білім қызметкерлері кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінің III-ші есеп беру-сайлау конференциясының соңында оған қатысушылар қаулы қабылдаған соң марапаттау рәсімі өткізіліп, бір топ сала қызметкерлері республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі кәсіподақтардың Құрмет грамотасы, Грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталып, сый-сияпаттар табыс етілді. Білім қызметкерлерінің кәсіподағы Байзақ аудандық комитеті филиалының төрағасы Мұқажан Омарбекұлы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісімен марапатталды. Ендігі үміт - сенімді ақтау, кәсіподақ ұйымының жұмысын жақсартуға бірігіп күш салу.

 

Обновлено 02.04.2014 12:02
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін59
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада11311
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27941
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279610

Серіктестер