Онлайн газет



ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТКЕН ҰЛЫ ТОЙ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз кемінде бес мың жылдық тарихы бар, шығыс халықтарының ұлттық мерекесі. Демек, мерекелердің төресі. Күн мен түн теңесіп, «Жаңа күн» жарқырап шығып, Табиғат-ана исініп, Жер-ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі жанды нәрселердің бойына қан жүгіріп, ағаштар бүршік жаруға бейімделіп, тіріле бастағанда аталып өтетін бұл мерекені

қай жағынан алып қарасаң да ұлық деуге әбден болады.

Наурыз шуағына оранып, жаздай жадыраған киелі Байзақ өңірінде де жыл басы атанған, шығыс елдерінің үлкен мейрамы – Наурыз тойы аптаның жұмасы күні дүркіреп өтті. Ия, дүркіреп өтті деп, жай айта салуға болмас. Биылғы жылғы мерекенің сән-салтанаты мен оны өткізудің барысынан ұйымшылдықтың лебі байқалып тұрды.
Сарыкемер ауылындағы орталық Байзақ батыр көшесінің бойына орнатылған үлкен сахнаның маңына жиналған аудан жұртының алаулаған жүзінен шалқар шаттықтың шырайын айқын аңғарасың.Мұнда жыл ішіндегі он екі айдың құрметіне қаз-қатар 12 ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекелік сахна қойылған болатын. Мерекені атап өтуге қатысқан жұртшылыққа осы киіз үйлер мен сыртқа жайылған дастархандардан ұлттық асымыз «наурыз көже» ішіп, наурыз мерекесіне ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны көріп, тамашалауға жағдай жасалды.
Наурыз тойына байланыстыра орнатылған сахнаның маңына өнерсүйер қауымның шоғырланғаны соншалық, тіпті ине шаншар орын қалмады. Сахнада ән айтып, би-билеген аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің майталман әншілері мен «Шолпан» халық ән-би ансамблі және аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы, К.Әзірбаев атындағы саз мектебі, Қазақстанның 40-жылдығы мен Н.Киікбаев атындағы орта мектептердің балауса өнерпаздары, ұлттық мәдени орталықтардың бишілері өнерге шөліркеген жұрттың сусынын қандырды десек, асыра айтқандығымыз болмас. Әрине, бұл іс-шараларды ұйымдастыруда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұжымы аз тер төкпегені белгілі. Өзіндік салтанатымен жарасқан, көпке қуанышты сәт сыйлаған мерекеде білім ордаларының ұжымдары да шет қалмады. Көрермен қауымға аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары,  Сарыкемер орта мектебі мен Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының ұжымдары әдеби – сазды композициялық қойылымдарын ұсынды.  
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі М.Шүкеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Шәметов, мәслихат  хатшысы Н.Үкібаев жақсылық пен жарастықтан, еңбек пен қанағаттан, мейірбандылық пен парасаттан бастау алар – Наурыз мейрамының құтты болуын, өңір тұрғындарын ізгілік пен игілікке жетелеген осынау мерейлі мереке күні қуаныш пен шаттық, дендеріне саулық, отбастарына амандық, берекелі бірлік пен баянды бақыт тілеген құттықтауларын арнады.
Наурыз тойының наурыз көжесіз сәні де келмейтіні анық. Бұл ретте аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі мен №8 Ж.Үшкемпіров атындағы және №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің ұжымы дайындаған дәмді көже талайды тамсандырса, орыс, түрік, кәріс, неміс ұлттық мәдени орталықтары өз ұлттарының тағамдарын дайындап, концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Сонымен қатар, көпшілік спорттық ойындар арқан тарту, қол күресі, кір тасын көтеруден жарыстар ұйымдастырылып, наурыз мерекесіне қатысқан үздік мекемелер тіккен киіз үйлер марапатталды. Оларды аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов марапаттады. Атап айтқанда, аудандық орыс, неміс, түрік, кәріс мәдени орталықтары  бастаған бірқатар мекемелер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ «Ұлттық нақышта тігілген киіз үй» аталымы бойынша жүлделі үшінші орын құрамында аудандық электр тарату мекемесі, телекоммуникациялар торабы, пошта мекемесі, аудан әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі бар ұжымға бұйырып, кілем табысталды. Ал, жүлделі екінші орын «Үздік салт-дәстүр көрінісі үшін» аталымы бойынша құда түсу рәсімін көрсеткен аудан әкімдігінің білім бөлімі бастаған «Астана» және «Балапан» балабақшалары мен балалар көркем сурет мектебінің еншісіне тиіп, оларға ұйымдастырушылар тағайындаған теледидар табыс етілді. Ал, өзіндік ерекшелігімен өзгелерден өзгешелене білген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Байзақ газ учаскесі, туберкулезге қарсы ауруханасы, санэпедимиологиялық басқармасы мен сараптама бөлімінің ұжымдары бірлесе тіккен киіз үй «Заманауи үлгіде тігілген киіз үй» аталымы бойынша бірінші орынға лайық деп табылып, музыкалық орталықты қанжығаларына байлады. 
Биылғы көктем мерекесі аудан аумағындағы ауылдық округтерде де кеңінен аталып өтіліп, өз жалғасын тауып жатты.

 

Обновлено 27.03.2014 10:51
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін774
mod_vvisit_counterКеше1558
mod_vvisit_counterОсы аптада6425
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда2332
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2254001

Серіктестер