Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады. Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол
2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады. Біздің ауданымызда қазіргі таңда алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Мысалы, Байзақ ауданының тумасы «Б» деген тұлға аудан тұрғындарының малдарын қарызға деп алдап алып, алаяқтық жолмен 17 азаматтың малдарын жымқырған.Бұл дерек Байзақ АПБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіміне ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігі 1,4-тармақтарымен тіркеліп, тергеу нәтижесімен қылмыстық іс Байзақ аудандық сотына жолданған. Байзақ аудандық сотының 12. 09. 2023 жылғы үкімімен сотталушы ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігі 1,4-тармақтарымен кінәлі деп танылып, біреуі 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Осыған орай, аудан прокуратурасы азаматтарды алаяқтардан абай болып, әрбір күмән келтіретін деректер бойынша полиция көмегіне, яғни “102” нөміріне хабарласу қажеттілігін ескертеді.
Байзақ ауданының прокуратурасы. |