|
Д.Тасыбаев, Байзақ аудандық сотының төрағасы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев әр жылғы Жолдауларында сот саласының дамуын, құқықтық тетіктерді жетілдіру, құқықтық мемлекет құру мәселесін ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Мысалы 2012 жылы жарияланған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының
басты бағыты» деп аталатын Жолдауында Елбасы сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту мәселесіне жеке тарау арнап, судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет, судьялар қатарына тек білікті, жан-жақты өмір тәжірибесі бар адамдарды іріктеу қажет екендігін көрсеткен. Елбасының Жолдауынан кейін судьялыққа кандидаттарға қойылатын талап өсті. Ақ пен қараны ажырататын қазыларды іріктеу ашық түрде өтетін болды. 2013 жылы ел назарына ұсынылған «Қазақстан-2050 Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деген тақырыппен жарияланған Жолдауында да сот жұмысын жоғарғы деңгейге көтеру, жетілдіру үшін дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытудың қажеттілігі атап көрсетілді. Соның негізінде сот жүйесінде тиімді жұмыстар атқарылып, медиация институтының кең қолданылуы үшін жан-жақты шаралар қолға алынды. Ал, биылғы жылдың басында Қазақстан халқына ұсынылған «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Мемлекет басшысы болашақты жарқын етер барлық бастамаларды жұмырлап, «Мәңгілік Ел» идеясын топтастырып ұсынды. Иә, әлемнің дамыған озық отыз елінің қатарына қосылуға ниетті Қазақстанның «Мәңгілік елге» айналуы үшін не керек? Және алдында осындай үлкен мақсат қойған елдегі әділет айнасы, сот құрылымының қандай болғаны орынды? Кез-келген судья өз елінің атына кір келтірмей, ақ пен қараны әділ ажыратып, сот құрылымының беделін биіктету жолында қызмет етері хақ. Былтырғы жылы, қараша айында өткен республика судьяларының VІ съезінде де Елбасы Жоғарғы Соттың беделімен елдің, мемлекеттің беделі өлшенетінін ашық айтты. Биылғы Жолдауда Н.Назарбаев: «Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғарғы кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс» - деп қадап айтты. Бұл біздің үнемі еңсеретін межеміз, бағыт-бағдарымыз болмақ. Бұл межеге жетуге сот корпусының мүмкіншілігі, ынтасы мен ықыласы жеткілікті деп есептеймін. |