Онлайн газет



Еңбегімен ел құрметіне бөленген

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Әңгімемізді Қазақстанды әлемге танытқан халқымыздың біртуар ұлы тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлының “Еңбек еткен ұлт қана табысқа кенеледі” деген даналық сөзімен бастайық. Еңбек – игілік. Бәрі де сол арқылы келеді. Жер бетінде өмір сүретін тірі

 

жәндік біткен ризығын еңбекпен табады.
«Мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруіне Қазақстанда ешқандай кедергі болмауы тиіс. Олар тек жәрдемақы алушы емес, еліміздің дамуына үлес қосатын еңбеккерлерге айналуы керек». Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында осылай деген болатын. Сондай-ақ  «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы аясында мүгедектерге қатысты жақсы мәселелер көтерді. Елбасы көтерген проблемалардың ішінде әсіресе, мүгедектерді жұмыспен қамтуға қатты көңіл бөлу керектігін қадап айтты. Осы орайда, оларды жұмысқа орналастырудың түрлі тетіктерін (механизмдерін) жасақтауды тиісті орындарға қатаң тапсырды.Мәселен, еліміздегі 609,8 мың мүгедектердің 80 пайызы жұмысқа жарамды болып есептелсе, бүгінгі күнге солардың 90 пайызы жұмыссыз жүр.
Мемлекетімізде қазір еңбек еткісі келгендерге барлық жағдай жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса да жұмыс істегісі келмейтіндерді де байқаймыз. Еліміз “Жарайды, онда өз бизнесіңді аш” деп мұндайларды оқытып, қаржылай қолдау көрсетсе, кейбіреулер оған да беттемейді. Жұмыссыз жүргендерге әлеуметтік жәрдемақы төленгенін ғана қалайды. Масыл болуға ұялмайды. Соған қарап отырып, мүгедек болса да қолынан келетін істі атқарып, қоғамға пайдасын тигізгісі келіп, алға  ұмтылатындарға сүйсінесің.
«Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал құралмас». Бұл - сарыкемерлік Теберіков Мұрат Пітәнұлының өмірлік ұстанымы. 29 жасында бір аяғынан айырылып, үшінші топ мүгедегі атанған ол осы берік ұстанымының нәтижесінде қоғамның өзге мүшелерімен тең өмір сүріп келеді. Мойынқұм ауданы, Мойынқұм (Фурмановка) ауылында 1963 жылы дүниеге келген Мұрат ағамыз орта мектепте білім алып, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Содан кейін «ПМК-45» автокөлік жүргізуші болып еңбек етсе, бертін келе мал бағады. 1992 жылы мал бағып жүріп, аттан құлаған Мұраттың дәрігерлер өмірін сақтап қалу үшін бір аяғын кесуге мәжбүр болады. Қанша қиналса да, тағдырына налымаған ол қиындыққа мойынсұнып, егіліп артқа шегінген жоқ. Өмірге келгеннен кейін өмір сүріп, осы жерге, елге қызмет ету парызым деп санады. Сонымен жұбайы Алма екеуі ақылдаса келе, 2000 жылы Сарыкемерге  отбасымен қоныс аударды. Мұнда көшіп келген соң Алма аудандық ауруханаға жұмысқа орналасты. Екеуі Баян және Мақпал есімді екі қыз өсіріп, тәрбиеледі. Екі қызы да жоғарғы оқу орнын бітіріп, тұрмысқа шықты. 
Мұрат Пітәнұлы тағдырдың теперішіне мойыған жоқ, қайта керісінше еңбексүйгіш ағамыз өз кәсібін ашып, аз ғана уақыттың ішінде ешкімге алақан жаймайтын жағдайға жетті.
Мұрат ағамыздың тірлігі көпшілікке үлгі. Он екі мүшем сау емес, мемлекет асырайды деп үйде шіреніп жатқан жоқ. Жастайынан еңбекке бір табан жақын ағамыз кәсібінің нәсібін көріп отыр. Есік алдынан автокөлік жөндеу шеберханасын ашты. Осы шеберханадан Рауан, Нұрлан есімді шәкірттер техниканың тілін түсініп, қыр-сырын жетік меңгеріп, бүгінгі таңда өз алдына шеберхана ашып алғаны бар.
Қарап отырсаң, Мұрат Теберіковте бос уақыт жоқ секілді. Бірақ, өнегелі отбасының иесі жарына, бала-шағасына да көңіл бөлуге үлгереді. Бір мезет солармен шүйіркелесіп, өз ақыл-кеңесін айтып отырады. Ал, жұбайы Алма мүгедек болса да сағы сынбаған отағасына әрқашанда қолдау көрсетеді.
Адам қайда да еңбегімен қадірлі. Исламда бір Аллаға ғана сыйынып бел шешіп кіріссең, бітпейтін шаруа қалмайтынын айтады. Маған анау көмектеседі немесе мынау қашан қолын созып демейді деп отырып алсаң, бәрінен қағыласың. Елбасымыз кешегі “Қазақстанның әлеуметтік  жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты еңбегін: “Шындықты мойындайық: болашақта- ХХІ ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады” деген сөздермен аяқтапты. Өмір шындығы да осы.

 

Обновлено 05.03.2014 16:34
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2938
mod_vvisit_counterКеше2732
mod_vvisit_counterОсы аптада11260
mod_vvisit_counterӨткен аптада48593
mod_vvisit_counterОсы айда74738
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4120548

Серіктестер