|
В.Тасбауова, штаттан тыс тілші.
Бүгінде еліміз қарышты қарқынмен ілгері дамып келеді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда түрлі салаларда көптеген инновациялық жобалардың іске асырылуының нәтижесінде экономикамыз дамып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты
жұмыссыздар саны кеміп, іргелі істер қолға алынып, ел қуаты арта түсуде. Бір сөзбен айтқанда, жаңа тұрпатқа ие болып жатқан Қазақстан аймағы күн өткен сайын жаңарып, жасарып, түлеп келеді. Елбасымыздың көрегендігінің арқасында саясат аренасындағы Қазақстанның беделі, дүниежүзі мемлекеттерін мойындатып отыр. 2013 жылы Байзақ ауданының құрылымдық жүйесінде біршама өзгерістер болып өткені белгілі. Атап айтар болсақ, аудан орталығы болып саналатын Сарыкемер ауылының тұрғындар саны сырттан көшіп келген ағайындардың есебінен күн санап арта түсуде. Мұның өзі өз кезегінде халыққа қызмет көрсету мәселесін қиындатып жіберді.Әрине, отыз мыңнан асып жығылатын бір ғана аудан орталығының халқы кейбір аудандардың жалпы халқының санымен барабар екендігі көп жайтты аңғартса керек. Сөз жоқ, мұндай жағдайда халыққа қызмет көрсету сапасы туралы әңгіме қозғап жатудың өзі артық. Міне, осыған байланысты 2013 жылы сәуірдің 29-ы күнгі №95 облыс әкімдігінің Қаулысымен және сол жылғы мамыр айының 4-і күнгі №12-3 облыстық мәслихаттың Шешімімен Байзақ ауданының Сарыкемер ауылдық округінің құрамынан, 3021 гектар жер телімімен қоса, Қосақ, Базарбай елдімекендері және Сарыкемер ауылын көлденең, қақ бөліп жатқан Мәмбет батыр көшесінің солтүстік етегіндегі бөлігі есебінен жаңа Бәйтерек ауылдық округі құрылды. Ал, 2013 жылғы тамыз айының 9-ы күні өткен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы нәтижесінде Қилыбаев Мұхтар Исақұлы осы аталмыш округ әкімі болып сайланды. «Жас келсе–іске» демекші, бұған дейін ауданымыздағы Ботамойнақ, Жалғызтөбе ауылдық округтерінің әкімі қызметтерін атқарып, басшылық істерде ысылған жас жігіт Мұхтар Исақұлы, бүгінде жаңа құрылған округтің жұмысын да ұршықша иіріп, соны істерімен көрінуде. Сөйтіп, округтегі 15350 тұрғынның әлеуметтік және мәдени тұрмысымен жақыннан танысу мақсатында, округке қарасты Қосақ, Базарбай, Бәйтерек ауылдарының тұрғындарымен бірнеше кездесулер өткізіп, алдағы уақыттардың жоспарларын жасап та үлгерді. Аталмыш ауылдық округ құрылғаннан кейін іле-шала округ ардагерлері кеңесі ұйымдастырылып, оның төрағасы, 11 адамнан тұратын кеңес мүшелері және 12 адамнан құралған тұрақты комиссиялар құрамы бекітілді. Бүгінде елімізде ашық қоғам құрылып жатқандығы белгілі. Соған орай, Бәйтерек ауылдық округінде де әр істің жариялылық жағдайында атқарылуына көп көңіл бөлінуде. Аталмыш округ тұрғындарымен болған кездесулер барысында үш ауылда да көше комитеттері сайланып, олардың төрағалары бекітілді. Атап айтар болсақ, бір ғана Бәйтерек ауылы 10 шағын аудандарға бөлініп, олардың да басшылары сайланды. Алдағы уақытта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші , жаңа ауылдық округ тұрғындары қоғамдық істерде ұйымшылдықтың үлгісін көрсетпекке бел буып отыр. Мысалға, алдағы көктем айларына жоспарлап отырған «Таза ауыл», «Үлгілі үй», «Үлгілі көше» сияқты әлеуметтік маңызы зор шараларды (байқаулар) жүзеге асырып, ауылды абаттандырып, көркейту арқылы оның мәдениетін көтеріп, тұрғындардың белсенділігін арттыру көзделуде. Міне, осы тұрғыдан алғанда жаңа құрылған округтегі жаңа бастамалар жаңаша бетбұрыс жасап, халықты жарқын болашаққа бастай береді деген үміт басым. |