Онлайн газет



ҚАУІПТІ АЙМАҚТА - ҚАТЕР КӨП

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Бақыт Қазанбасов аудандағы ауылдарда алдын ала жасалған кесте бойынша халықпен кездесуде.
Бұл жолы аудан басшысы аудан орталығы Сарыкемер ауылында халықты бір жерге жинамай, ауыл әкімі Сәуле Тлеуқұлова, орынбасары Дулат Жақыпбековтермен бірге ауыл көшелерін жаяу жүріп аралады. Әрбір көшедегі өзекті деген мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, тиісті азаматтарға нақты тапсырмалар берді.
Мәселен, ауылдың күн шығыс жағындағы астынан газ трубалары өткен қауіпті аймаққа 27 үй кіріп кеткен. Мәселен, Мәмбет батыр көшесі, №5 бұрылыстағы 11 үй бұрнағы жылдары салынған. Үй құжаттары жасалынған.
- Осы аймақтағы 27 үй қауіпті аймақта тұр. Біз өз тарапымыздан бұл үйлердің иелеріне ескерту жасап келеміз.  АО «Интергаз Центральная Азия» мекемесі тарапынан да ескертулер жасалуда. Ал осы төңіректегі жаңадан салынып жатқан 4 үйдің  құрылысын тоқтатып отырмыз. Оларға басқа төңіректен жер тауып беруді ойластырудамыз. Алайда оған көнбей сотқа беріп жатқандарда бар. Сондай-ақ ауыл ортасында қалып бара жатқан орыс ағайындардың бейіті де алаңдатады. Бұл бейітті жекелеген азаматтардың көмегімен қоршау жағын ойластырып жатырмыз. Жоғарыда аталған көшенің екінші бетін тегістеп асфальттамақпыз,- деді ауыл әкімі Сәуле Тлеуқұлова.


- Біз осы жерден жер алып, үй соғып бастағанымызда газ мекемесінен мамандар келіп бастаған жұмысымызды бұздырған. Кейін солардың айтуымен үйді басқа жерден соқтық. Сонда да әлі күнге дейін бұл қауіпті аймақ деп бізге ескертуде. Үйлеріміз енді бұзылмаса екен. Мұны қалай заңдастыруға болады?- деді Мәмбет батыр көшесі, №22 үйдің тұрғыны Ағилаш Мұсағалиева.
-Ауыл әкімшілігі мен АО «Интергаз Центральная Азия» мекемесінің бұл жерді қауіпті аймақ ретінде ескертіп жатқаны орынды. Оны сіздер дұрыс түсініңіздер. Кезінде бұл қателікке жол берілген. Мұның барлығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді ойлағандық деп түсінген жөн. Ал бұл жерді қалай берді, кім берді, қашан берді ол анықталатын болады. 27 үйдің қауіпті аймаққа еніп кетуі өкінішті. Алайда бұл мәселені зерделеп көреміз. Әзірге үйден қуып, болмаса үйлеріңізді бұзып жатқан ешкім жоқ. Сондықтанда сабыр сақтау керек. Екі жаққа да тиімді етіп, шешімін табатын боламыз,- деді аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы.
Ал, АО «Интергаз Центральная Азия» мекемесінің жетекші заңгер-кеңесшісі Нұрсұлтан Асанов көше тұрғындарына ескерту жиі-жиі жасалып жүргенін айта келіп, енді қауіпті аймақтан үй-жай, басқа да құрылыс салуға жер берілмеуін сұранды.
Аталған Мәмбет батыр көшесіне «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында бетон бағаналар орнатылып, электр тоғы тартылған. Көшенің 11 тұрғын үй соғылған бетіне асфальт жол салынған.
Тура осындай жағдай Қапал Байбосынов атындағы көшеден де кездесті. Бұл көшенің ең шетіндегі 3 үйде қауіпті аймаққа кіріп кеткен. Оның біреуі үй құжатын заңдастырса, екеуі әлі күнге құжаттарын заңдастыра алмай отыр екен.
- Бізге үйіміздің тұрған жерін қауіпті аймақ деп қайта – қайта ескертіп жатыр. Мен өз үйімнің құжаттарын заңдастырдым. Алайда ескерту келген сайын бойымызды қорқыныш, үрей билейді. Тағы бір айтарым, біз ауылдың шетінде тұрған соң, балалардың мектепке қатынауы қиын. Жауын жауса көшемен жүру мүмкін болмай қалады. Сондықтанда көшемізді асфальттап берсеңіздер дұрыс болар еді,- деді көше тұрғыны Қаламқас Халилаева.
Көше тұрғынының тілегін мұқият тыңдаған Б.Қазанбасов үй мәселесі мұқият зерделенетінін айтып, көшеге 2-3 айдың көлемінде асфальт төселетінін жеткізді.
Көшелерді аралау барысында Ақбұлым, Бостандық, Жиделі, Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин, И.Кравцов көшелері де жөндеуді қажет ететініне көз жетті. Аталған көшелердің кейбірі тегіс те емес, шағал тас төселмегені де бар екен. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, аталған көшелер биылғы жылы жөнделіп,  асфальтталатын болады.
Аудан әкімі Б.Қазанбасов аудандық аурухана аймағындағы екі қабатты үйлердің маңайын тазалау, көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстарын жүргізуді де тиісті азаматтарға табыстады.  
«Апат айтып келмейді» демекші, қауіпті аймаққа еніп кеткен 27 үй тұрғындарының жағдайы кімді болса да ойлантуы тиіс. Ал олардың ішінде құрылысы жүріп жатқан 4 үй тұрғынымен құрылысты басқа жерге ауыстыру туралы келісім жасалып жатқаны орынды болғанымен қалған үйлердің жағдайы не болады? Ертеңгі күні өкініп қалмау жағын бүгін ойластыруымыз керек. Мұндай жағдайға бей-жай қарамаған жөн. Қауіпті аймақта-қатер көп екенін естен шығармайық.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 26.05.2023 09:36
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1414
mod_vvisit_counterКеше1699
mod_vvisit_counterОсы аптада6414
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда36017
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2243403

Серіктестер