Онлайн газет



ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Биылғы жылдың мамыр айында Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында біздің еліміздің командасы 4 алтын 1 күміс медальға ие болғанын жақсы білеміз. Солардың бірі-барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан Қазақстан Ұлттық құрама командасының капитаны, біздің жерлесіміз, байзақтық Асланбек Шымбергенов 71 келі салмақта алтыннан алқа таққан еді.
Кеше аудан орталығындағы орталық алаңда әлем чемпионы А.Шымбергеновпен аудан халқы, спорт сүйер қауым,  жастар кездесті. Ол сахнаға көтерілген сәтте ақ жаулықты аналар жағалай шашу шашты.
Чемпионмен өткен кездесуде алғашқы болып сөз алған Ботамойнақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер спортшы, Асланбектің ауылдасы Асқар Бекбауов Асланбектің өмір жолы туралы толық мағлұмат берді. Ол өз ауылдастары атынан Ташкентке барып, Асланбекке жанкүйер болғанын атап өтті. Барлық кездесулердің де оңай болмағаны, әсіресе жартылай финалдағы жеңіске көп тер төккенін ерекше атап өтті. Намысты қолдан бермеген жерлесіміздің жігерлігіне ризашылығын білдірді.


-Асланбекті әлемдік бәсекеде топ жарып, көк туымызды биікке көтерген жеңісімен құттықтаймын! Оның бұл жеңісі біздің аудан ғана емес, облыс, тіпті еліміздің абыройы болды. Біз осындай азаматтарымызбен мақтанамыз. Асланбек бұған дейін әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы атанса, енді әлем чемпионы болып, өзінің әлемдегі ең мықты боксшы екендігін дәлелдеді.
1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында тағы бір жерлесіміз Болат Жұмаділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті қайталап отыр. Ал бұл біздің аудан үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе. Біз Асланбекке алдағы уақытта да жеңісті жолды жалғастыра отырып, Париж Олимпиадасында топ жаруына тілектеспіз,-деген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Жамбыл боксының даңқын төрткүл дүниеге паш еткен жерлесіміз Асланбектің астына ат мінгізіп, үстіне шапан жапты, арнайы грамота, сыйлық тапсырды.
Айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев Асланбекке арнау айтты, оның жеңістерін жырға қосты. Ал аудан жастары атынан сөз алған Темірлан Қапышевте өзінің игі тілегін білдірсе, ауданымыздың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Амангелді Әлімбаев батыр бауырымызға ақ батасын берді.
А.Шымбергенов болса өзіне осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына, жерлестеріне, сондай-ақ өзіне сол жарыс өтіп жатқан кезде тілеулес болған барша жанкүйерлеріне алғысын айтты.
Бұған дейін жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров күрестен Олимпиада чемпионы атанса, Болат Жұмаділов бокстан әлем чемпионы болғанын жақсы білеміз. Ендеше батырлар мен ақындар  көптеп шыққан ауданымыздан келесі жылы Асланбектің де Олимпиада шыңына шығып, өзінің бокс әлемінде дара талантымен талайларды таңқалдыратынына бізде сенімдіміз.
Кездесу соңында Асланбек аудан тұрғындары, олардың ішінде кимешек киген апалар, спорт сүйер жастармен суретке түсіп, бокс қолғаптарына қолтаңба қалдырып жатты...

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 23.05.2023 15:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1337
mod_vvisit_counterКеше1669
mod_vvisit_counterОсы аптада8006
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда37609
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2244995

Серіктестер