Онлайн газет



МУЗЕЙ – ХАЛЫҚ МҰРАСЫНЫҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

Музей ісі – қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланысты ерекше сала. Ол - ғылымның, мәдениеттің, білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін ғылыми рухани мекеме.
Музейдің негізгі жұмысы- тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи оқиғаларды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани, адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу. Адамзат баласының қазіргі таңда тарихи қызығушылығы артқан сайын музей ісіне де үлкен міндет жүктеліп отыр.
«Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Байзақ ауданы әкімінің 2010 жылғы маусым айының 14-і күнгі №377 Қаулысы бойынша құрылып, бүгінгі күнде өз деңгейінде халыққа қызмет етіп келеді.
Аудандық музей бес экспозициялық залдан тұрады. Мұнда ауданымыздың тарихын айқындайтын үш мыңнан астам тарихи жәдігерлер жинақталған.
Ашылғанына небәрі он үш жыл болған музейіміз мәдени-тарихи құндылықтарды жинақтап, сақтап, насихаттап қана қоймай, жалпы адамзатқа тән үздік құндылықтар мен дәстүрді таныстыруда алдыңғы қатардан көрінуде. Музейдің материалдық-техникалық жағдайы жыл өткен сайын жақсарып, залдарымыз заманға сай безендіріліп, ғылыми технологияның соңғы жаңалықтары жәдігерлерге QR-код енгізу, LED-экранмен жұмыс, аудиогид қызметтері тұрғындардың ерекше қызығушылықтарын арттыруда. Осының есебінен жылдан-жылға музей ісіне халықтың ризашылығы орасан зор, әрі келушілер саны ұлғаюда. Реті келгенде айта кеткен жөн болар, тарихи таным орталығы – мұражайдың жаңарып, жақсаруына аудан басшылығы, әкімшілік тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп тұрады. Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың Қарасу ауылындағы туып-өскен үйі музей ретінде беріліп, оның айналасы абаттандырылды.
Аудандағы музей ісінің өсіп-өркендеуі жолында ашылған жылдардан бастап жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман, бас бухгалтер Төле Наржановтан бастап, жас мамандар атап айтқанда, ғылыми қызметкер Айнагүл Мамытбекова, қор сақтаушы Айдана Шотбасова, экскурсовод Жамал Абдрахманова, суретші-декоратор Мұхтар Манекеевтер көп ізденіп, зерттеп, жан-жақты оқып абыроймен қызмет атқаруда. Мамандар шығармашылық ғылыми тәжірибе алмасу мақсатында Астана, Алматы қалаларындағы орталық музейлермен және облыс аумағында орналасқан аудандық тарихи-өлкетану музейлерге арнайы іс-сапармен барып тұрады.
Жыл сайын 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесі музейімізде кеңінен аталып өтіледі. Бұл мереке тек мұражайтанушылардың ғана емес, сонымен бірге, өз елінің өткені мен тарихын білгісі келетін әрбір адамға да қатысты. Бұл күні мұражай барлық қонаққа есігін айқара ашып, «Ашық есік күні» акциясы аясында көрме залдары мен жәдігерлерін мақтанышпен көрсетеді.
Сөз соңында музейімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Музейге сый» акциясы жайында айтып өткенді жөн көріп отырмын. Акция негізінде тұрғындар өздері келіп, жәдігерлерін сыйға беріп жатады. Акцияға қолдау көрсеткен азаматтарға, атап айтқанда, Аят Әбілдаев, Гүлназ Әлімқұлова, Асылхан Алдабергенов, Дәулет Асамбеков, Досан Тәттіқұлов сынды музей жанашырларына шынайы алғысымызды білдіреміз.  Барша аудан тұрғындарын осы азаматтар секілді үйде жатқан, кезінде қолданыста болған көне бұйымдарды құр шаң басқызып қоймай, бізге әкеліп, ел-жұрттың, кейінгі жастардың көруіне ықпал етуге шақырамыз.

Өсер НҰРБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

Обновлено 19.05.2023 10:38
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін355
mod_vvisit_counterКеше1698
mod_vvisit_counterОсы аптада9331
mod_vvisit_counterӨткен аптада6251
mod_vvisit_counterОсы айда27410
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2234796

Серіктестер