|
Ш.Әбдірәсілов, аудан әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі.
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыруды және іске асыруды
жүктеп отыр. 1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес Қазақстанның жедел дамуының маңызды факторы, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдылығы және ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің міндетті шарты болып табылады. «Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп – қатерлерінің бірі болып табылады. Сондықтанда оны болдырмау, алдын-алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Алайда жемқорлықпен күрес барысы күн сайын қарқын алып келеді дегенімізбен, жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Осындай келеңсіз құбылыстармен іркіліссіз күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау, прокуратура, қаржы полициясы немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардын парызы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық-жай құқық бұзушылық емес, ол мемлекеттің өркендеуіне деген сенімді сетінетеді, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер болып саналады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекетімізде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қазаргі таңда жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша білім бөлімінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №308 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны» басшылыққа алып жұмыстар жүргізілуде. Білім мекеемелерінде құқық қорғау, әділет, сот органдары өкілдерінің қатысуымен лекциялар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Білім беру ұйымдарында сенім телефондары қызмет жасайды. Оның жұмыс істеуі үнемі бақылауда ұсталады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат беттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақалалар, жарияланымдар беріліп отырады. Қорыта келе, жемқорлық мемлекетіміз үшін аса қауіпті дерт екендігін және осы дертпен күресу және оның алдын-алу тек мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, әрбір ел азаматының қасиетті парызы екендігін ұмытпауымыз қажет.
|