|
Н.Бейсенов, ардагер ұстаз.
Елбасының ел халқына арнаған «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Н.Ә.Назарбаев «…Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын
көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз-мәңгілік елімізбен бірге, мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн»-деді. Солай демекші, бүгінде елімізде мемлекеттік тілді меңгергендердің саны жыл санап артып келеді. Өзімізді айтпағанның өзінде, өзге ұлттың өкілдері Абай тілін ардақ тұтып, құрметтеуде. Жуырда Түймекент ауылындағы мәдениет үйінде «Тіл тұғыры-ұлт ғұмыры» атты тіл сағаты өтті. Онда сөз сөйлеген ауыл кітапханашысы М.Дүйшекова «Ана тілім ардағым» тақырыбында баяндама жасап, тіл - байланыс құралы ғана емес, ата-баба мұрасы екендігін, соның ішінде қазақ тілі –бай әрі көркем тіл екендігін ауызға алып, оны қадір тұту әрбір қазақстандық азаматтың міндеті саналатындығын баса айтты. Мұнан кейін Түймекент орта мектебінің оқушысы Н.Әбдіғаппаров «Жаса, Қазақстан!», Ж.Байтұрсынов «Жаса, қазақ тілім!», Н.Оразбаев «Өз елім» әндерін әуелете шырқаса, 6-7 сынып оқушылары тіл туралы өлең-тақпақтарды нақышына келтіре оқып, ана тіліміздің асыл қасиеттерін паш етті. Ал, 6-11 сынып оқушыларынан құралған топ «Қос алқа» күйін күмбірлетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. |