Онлайн газет



ЕЛ ТАРИХЫМЕН САБАҚТАС-15 ЖЫЛ

Г.Дүйсенбекова,
«Газ тарату» БПҰ төрайымы, Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясының технология пәні мұғалімі.

Қазақстан Республикасында ең ірі саяси көшбасшы ұйымға айналып отырған «Нұр Отан» партиясына 15 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде «Нұр Отан» партиясы елдің қазіргі қоғамдық саяси жүйесінде басымдық рөлге ие болып, демократиялық құндылықтарды уағыздаушы және Қазақстан халқының мүддесін қорғаушы жалпыұлттық партияға айналып отыр. Тәуелсіз еліміздің дамуы мен қуатты мемлекетке айналуы жолында жетекші  “Нұр Отан”  партиясының атқарған еңбегі ұшан-теңіз.
Тәуелсіздік алғанына бар болғаны 22 жыл толған елімізде әлем жұрты таңқалып бас иген әсем де, ару қаламыз Астананың бой көтеруі, ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықтың алтын күрмеуі - Ислам конференциясының өтуі, Еуропаның ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, қысқы Азиада ойындарының Алматы қаласында өтуі үлкен мәртебелі істердің бір парасы ғана деуге болады.
“Нұр Отан” партиясы өмірге келген он бес жылдың белесінен қарасақ өткен жылдарда көңіл марқайтар қуанышты сәттер аз болған жоқ. Тұманды Альбион төрінде, Бейжінде, Сиднейде, Афинадағы, кешегі Сочидегі өткен олимпиадаларда жасындай жарқыраған спортшыларымыздың жеңісі қазақстандықтардың жүрегіне мақтаныш сезімін сыйласа, “ЭКСПО-2017” көрмесін елімізде өткізуге 100-ден астам мемлекеттің қолдап дауыс беруі даңқымызды аспандатты. Бүгінде Қазақстандағы қол жеткізген жетістіктер “Нұр Отан”  партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі. Ел болашағына арналған “Қазақстан-2050” Стратегиясында Ұлт көшбасшысы әдеттегідей тың идеялары мен озық ойларын ортаға салды. Әрдайым елдіктің кілті бірлікте екенін айтудан жалықпайтын Елбасымыз, айрандай ұйыған еліміздің даму стратегиясын айқындап берді. Бабалар аңсаған “Мәңгілік ел” болу жолында бар қазақтың бір қазақтай жұмылуын қадап айтқан сөздері әр азаматтың жүрегінің төрінен орын алғаны сөзсіз.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XV съезі өткені белгілі. Осы съезде сөз алған Н.Назарбаев: «Бүгінгі басқосудың орны айрықша. Өткен 15 жылдың қорытындысын шығару тұрғысынан және болашақ бағдар тұрғысынан да бөлекше күн. Бұл – еліміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдағаннан бергі партиямыздың алғашқы басқосуы. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа қай жолмен жететінімізді нақтылап, оны жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңгі стратегиясын қалай іске асыруымыз керек, соны ойластырамыз. Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр»-деді.
Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан әйелдерінің құрылтайының өтуіне де осы саяси партия мұрындық болды. Алдағы уақытта әйелдер сьезі әр бес жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Өйткені аналарымыз отбасы берекесін сақтаумен бірге тәуелсіздікті нығайту ісіне де сүбелі үлес қосып келеді. Қазақстандағы 8,7 миллион әйелдің үштен екісінің жоғары немесе арнаулы орта білімі бар. Мәдениеттің шырқау шыңы ең алдымен аналарға, қыз балаларға деген қарым -қатынастан көрініс табады. Ананы аялай білген ел іргелі қоғам, өсіп-өркендеген ұлт ретінде қалыптасатыны сөзсіз. Отбасындағы бала тәрбиесі, ұлт болашағы саналатын жастарымыздың ертеңі де жетекші партияның назарынан тыс қалған емес.
Еліміздегі “100 мектеп, 100 аурухана”, “Балапан” бағдарламалары кең қанат жайып, ел болашағының нұрлы жолына өзінің жарқын ізін қалдырды. Ауылдар мен елдімекендерде мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен фельдшерлік дәрігерлік пункттер, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері, кітапханалар бой көтерді. Салынған құрылыс нысандарының мерзімінде толықтай, сапалы бітуіне партиялық бақылау бекеттерінің айтарлықтай  қадағалауы да өз жемісін берді.
Бүгінгі таңда қоғамның қасіретті дерті саналатын сыбайлас жемқорлықпен күресуде партияның бел шешіп, белсене жұмыс жасауы, мемлекет қаржысын талан-таражға салған жемқорларды ауыздықтауда өз үлесін қосуда.
«Газ тарату» бастауыш партия ұйымының құрамына Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясы, №3 Байзақ колледжі, «Балдырған» балабақшасы және «КазТрансГаз» АҚ-ы Байзақ газ тарату бөлімшелері кіреді. Бүгінде бастауыш ұйымның 276 мүшесі бар. Аудандағы  белсенді бастауыш партия ұйымының бірі болып саналатын аталмыш ұйымның  мүшелері ауданда өткізіліп жатқан игі іс-шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. «Нұр Отан» съезіне қатысып келген делегаттармен кездесу өткіземіз, Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын ұжым арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстарын атқарып отыруды дәстүрге айналдырдық.
Ал, мен 2011 жылдың қыркүйек айында «Нұр Отан» партиясының жоғарғы партия мектебінде білімімді шыңдай түсіп, біліктілікті арттырып, «Индустриялық-инновациялық даму жағдайында партия қызметінің басымдықтары» тақырыбы бойынша арнайы курсты бітіріп, сертификат алдым.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған Жолдауында «Мәңгілік ел» атану жолында «Нұр Отан» партиясына зор жауапкершіліктер жүктелген. Алдағы уақытта да “Нұр Отан” партиясының төңірегінде өз қажыр-қайратымыз бен білімімізді ұштай отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында аянбай қызмет ететін боламыз.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1938
mod_vvisit_counterКеше1953
mod_vvisit_counterОсы аптада1938
mod_vvisit_counterӨткен аптада23281
mod_vvisit_counterОсы айда36221
mod_vvisit_counterӨткен айда110461
mod_vvisit_counterБәрі4196702

Серіктестер