Онлайн газет



Бреслау тозағынан аман қалған солдат

Т.Папиев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Арамызда өмірлері өнегеге толы азаматтар баршылық. Сондай жандардың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері Сауытбек Рыспаевты танымайтын адам кемде-кем шығар.
Бұл кісінің балалық шағы 1932 жылғы ашыршылық,

одан қала берді 1937 жылғы қуғын-сүргін кезіне, ал жігіттік кезеңі 1941 жылғы неміс басқыншыларының Кеңес үкіметіне шабуыл жасаған екінші дүниежүзілік соғысына тура келеді.
Ол 1925 жылы дүниеге келген. Дүрбелеңге толы осынау кезеңдер жас баланың бойына қайраттылық қасиеттерді сіңіргенінен болар, ерте еңбекке араласты, ата-анасына қолғабыс жасады, сөйте жүріп оқуды да оқуға уақыт тапты. Мектептің 4-сыныбын бітіріп, туған ауылы Тегістіктен  Түймекент ауылында 9 жыл білім алып, соғыстың алғашқы жылдарында үлкен-кішімен бірге еңбек даласында қызмет етеді. Бір жылдан кейін, әскер қатарына шақырылған өрімдей жас жігіт қолына қару алып, соғыс майданына аттанады.
- Бағытымыз шығысқа қарай. Айлап, апталап жол жүріп, үстімізден неміс авиациясы бомбалап, әзер дегенде Липецк қаласына жеттік-ау. Сол жерде қалың орманды паналадық. Взвод-взвод болып алғаш рет соғысқа кіргеніміз де әлі күнге көз алдымда. Ржев қаласына да жеттік. Кескілескен ұрысқа бірден кіріп, немістердің бетін қайтардық. Соғыстың аты соғыс қой. Кей кездері окоптан бас көтере алмаймыз. Сәл көтерсең болды жау жағы басыңды жұлып түсіреді. Барлаушылар егжей-тегжейлі біліп, жоспар құрғаннан кейін ғана атакаға шығамыз. 250-300-дей солдаттар уралап алға ұмтылып, жауды талқан етеміз. Содан небәрі 20-30 адам ғана тірі қайтамыз. Келесі күні әскерді қайта толықтырып, қайта жасақтала ұрысқа дайындаламыз. Бір күні Павлик атты командиріміз сендерге жаңалық айтайын ба, ертең Катя келеді дейді. Біз ол не деп ойласақ, атақты “Катюша” екен. Ол жауға қарсы оқты жаңбырша жаудырады, сондықтанда немістер Катюшадан қатты қорқады. Мен Ровно қаласы үшін болған соғыста басымнан жараланып, контузия алдым. Есімді жисам, госпитальде жатыр екенмін. Сонда 15 күндей болып, соғысқа қайта кірдім. Алдымызда не болары тек Құдайға ғана аян. Бізді жауды жеңіп, елге аман-есен оралсақ деген үміт қана алға жетеледі. Содан 1945 жылы Германияның Бреслау қаласына кіргенімізде соғыс аяқталды деп естідік. Сол кезде жауынгерлердің қуанышында шек болмады. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бір-екі күннен кейін бізді қайта топ-топқа бөліп, ойламаған жерден Қиыр шығысқа, Жапон миллитаристерін талқандауға алып кетті. Онда біз Кореяның Юнке, Юшань, Ранан, Хедзио, Пхеньян қалаларын басқыншылардан құтқаруға көмектестік, -дейді С.Рыспаев сол бір зұлмат кезеңдерді еріксіз еске алып.
Иә, оның майдандағы жолы соғыстың ақырына дейін жалғасты. Ржев, Липецк қалаларының маңында болған қырғынды басынан өткізген С.Рыспаев Курск доғасындағы қан майданға қатысқандардың бірі болып тарихқа жазылды. Ержүрек жауынгеріміз осы айқастарда жау әскерін жеңіп шығуға үлкен үлес қосты. Одан кейін Ровно, Львов қалаларын азат ету шайқастарының ішінде болып, 157, 175, 505, 627 және 10-шы механикаландырылған полктың құрамында ерліктің нағыз үлгісін көрсетеді. Одан кейін Қиыр Шығысты басқыншылардан азат етуге атсалысады. Сөйтіп 1942 жылы Отан алдында борышын өтеу үшін Ұлы Отан соғысына аттанған жас солдат туған жерге 1949 жылы, яғни 7 жылдан кейін ғана оралады.
Ұлы Отан соғысының ардагері С.Рыспаев майдандағы ерлігі үшін ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 21 медальмен марапатталды. Бас қолбасшы И.В.Сталиннің алғыс хатына ие болғанынан-ақ жасаған ерліктері аз еместігін аңғаруға болады. 
Сауытбек Рыспаев Украина жерін азат етуге де қатысқан. Бұл ерлігі үшін Украина елінің бұрынғы президенті Л.Кучманың өзі құттықтау хатпен мадақтап, омырауына медаль тағады.
Сұм соғыста етігімен қан кешкен жауынгер аға елге оралып та мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында елеулі еңбек етеді. Алдымен Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының ішкі істер бөліміне қатардағы конвой болып қызметке орналасты. Жұмыс пен білімді ұштастырып, сырттай Қазақ мемлекеттік университетін, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орта мектебін тәмәмдайды. Заңгер мамандығына қол жеткізеді. Білікті маман бірте-бірте көзге түсіп, ауданда төлқұжат беретін мекемеге басшы болып ауысады. Мұнан кейін ішкі істер басқармасында қылмысты іздеу бөлімінде жауапты қызметтер атқарады. Басқарманың арнайы комендатурасының аға тергеушісі, 1960 жылдан бастап Талас және Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандарында ішкі істер бөлімінің басшысы болып жемісті еңбек етті. Қылмыскерлердің құрықталуына, заң бұзушылықтардың алдын-алуға  бар білімін арнап, абыройлы қызмет атқарған Сауытбек ағаға милиция полковнигі атағы беріледі. Еткен еңбек еленді деген осы емес пе?
Ағаның ішкі істер саласындағы ілкімді тірлігі де елеусіз қалған жоқ. Талай рет әскери наградаларға ие болып, қызметіне қарай «Милиция үздігі» белгісімен, Қазақ ССР Ішкі Істер Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Ал, 1984 жылдың 1 наурызынан бастап ол кісі заңды зейнеткерлік демалысына шығады. Ескінің көзі, демалысқа шықтым деп қол қусырып жата алмасы анық. С.Рыспаев зейнетке шыққаннан кейін де Жамбыл кірпіш зауытында заңгер қызметін абыроймен атқарады. Қазір 88 жасқа келіп отырған ардагер аға жары Рысбикемен екеуі бес бала тәрбиелеп-өсірді. Олардың өмірден өз жолдарын табуына демеу болды. Бреслау тозағынан аман қалған солдат бейбіт өмірде де өнегелі ғұмыр кешіп, ұрпақтарына үлгі болып отырған жайы бар.

 

Обновлено 26.02.2014 11:19
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1840
mod_vvisit_counterКеше1953
mod_vvisit_counterОсы аптада1840
mod_vvisit_counterӨткен аптада23281
mod_vvisit_counterОсы айда36123
mod_vvisit_counterӨткен айда110461
mod_vvisit_counterБәрі4196604

Серіктестер