Онлайн газет



ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Өткен аптаның жексенбісі күні аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде орналасқан №126 сайлау учаскесінде сайлау өтті. Онда 2783 сайлаушы болса, олардың жас ерекшеліктері 18 бен 100 жасты қамтиды. Сайлау учаскесі ашылысымен өз таңдауларын жасауға келгендердің дені - аға буын өкілдері мен жастар.
Аталған сайлау учаскесіне аудан әкімі Бақыт Қазанбасов келіп, алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады.
Ең алғаш дауыс беруге келген 18 жасар  Арнұр Шалғынбайға сыйлық табысталды.
– Бүгін алғаш рет сайлауға қатыстым. Тәуелсіз еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, жыл өткен сайын өркендеп келеді. Елімізде ел экономикасының өсіп-өркендеуі әрбір Қазақстан халқына байланысты.
Мен Жаңа Қазақстанды құрған, әділетті мемлекетте және экономикасы дамыған елде тұрып, жұмыс істеу үшін өз таңдауымды жасадым.  Өз замандастарым еліміздегі саяси науқанға белсене атсалысады деп ойлаймын. Менің таңдауым мен дауысымның маңызды екенін білемін, – дейді  жас сайлаушы. Айтулы  науқанның маңыздылығына  үлкен мән берген Құмғанбаевтар мен Карибаевтар отбасылары бір мезетте келіп, дауыс берді.
- ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы-ел өміріндегі маңызды оқиға.  Сайлау учаскесінде сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған.  Отбасымызбен  балам,  келінім бәріміз  бірге келіп, дауыс бергенді жөн көрдік.  Тұрғындар конституциялық құқығын пайдаланып, азаматтық таңдауын жасауға асыққандықтарын көріп қуанып тұрмын. Өзім дауыс берген партия, сенім артқан кандидат үмітімізді ақтайды деп ойлаймын,-деді  еңбек ардагері Анар Құмғанбаева.
Тұрғындар науқанға белсенді қатысуда, сағат 10.00-де 504 сайлаушы дауыс беріп үлгерді.

*   *   *
Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға Қызыл жұлдыз ауылындағы Н.Ақшабаев атындағы мектепке орналасқан № 22 сайлау учаскесіне сайлаушылар таңмен таласа ағыла бастады. Таңғы сағат 7.00-де  аталған сайлау учаскесінде еліміздің Гимні орындалғаннан кейін дауыс беру басталды. Мұнда 1562 сайлаушы тіркелген.
Ел үшін  маңызды шешім қабылдаған тұрғындардың ішінде осы сайлау учаскесіне алғашқы болып келіп, өз таңдауын жасаған  еңбек ардагері Асылбек Өмірзақов болса, 18 жасар Асан Рамазан алғашқы рет дауыс беріп үлгерді. Сайлаушылардың алды боп келгендерге арнайы сыйлық ұсынылды.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Толқын Шомаева  дауыс беру орнына келе алмайтын қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жәшік пен дауыс беру парағын апару жолға қойылғанын жеткізді.

*   *   *
Қостөбе ауылдық округіне қарасты Қостөбе ауылының орталық клубындағы №120 сайлау учаскесіндегі сайлау науқаны таңертеңгі сағат 7:00-де еліміздің Гимні орындалысымен басталды. Сайлау басталар алдында учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Меруерт Елеусінова сайлаушыларға 5 бюллетен берілетіні, қалай дауыс беретіні жайлы түсінік берді.
Мұнда 1406 сайлаушы болса,  олардың 9-ы жас сайлаушы ретінде алғаш рет дауыс береді.
Аталған сайлау учаскесі саяси науқанға жақсы дайындықтармен келіп, ұйымшылдықпен өткізіп жатқаны көрініп тұр. Ертеңмен клуб маңайында ойнаған әсем сазды музыка дауыс беруге келген сайлаушыларға жақсы көңіл-күй сыйлап жатты.


Сайлауға алғашқы болып келген 82 жастағы қарт сайлаушы Сағынбек Жанысбаев, Марат Атабеков, жас сайлаушы Ерасыл Орынбасарұлы өз таңдауларын жасады. Олардың арасындағы басқа ұлт өкілі Әли Шатовты әңгімеге тарттық.
- Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдаймын. Күні ертең-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық  жағдайы жақсаратынына сенемін. Қазірдің өзінде ауылдарға су тартылып, жолдар жөнделуде. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялар соғылып жатыр. Мұны жақсылыққа балауға болады. Сондықтанда бүгін ертемен келіп өзім қалаған партиялар мен кандидаттарға дауыс бердім,-деді Әли Тұрсынұлы.
Әлидің пікірін кәсіпкер сайлаушы Дінмұхамед Наурызбаев та қолдап отыр. Ертеңгі сағат 9:00-ге дейін учаскеде 120 сайлаушы өз дауыстарын берді.


Сарыкемер ауылы, Ю.Гагарин атындағы орта мектепте орналасқан №129 сайлау учаскесінде 2175 сайлаушы тіркелген болса, ең қарт сайлаушы, «Алтын алқа» иегері, 102 жастағы Іңкәр Кекілбаева үй жағдайында дауыс берді.
Екі ғасырдың куәгері 4 ұл, 4 қызынан 37 немере, 71 шөбере, 3 шөпшек көріп отыр.
- Сайлауда әркім дауыс беріп, өз таңдауын жасағаны абзал. Біз дауыс беру арқылы болашағымызды жасап жатырмыз. Еліміздің амандығы, балаларымыздың алаңсыз өмірі үшін дауыс бердім. Береке мен бірлік, бақ пен дәулет халқымыздан кетпесін,-дей келе абыз ана батасын берді.

*   *   *
Сарыкемер ауылы  Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінде ұйымдастырылған №128 сайлау учаскесінде 2154 сайлаушы болса, олардың 13-і үйден дауыс береді. 7 жас ең алғаш рет дауыс берушілер.
Учаскеде сайлау мемлекеттік Гимнмен ертеңгі сағат 7:00-де басталды. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сергей Рамазанов сайлаушыларды құттықтап, сайлауды өткізу туралы түсінік берді.
Дауыс беруге Айдан Қалабаев, Әбділуайыт Тілеубай, Назерке Тұрсынбай тәрізді сайлаушылар алғаш  келіп, өз таңдауларын жасады.
-Мен ертерек келіп өз елімнің болашағы үшін дауыс бердім. Әр адамның дауыс беруі маңызды және елдің қай бағытта жүретіні соған байланысты. Сондықтанда аудан тұрғындары өздерінің сайлау құқығын пайдаланып, қоғамдық және саяси процестерден қапы қалмайды деп ойлаймын. Дауыс беру мен таңдау еркіндігі қатаң сақталып жатқандығын көрдім. Мен таңдаған партиялар мен аталған кандидаттар менің сенімімді ақтап, елімізде Жаңа Қазақстанды құруға өзіндік үлестерін қосады деген сенімім мол,-дейді әлгінде ғана дауыс беріп шыққан ауданымызға танымал кәсіпкер, «Мерей» ЖШС-інің директоры Артықбай Үкібаев.
Сайлау учаскесінде сағат 10:00-ге дейін 450 сайлаушы дауыс берген.

*   *   *
Түймекент ауылдық округіне қарасты Түймекент ауылы-аудандағы халық саны бойынша ең көп халық шоғырланған елді мекендердің бірі. Сондықтанда бұл ауылдағы мәдениет үйінде №114, ал Түймекент орта мектебінде №467 сайлау учаскелері орналасқан.
Екі сайлау учаскесінде де сайлау ертеңгі сағат 7.00-де Мемлекеттік Гимннің орындалуымен салтанатты жағдайда ашылды. Учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары Рустам Жылысбаев пен Шары Абдурасулов жиналғандарға аталған сайлаудың маңызы туралы түсіндірді.


Мәдениет үйіне зейнеткерлер Тобал Тағаймұратов, Таңатар Күздеубаев, Бөгенбай Битабаров және алғаш рет дауыс берушілер Ұлжан Қыдырбаева мен Расул Таңатарлар ертелеп келіп, өз таңдауларын жасады.
Ал Түймекент мектебіне Ақниет Адайбекова, Садуақас Сәменов, Жанғали Қошатовтар алдымен келіп, дауыс берді.
№114 сайлау учаскесіндегі 1942 сайлаушының 22-і үйден дауыс берсе, 15 жас алғаш рет дауыс беріп отыр. №467 сайлау учаскесіндегі 2014 сайлаушының 10 алғаш рет дауыс берсе, 24 сайлаушы үйде отырып дауыстарын берген.
Үйде отырып дауыс бергендер қатарында еңбек ардагері, І-топтағы мүгедек Қайнарбек Андақұлов пен қол күресінен Азия, Әлем чемпироны, ІІ-топтағы мүгедек Асхат Орынбаев та бар.
-Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдаймын. Еліміздің ертеңі жарқын. Күні ертең-ақ біздің еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарады.  Жағдайымыз жаман емес. Міне соның арқасында біз жыл сайын қол күресінен әртүрлі шет елдердегі жарыстарға қатысып, елімізге жеңіспен оралып жүрміз.
Бүгінгі сайлауға қатысып, өз қалауыммен өзім таңдаған партиялар мен кандидаттарға дауыс бердім. Олар сенімімді ақтап, Жаңа Қазақстанның құрылуына өзіндік үлестерін қосатын болады, - дейді Азия, Әлем чемпионы Асхат Маратұлы.
Түске дейін аталған екі сайлау учаскесінде 1200-ден аса сайлаушы дауыс берді.

*   *   *
Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев мектеп-гимназиясында орналасқан №130 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушылардың бюллетень алуына, кабинаға кіріп шығуына еш кедергі жоқ. Әр сайлаушы алфавиттік тәртіппен аты-жөнін тізімнен тауып, сайлау бюллетенін алып, таңдауын жасап жатты.
Аталған сайлау учаскесінде тізім бойынша 2475 сайлаушы тіркелген. Түскі үзіліс кезінде сайлаушылар қатары сирегенімен, тарихи сәттен қалыс қалмау қажеттігін ұйғарғандар қарасы түс ауа қалыңдай түсті.
Кішкентай балаларын ертіп, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатқандарды да жиі кездестірдік. Олар балаларына сайлау процесін бастан аяқ көрсетіп жүрді. Демек тұрғындар балаларын жауапты азамат етіп тәрбиелегісі келетіндігін  анық. Бұл сайлаушылардың отбасымен бірге келуі Отанымыздың болашағына деген сенімін көрсетеді.

*   *   *
Дəл осындай таңдау жасауда Дихан-2 ауылының тұрғындары ерекше ықылас білдіруде. Сағат 7.00-ден бастап сайлауға сақадай-сай дайын болған №124 сайлау учаскесінде ауыл ақсақалдары бастап, ауыл тұрғындары қатарласа келіп өз таңдауларын жасауда.
Мұнда да комиссия мүшелері дауыс беруге келген халыққа 5 бюллетень ді  қалай толтыру керектігін жіті түсіндіріп, ақпарат беруде. Сайлау науқанының маңызы турасында Мырзатай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев  ойын былайша өрбітті.
- Сайлау - əрбір азаматтың таңдауы. Осы науқанға бір үйдің баласындай қатысып, өздері тіркелген сайлау учаскелеріне барып дауыс бергендері дұрыс. Мұндай тарихи сəттен қалыс қалмай, өз таңдауымызды жасау əрбіріміздің парызымыз. Еліміздің қарқынды дамуы, экономикалық, əлеуметтік жағдайымыздың артуы өзіміздің таңдауымызға байланысты. Елі үшін аянбай еңбек ететін үміткер таңдалсын, сайлау сəтті өтсін деп тілеймін,-деді еңбек ардагері.

Сундетулла Әбілов,
Гүлшахар Әбдіқұлова,
Арайлым Нарбатырова,

Обновлено 24.03.2023 09:38
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1587
mod_vvisit_counterКеше1699
mod_vvisit_counterОсы аптада6587
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда36190
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2243576

Серіктестер