
Кеше аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық мәселелері бойынша оқыту семинары өтті. Семинарға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қатысып, жүргізіп отырды. Өз сөзінде алдағы наурыз айында өтетін сайлаудың
ерекшелігі, өту барысы және маңызына кеңінен тоқталды. Жиында ең алдымен Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов баяндама жасады. Баяндамашы сайлау учаскесін ресімдеу, бюллетеньдерді дұрыс толтыру, байқаушының міндеті жайлы толық ақпарат берді. Сонымен қатар ЛЕД экран арқылы 5 сайлау бюллетендерінің қалай толтырылатыны туралы слайд көрсетілді. - Бюллетеньдерді толтыру үлгілері бар стендтер дауыс беруге арналған үй-жайға дейін орналастырылады, яғни бюллетень алынғанға дейін сайлаушы үлгімен танысуға тиіс. Сайлау бюллетенінде комиссия мүшесі сайлаушыға берген кезде қол қоюы керек. Қол партиялардың атаулары немесе кандидаттардың деректері орналасқан бюллетеннің төменгі оң жақ бұрышы ұсынылады. Байқаушы кез келген уақытта қатысқан сайлаушылардың саны туралы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасына сұрақ қоюға құқылы-деп атап өтті Талғат Салқанұлы.
 Мұнан соң мәдениет үйінің фойесінде сайлау заңнамасы туралы анықтамалар берілді. Аудандық және аумақтық сайлау учаскелерінен келген комиссия мүшелері мен төрағаларына сайлау барысында орын алуы ықтимал келеңсіздіктер жайы да айтылды. Т.Жамалов аудандық сайлау комиссияларының мүшелеріне сайлау комиссияларының жұмысын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ сайлау науқанының барлық қатысушыларына қажетті жағдайлар жасауға көбірек көңіл бөлуді ұсынды. Семинар соңында аудандық сайлау комиссияларының мүшелері сұрақ қойып, тиісті жауаптарын алды.
Арайлым НАРБАТЫРОВА. |
Обновлено 14.03.2023 10:00 |