Онлайн газет



АЛҒЫС АЙТУ - АСЫЛ ҚАСИЕТ

1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күн бірлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында тәуелсіз Қазақстанды құруға үлесін қосқан азаматтардың бір-біріне ерекше құрмет пен ризашылығын білдіретін күн.
Алғыс айту – адамдар арасындағы сенімді, сыйластықты арттырады. Бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмалдыққа жетелейтіндігі айдан анық.
1944 жылғы қуғын-сүргін кезінде Түркиядан Қазақстанға қоныс аударғандардың ішінде ұлты түрік Тұрсынның отбасы да болған еді. Тұрсын мен зайыбы Балали сол жылы Шымкент қаласына тұрақтаған. Алайда отбасы жағдайына байланысты 1963 жылы Тараз қаласына жақын деп ауданымыздағы Үлгілі ауылына көшіп келеді. Келе сала қазақтармен қоян-қолтық араласып, шаруашылықтың жұмысына кіріседі.
-Әкем марқұм өмірден өткенше қазақ ағайындарға ризашылығын айтып отыратын. Алғаш келгенде-ақ құшақтарын аша өз ағайындары көшіп келгендей қуанған екен. Қолдарындағы барын бөлісіп, қамқорлықтарын көрсеткен. Осы ауылда 1976 жылы өмірге келген менде әке жолын жалғастырып, қазақ ағайындармен бірге туғандай өмір сүріп келемін. Айтпақшы, өмірден өткен бір ағам қазақ қызына үйленіп, қазақ ағайындармен құда-жекжаттығымызда бар,-дейді қазақ тілінде еркін сөйлейтін түрік азаматы Зорбек Зулуфов.
Зорбек өзінің шағын шаруашылығын айналдырып, азын-аулақ малын өсіруде. Кісінің жерін жалға алып, жыл сайын жүгері өсіруді кәсіп еткен. Ал жолдасы Зейнепте еңбектің адамы.  Олда жыл сайын үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып, қияр өсіруге машықтанған. Қиярды қаладағы орталық базарға өткізіп, өз напақаларын адал еңбектерімен тауып отыр.
Зорбек пен Зейнеп отбасында 3 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеуде. Осыдан бес-алты жыл бұрын келін түсіріп, бүгінде немере сүйіп отыр. Ұлы Ислам денсаулық сақтау саласында еңбек етеді.
Біз Зорбектің үйіне барғанымызда бір-бірінен айнымайтын екі қызды көріп қалдық. Сұрастыра келе екеуінің егіз екенін білдік. Мектеп формасын киіп, бірдей сөмкелерін асынып алған Фатима мен Зухраны шындығында да бір-бірінен ажырату қиын.
-Біз қазақ ағайындармен жақсы араласып келеміз. Кейде олардың, кейде олар біздің қуаныштарымызға ортақтасып отырады. Сондай жанымызға жақын Сәбит Юсупов, Сағын Сатыбалдиев, Қайрат Әлшоразов, Құрал Серікбаев тәрізді көршілерімізді мақтан етемін. Олардың балалары біздің балаларымызбен бірге ойнап, мектепке бірге барады. Өзіміз сүйіп оқитын аудандық «Ауыл жаңалығы» газеті арқылы бізге үнемі қамқорлық жасап отыратын қазақ ағайындарға алғыс айтқым келеді. Біз өзімізге қамқорлық жасаған, бүгінде сыйласып отырған азаматтарға үнемі алғысымызды айтып отырамыз. Алғыс айтуды азаматтық іс деп білеміз,-деді Зейнеп қоштасар сәтте.
Басқа ұлттың өкілдері ғана емес, кез келген өзіңе қамқорлық, жақсылық жасаған адамдарға алғыс айтқан дұрыс болады. Бұл ретте өзіңді өмірге әкеліп, үлкен азамат ретінде тәрбиелеген ата-анаң, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарың да назардан тыс қалмағаны жөн. Бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Мұндай кезде бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Демек, ақ халатты абзал жандарға да, үнемі ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жолға салып отыратын үлкендерге де алғыс айтудан шаршамауымыз керек.
«Алғыспенен ел көгерер, жауынменен жер көгерер»,-деген аталы сөз бекер айтылмаған. Сондықтанда үлкенді сыйлап, кішіні құрметтей отырып, бір-бірімізге алғыс айтуды ешбір естен шығармайық.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Үлгілі ауылы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін439
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6456
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32023
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202753

Серіктестер