Онлайн газет



БІЛІМ – ЕКІ ДҮНИЕНІҢ ШАМШЫРАҒЫ

Ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы - білім алу және іздену. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.):  «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», - деп  Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар).
Бүгінгі бала — ертеңгі ел болашағы. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет- білім мен білімді ұрпақ, ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры», - деген болатын.  Оған қоса Алла тағала ілім берілген мүміндердің дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда: «Алла тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», - деп бұйырылады («Мужәдәлә» сүресі,11-аят). Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде «Білімді талап ету-әрбір мұсылманға парыз» - деп бұйырады.  Абай  хакім де халықты білімге, ғылымға, еңбекке көп үндеген. Өйткені ғылымды ол әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсінді.
Білім жүректі ізгілікке, адалдыққа, адамдыққа баулитын, адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдырады. Жастарымыз бен мектеп бітіруші оқушыларды жиі толғандыратын мәселелердің бірі – жоғары оқу орнына түсу және мамандық таңдау мәселесі. Көптеген оқушылар ата-анасы, туыстары, мұғалімдері қалаған мамандыққа баруды ұйғарады. «Диплом алып алайын, қалғанын көре жатармын», - деп ойлайды. Ал, оның болашағы бұлыңғыр.  Сондықтан, сәнге айналған мамандыққа жүгірмеуіміз керек.
“Болашақ” бағдарламасының жемісін көріп жатқан жастарымыз қаншама? Мәселен, ауылды көтеру мақсатында «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы жұмыс іздеуші мамандар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуде. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша агроном, ветеринариялық дәрігер, ветеринариялық фельдшер, ветеринариялық техник, зоотехник, инженер-технолог, балық өсіруші, технолог, фермер сынды мамандықтар енгізілген. Осындай мүмкіндіктер қалаға сабылып, өмірде орнын таба алмай жүрген жастарымызға жасалған қамқорлық деп білеміз.
Қоғам дамуының қозғаушы күші – адам десек, қоғамдағы жетістіктер бірінші кезекте адамдардың іс-әрекетінен көрініс береді. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деуі текке айтылмаса керек. Бұл дегеніміз – адам өз мамандығы арқылы өзіне де, қоғамға да пайда әкелуі үшін мамандығының хас шебері болуға тиіс.
Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің ең маңызды жолы білімнен басталады. Өкінішке орай, білімсіздік  мұсылман  жамағатын  жік-жікке  бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш  етектен  екендігін  ұмытпайық. Негізінен Алла тағаланың кітабында және Оның Елшісінің (с.ғ.с) хадистерінде ілім (ғылым) сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтиды.
Алла тағала Құран Кәрімде:  «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін, оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», - деп адамзатты ойлануға шақырады («Бақара» сүресі, 164-аят). Мұсылман ғалымдары шариғи, фиқх мәселелерінде дұрыс шешім шығара алу үшін медицина, химия, астрономия және т.б. секілді ғылым салаларының мәліметтеріне жүгінуіне тура келеді. Ыбырай Алтынсарин атамыз «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды», - деп айтып кеткендей, білімсіз алысқа бара алмаймыз. Сондықтан, математиканы, химия мен физиканы, астрономияны, географияны, философияны және т.б. пәндерді игеру мұсылман үмбетінің негізгі міндеті. Ұлы Абай «Жасымда  ғылым бар деп ескермедім, пайдасын  көре тұра тексермедім» десе, Шәкәрім  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөліп,  оның  сол  Абай  меңзеген  ең  қуатты  жастық  шағын  ғылымға  арнауды  насихаттайды.
Білім жайында Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін  білім», - деген.  Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғылымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?
«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»  деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет - бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Ең негізгі мәселесі-әр елдің өзінің қалыптасқан салт-дәстүрі мен ғұрпымен сабақтасуы. Осы жағына келгенде өзіміздің елде оқыған пайдалырақ. Елдің ішінде діни санасы қалыптасқан азамат, кейін қайда барса да өз ұстанымында қала алады. Егер ешқандай діни білімі жоқ азамат сыртқа шықса, радикал ағымдардың ықпалына түсіп қалуы ықтималдығы жоғары.
Екіншіден, әр елдің ұлттық ерекшеліктері бар. Өз елінің салт-дәстүрі бойына сіңбеген жастардың басқа елдің дәстүріне тез бой алдырары да белгілі. Адамның діни фундаменті дұрыс қалыптаспаған болса, ол кез келген уақытта жат ағымға еріп кетуі қаупін жоққа шығара алмаймыз. Сол үшін діни білімді азаматтарымызға ең алдымен елімізде білім алуына барымызды салуымыз керек.
Елімізде діни білім беру жүйесі мемлекет тарапынан реттелді. Медреселер, колледж мәртебесін алып, мемлекеттік тіркеуден өтіп, діни білім беру бағдарламасы лицензия арқылы жүзеге асырылуда.Университтер мен медреселердің оқу бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу стандарттарына сәйкес жасалуда. Алғашқы уақытта діни білім беру орындарында тек шариғи пәндер оқытылса, бүгінгі күні олардың қатарына тарих, математика, пәлсапа секілді пәндер қосылды. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті жоғары білімді сапалы дін мамандарын, зерттеушілер мен дін ғалымдарын дайындауға көптеп көңіл бөлуде.Бүгінгі күні Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті сапалы оқытушы-профессорлар құрамымен қамтамасыз етіліп отыр.
Халқымызда: «Ашылмаған кітап жетім, жазылмаған қалам жетім» деген қанатты сөз бар. Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, ол өзінің қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», - деген екен. Кітап - өмір азығы. Кітап оқу - өркениеттің белгісі. Кітап сенің ұлағатты ұстазың, ақылшың, мұрат-мақсатың. Бар іздегенің осы кітаптан табылады. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.Нақты айтқанда, баланың таңдаған мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы қажет.Жақсы маман болу үшін ең алдымен өзің таңдаған мамандықты сүйіп қана қоймай, сол мамандықтың қыры мен сырын жете меңгеруің керек. Сонда ғана өзің таңдаған мамандықтың қаншалықты құнды, әрі маңызды екенін біле түсетін боласың. Өйткені, сен таңдаған мамандық сенің кәсібің, әрі нәсібің. Сонымен қатар, сенің көмегіңе мұқтаж жанның қажеттілігін өтеуге жауапты екеніңді ұмытпауың маңызды. Осы тұста қазақтың белді ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі еріксіз еске түседі. Мағжан сенген арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарымыздың болашағының нұрлы болуына бар қоғам болып атсалысуға тиіспіз. Себебі, бүгінгі жаһандану дәуірінде бәсекелестікке қабілетті, өз мамандығын жетік меңгерген, бастаған ісін орындауға табандылық көрсете алатын, мемлекеттің тірегі бола алатындай тұлғаларды қалыптастыру қоғам алдындағы басты міндеттеріміздің бірі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, соған аянбай тер төгіп, егеменді еліміздің  беделін биіктетуіміз керек. Ең жақсы мирас – білім. Алла тағала баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

Рәмиз қажы Азизов,
“Байзақ баба” мешітінің бас имамы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін678
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6695
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32262
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202992

Серіктестер