Онлайн газет



ТОҚЖАН - ”БАЙЗАҚ АРУЫ” АТАНДЫ

Қазақ халқы ықылым заманнан бері қыз баласын ерекше құрметтеп, мәпелеген. «Қыз өссе – елдің көркі», «Қызға қырық үйден тыйым», тағы басқа да осы сынды мақалдар әрдайым қыз баласына үлкен жауапкершілік, ар-намыс пен ұятты алға қоюға бағытталған. Ата-бабаларымыз қыздарын даналық пен көрегендікке, ізет пен ілтипатқа баулып келген.
«Жақсылығын тең жайған жарық өлкем,
Талпынады істерге мәні бар кең.
Арулары Байзақтың жаны сұлу,
Инабатты, білімді бәрі көркем»,-демекші, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде  өткен «Байзақ аруы – 2022» атты байқауына Түймекент, Мәдімар,  Бурыл, Суханбаев, Мырзатай,  Жалғызтөбе, Жаңатұрмыс,  Ботамойнақ, Дихан, Сарыкемер, Жібек жолы, Шахан, Үлгілі, Жаңатұрмыс, Сазтерек ауыл және ауылдық округтерден келген  бірінен-бірі асып түсетін көркем де көрікті 16 мен 21 жас аралығындағы арулар қатысып, бақ сынасты. Ұлттық киім үлгісімен шыққан қыздар сахна сәнін келтіріп, көздің жауын алды.
Шара шымылдығын «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Шолпан Байтақова ашып, өтіп жатқан сайыстың өсіп келе жатқан бойжеткендерге берер тағылымы мол екеніне тоқталса, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, VI шақырылған аудандық  мәслихаттың депутаты болған Сәния Алтаева барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бірінші «Сәлем сөздің анасы», яғни өзін-өзі таныстыру кезеңінде арулар бар өнерлерін ортаға салды. Оның ішінде кейбірі тіпті ән, көрініс арқылы да өз тегімен таныстырғандар болды. «Қыз еркем – кестесімен көркем» кезеңінде он саусағынан өнер тамған қыздар өздерінің қиялымен тіккен туындыларын көрсетті.
Байқаудың келесі «Қызды тәрбиелеген – ұлтты  тәрбиелейді» аталымындағы кезеңде ұлттық салт- дәстүр мен еліміз егемендік алған жылдарға байланысты қойылған сұрақтарға әрбір үміткер шама-шарқынша жауап қайтарды. Өкінішке орай, кейбір қатысушылар қойылған сұрақтарға жауап бере алмай, аз ұпай жинағандары да болды.
«Өнерлі – өрге жүзер» аталымда талапкерлер өз өнерлерін көрсете білді. Бірі әуелете ән салса, енді бірі дөңгелене би билеп, сахналық қойылым көрсетіп көпшілікті қошеметіне бөленді. Байқаудың соңғы кезеңінің шартына сәйкес, барлық арулар заманауи үлгідегі киім үлгісін ұсынды.
“Amanat” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шолпан Қайратқызы, халықаралық бизнестегі әйелдер Mrs. Globe сайысының бірінші орын иегері Сәния  Алтаева, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры  Мейіржан Досмұратов, аудандық «Шахан» халық театрының режиссері, «Қазақ өнерінің қайраткері» төсбелгісінің иегері Бақытжан Байкүшіков қазылық еткен сайыстың қорытындысымен Бурылдық Тоқжан Әзімхан  “Байзақ аруы-2022” атанып, облыстық байқауға  жолдаманы жеңіп алды.
Ақжарлық Назерке Еркінқызы бірінші, екінші орынды үлгілілік Аружан Бейсенбек иеленді. Суханбаев ауылдық округі атынан қатысқан Айзере Бекболат пен Жаңатұрмыс ауылдық округінен келген Аружан Кембай үшінші орынды өзара бөлісті.
Жүлдеге ие болған бойжеткендерге бағалы сыйлықтар мен Дипломдар табыс етілді. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.
Сонымен қатар Мырзатай ауылдық округі атынан қатысқан Нұрай Баймұратқа Сәния Мақсұтқызы өз тарапынан арнайы сыйлығын ұсынды.
Шара соңында өнер додасына қатысқандар естелік суретке түсті.

Арайлым НАРБАТЫРОВА.

Обновлено 25.11.2022 11:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін232
mod_vvisit_counterКеше1699
mod_vvisit_counterОсы аптада5232
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда34835
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2242221

Серіктестер