|

Заң бұзушылықтар мен қылмыстың тамырына балта шабатын, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау өзінің басты міндеті санап, осы жолда аянбай қызмет атқаратын, заң талаптарының дәл, әрі бірыңғай орындалуына қадағалау жасайтын – прокуратура органы
екені баршаға мәлім. Жуырда өткен жылдың қорытындылары бойынша аудандық прокуратурада баспасөз-конференциясы болып өтті. Аталмыш ұжымның қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысқан конференцияда аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Н.Асабаев баяндама жасады. Оның мәліметінше өткен жылы аудан прокуратурасында ең алдымен қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіру, ықпал ету актілерінің сапасын арттыру, орындаушылық тәртіпті ретке келтіру жұмыстары қолға алынып, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін әрбір қызметкермен жеке жұмыстар жүргізілген. Мұндағы түпкі ой аудан прокуратурасының әрбір қызметкерінің кәсіби деңгейінің артуы мен жеке ерекшеліктерінің қалыптасуы халықтың сеніміне ие болуға, прокуратура органдарының жалпы имиджін көтеруге бағытталған. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау барысында тексерулер мен заң бұзушылықтар 2 есеге жуық ұлғайғаны (472-ден 793-ке) анықталып, оларды жою барысында 87 ұсыныс енгізілген, 93 наразылық келтіріліп, 166 заңсыз актілер күшін жойды және заңға сәйкестендіріліп, 2653 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалып, 206 тұлға тәртіптік, 129 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірнеше жылдан бері жоғарғы шегі 26 000 000 теңгеден аспайтын бюджетке өндірілген қаражат 271 906 357 теңге көлеміне жеткізілген. 2011 жылдан бері бюджетке өндірілмей келе жатқан 256 000 000 теңгенің өндірілуіне ықпал жасалған. Прокуратураның басты назары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәліз құрылысына, оның ішінде, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер телімдерінің бағалау құнына аударылып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының құрылысы кезінде 2011 жылы жер қойнауын қолданудан мемлекетке келтірілген 120 000 000 теңге көлеміндегі шығын анықталып, қылмыстық іс қозғалып, шығынның орны толтырылған. Сондай-ақ аудан аумағындағы игерілмеген кадастрлық құны 23 076 000 теңге тұратын 1 056 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, иесіз мүлік ретінде әрі қарай мемлекет меншігіне қайтару үшін 5 017 гектар жер телімі әділет басқармасына есепке қойылған. Ветеринария саласында мемлекетке қайтарылуға жататын 10 876 500 теңге ақшалай қаражаттың 4 069 700 теңгесі қайтарылып, бүгінгі таңға қосымша 4 043 000 теңгесі өндірілген. Аудан прокуратурасымен азаматтардың еңбек құқығын қорғауда да біршама қызметтер атқарылған. Атап айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кезінде 39 жұмысшының, жалпы 4 672 000 теңге еңбек жалақылары өндіріліп, 446 электр энергиясын тұтынушының құқықтары қорғалып, олардан заңсыз алынған 967 900 теңгесі есеп-шоттарына қайтарылған. Қоршаған ортаға келтірілген залал бойынша 700 мыңнан аса теңге бюджетке өндірілген. Аудандық мәслихатпен бюджеттік қаражаттарды көбейту арқылы заңсыз түрде 5 725 000 теңгеге қызметтік автокөлік алғаны анықталып, коммуналдық меншікке қайтарылған.Ауданның коммуналдық меншігі заңға қайшы коллегиялдық орган болып табылатын аудан әкімдігімен емес, қаржы бөлімімен жеке дара басқарылатыны анықталып, бұл жөніндегі аудан әкімдігінің нормативтік құқықтық акті ретінде тіркелген қаулысына наразылық білдіріліп, коммуналдық меншікті басқару тәртібі ретке келтірілген. Жалпы прокурорлық ықпал ету актілерін қарау нәтижелерімен аудан мәслихатының хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының жетекшісі, аудандық әкімдіктің 4 бөлім бастықтары, 2 ауылдық округ әкімі, 31 мемлекеттік мекеменің, 1 монополиялық ұйымның басшылары әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 7 лауазым иесі сыбайлас жемқорлық сипатында тәртіптік, 1 лауазым иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысын қадағалау саласында қылмыстарды есептен жасыру деректеріне жол берілмеген. Тіркелген қылмыстар саны 351-ден 513-ке дейін немесе 42,6 пайызға көбейген. Қылмысты жасыру туралы бірде-бір арыз түскен жоқ және тексерулермен мұндай фактілер анықталмаған. Статистикалық есеп бойынша есептен жасырылған 3 қылмыс бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, бұл қылмыстардың біреуі 2010 жылы, екеуі 2012 жылы орын алып, сол жылдары есептен жасырылған.Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау сапасы жақсартылып, нәтижесінде 10 азаматтың арызы бойынша қылмыстық істер қозғалып, олардың құқықтарының қорғалуына ықпал жасалған. Қылмыстық іс қозғау жолымен учаскелік полиция инспекторы Сармашевпен қинауға түскен азамат Алмухановтың конституциялық құқығы қорғалып, осы тәсілмен жол полиция қызметкері Байтанаеваның әсерінен сегіз ай бойы жеке меншігіндегі автокөлігінен айырылған азамат Айтбаевтың құқығы қалпына келтірілген. Мұнымен қатар, Сарыкемер ауылдық округінің бұрынғы әкімі Я.Мусаевпен құрылған және басқарылған ұйымдасқан қылмыстық топтың іздеуде жүрген мүшелері ұсталып, қылмыстық істері сотқа жолданған. Естеріңізге сала кетер жәйт Я.Мусаевқа қатысты қылмыстық іс аудан прокуратурасымен 2012 жылдың соңында қозғалған. Сонымен қатар, сот шешімдерін, соның ішінде мемлекет пайдасына және де жасы кәмелетке толмағандарға қатысты алимент өндіру жөніндегі шешімдердің орындалуына баса назар аударылып, ықпал ету актілерімен мемлекет пайдасына 4 млн. теңге өндіріліп, алимент төлеуден жалтарған 6 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, -деп сөзін қорытқан аудан прокуроры Н.Асабаев баспасөз-конференция соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Өз тілшіміз. |