Онлайн газет



АТАДАН - АҚЫЛ, АНАДАН - МЕЙІРІМ

Жаңа Қазақстан құру үшін салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды  жаңғыртып, тілімізді  тұғырына  қондыруымыз керек. Отбасылық, ұлттық құндылықтар аясын кеңейтіп, ұрпақтар сабақтастығын мықтап қалыптастырғанымыз жөн. Ұлттық тәрбиедегі ауыл ақсақалдарының, ардақты аналардың орны ерекше. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының, ата-әжелердің жөні бөлек.
Міне, осы мақсатта 2019 жылдан Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы жұмыс істей бастады. Аналар алқасы қоғамдық құрылымының мақсаты мен міндеті - отбасы дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттау мен дамыту, отбасы мәртебесін көтеру және бала тәрбиесіндегі үздік тәжірибелерді тарату, отбасындағы рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие берудің барысына, балалардың ата-аналарымен немесе ата-аналардың балаларымен арақатынасына байланысты проблемалық мәселелерді зерделеу, тағы да басқа мәселелер.
Байзақ ауданында 18 ауылдық округ бар. Қазіргі таңда барлық ауылдық округтерде аналар алқасы жасақталып, төрайымдары мен оның мүшелері айқындалды. Әр округтегі жасы үлкен аналар, жас аналар, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасындағы аналар тізімі түзілді. Әр округтегі аналар алқасының жылдық жұмыс жоспары бекітілді.
Енді аудандық аналар алқасының атқарған жұмыстарына тоқтала кетсем, ауылдық округтегі аналар алқасының төрайымдарымен, ауылдағы аналармен жиындар өткіздік. Бұл басқосуларда әр ауылдағы аналарды толғандыратын проблемалар, сұраныстар мен ұсыныстар ескерілді. Осы мақсатта ақпан айында Үлгілі ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткіздік.  Аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан әкелер кеңесі де құрылған. Отбасындағы құндылықтар, салт-дәстүрді дәріптеуде әкелердің де айтары мол.
Осы жылдың ақпан айында қыз балаларға икемділік дағдысын дарыту, үй жағдайындағы ісмерлікті дамыту бағытында «Шеше көрген тон пішер...» тақырыбында Сарыкемер ауылындағы №1 мектеп-гимназия оқушыларымен шеберлік сабағын өткіздік. Үлгілі ауылынан келген Рахила Абдрашитова тігіншілік өнерге үйретті. Осындай кездесу Ю.Гагарин орта мектебінде де жалғасты.
Ауылдағы жасы ұлғайған, еңбегі сіңген, ауылға үлгі болған аналарды айтулы күндерде мемлекеттік және кәсіби мерекелерде құттықтау дәстүрге айналды. Бұл жұмысты барлық ауылдық  округтегі аналар алқасының төрайымдары үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Мерекелерде ауданның белгілі кәсіпкерлері және мәслихат депутаттарының демеушілік жасауымен ардақты аналарға сый-сияпат жасау жағы ұмыт қалған емес. Наурыз айында аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовтың  қолдауымен ауданның 45 ардагер аналары қасиетті Түркістан қаласына саяхатқа барып келді. Мұндай игілікті іс барлық ауылдық округ әкімдерінің бастамасымен өз жалғасын табуда.
Сондай-ақ, сәуір айында аудандағы аналар алқаларының төрайымдары облыстық «Анаға тағзым» орталығына барып, жұмыстарымен танысып, колледж студенттері арасында шеберлік сағатын өткізді. Онда Мырзатай ауылынан келген Жанар мен Үлгілі ауылынан келген Рахила тігіншілік өнердің қыр-сырына тоқталды. Жақында аналардан «Ақ әже» ансамблі құрылды.
Сәуір айында ауылдық округттердегі көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларының тізімін жасап, бірнеше көпбалалы отбасындағы аналарға азық-түлік себетін табыстадық. Осы орайда облыстық “Қызыл жарты Ай” қоғамының төрайымы Тойбекова Оразгүл ханымға алғысымыз шексіз. Мамыр айында байзақтық аналар алқасының бір топ мүшелері Талас ауданына барып «Ауылдағы аналар мәртебесі» атты облыстық семинарға қатысып, тәжірибе алмасып қайтты.
Жалпы аудандағы аналар алқасының жұмысын зерделеп, түсіндіріп нәтижелі жүруіне облыстық аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова бағыт беріп отырады.
Жарты жыл сайын әр округтегі аналар алқасы құрылымы есеп беру, тәжірибе алмасу семинарын өткізеді. Өткенде Көптерек ауылдық округінде осындай семинар болып өтті. Семинар соңы ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты. Аналар алқасының төрайымы Гүлсім Ақбердиева- қоғамдық жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайтын жан. Ауыл тұрғындары өз көкейіндегі сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.
Жанат Әлібекова, Гүлсім Ақбердиева, Ұланбике Сейдуалиева, Зағипа Жұмахметова, Гүлнар Боранбаева, Айман Әбиева, Айжан Байтақова, Мәншүк Мамыраймова, Орынкүл Кенжебекова, Шәрия Абдраманова, Махарам Өткелбаева, тағы басқа да аудандағы белсенді аналар алқасының төрайымдары мен оның мүшелерінің қоғамдық қызметін жоғары бағалаймыз.
Қорыта айтқанда, аналар алқасы қоғамдағы құбылыстарға, отбасындағы тектілік пен тәрбие мәселесіне баса назар аудара отырып, елдің бірлігі мен татулығына, ұрпақ тәрбиесіне өздерінің мүмкіндігіне қарай алдағы уақытта да үлес қоса беретін болады.

Шырын ҚАПАРОВА,
аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Аналар алқасының төрайымы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін3
mod_vvisit_counterКеше1698
mod_vvisit_counterОсы аптада8979
mod_vvisit_counterӨткен аптада6251
mod_vvisit_counterОсы айда27058
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2234444

Серіктестер