Онлайн газет



Ауған ардагерлері ардақталды

 

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай Қостөбе ауылдық округінде клуб меңгерушілері А.Мусаева мен Д.Керімқұловтың ұйытқы болуымен «Ерлікке әрдайым орын бар» атты дөңгелек  үстел өтті. Оған осы округтегі ауған соғысының ардагерлері қатысты.
Аталмыш ауылдық округтің әкімі Т.Есенқұлов   жат жерде

азаматтық борышын  адал өтеген қазақ жауынгерлерінің өшпес ерлігі  жас ұрпаққа Отанды, туған жерді сүюге тәрбиелейтіндігін, ерлікке әрдайым құрмет көрсетілетіндігін айтып, бір топ ауған соғысының ардагерлері: А.Демченко, Ө.Көмекбаев, М.Атабеков, Н.Константин, К.Сайдулаев, С.Сайратовқа «Ауған жеріндегі әскери қимылдардың аяқталуына  25 жыл толуына арналған»  медалін табыстады.
Дөңгелек үстел барысында  сөз алған ауған соғысының ардагерлері естеліктер айтып, өздерін құрметтеген  қауымға ризалығын білдірді.
Өз тілшіміз.

*               *                  *
Ш.Тоқболатова,
Байзақ ауылдық клубының меңгерушісі.

Тарихтан белгілі болғандай 1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда төңкеріс болып, оның арты соғысқа айналды. Бұл қасіретке елдің өз іші ғана емес, сонымен қатар көршілес мемлекеттерден әскерлер кіргізіліп, 10 жылға жуық соғыс өрті шарпиды. Ауған соғысына Кеңес әскерінің қатарындағы қазақстандық өрімдей жас жігіттер де аттанған болатын. Жиырма мыңнан аса жауынгер ұлдарымыз аттанған майдан даласынан нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, кейбірі елге аман-есен оралып жатса, өкінішке орай кейбірі хабар-ошарсыз қалып қояды. Әйтседе, батырлыққа бас иген бүгінгі ұрпақ ауған соғысы ардагерлерінің есімін ардақтап, ерлігін ұлықтап тұруды еш ұмытпақ емес.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Осынау айтулы оқиғаға орай жер-жерлерде түрлі іс-шаралар өткізілу үстінде. «Ауған соғысы-жүректегі жара» тақырыбындағы кездесу кеші жуырда Байзақ ауылдық клубында ұйымдастырылды. Іс-шараға ауыл тұрғындары, ақсақалдар мен жастар қауымы қатысcа, ауған соғысының ардагерлері Ә.Қалмұратов, Е.Тыналиев, О.Купешаров арнайы шақырылды. 
Кешті ауыл әкімі Е.Зауырбеков ашып, іс-шараның маңыздылығын ауызға алды. Ал С.Абланов орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі О.Тұрапбаев отты жылдардан тарихи деректер келтірілген баяндамасын оқыды. Жастар жағы ауғанда ерлік көрсеткен ағаларына сұрақтарын қойса, өз кезегінде Е.Тыналиев, О.Купешаров және Ә.Қалмұратовтар өткен күннен естеліктер айтты. Әсіресе, сонау 1982-1984 жылдары Ауғанстанның Баграм, Паншер қалаларында өзінің Отан алдындағы міндетін атқарған Әбіл Қалмұратовтың майдандағы өрімдей жас жігіттердің жағдайы, қиын да қысталаң күндер жайында айтқан әңгімесі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кеш С.Бегалиев пен А.Нысанбаеваның жүргізуінде өнерлі өрендер А.Нысанбаева, Қ.Қабылбек, А.Қазтаева және С.Абланов орта мектебінің 3-сынып оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.
*                   *                         *
Сазтерек ауылдық округіне қарасты Абай орта мектебінде «Жастар орталығының» ұйымдастырушысы М.Қалқашев және «Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалы Абай БПҰ-ң төрағасы Қ.Тоқбергеновтың мұрындық болуымен «Қажетсіз соғыстың қасіреті» атты патриоттық кеш  өтті. Ерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды ұлтжандылыққа, Отанын сүюге тәрбиелеуді мақсат тұтқан кеште ұл-қыздар «Отан», «Туған жер», «Ерлік» жайындағы ақын-жазушылардың өлеңдерін айтып, тарихи кезеңге байланысты баяндамалар оқылды. Іс-шара барысында сонымен қатар, экраннан Ауған соғысы туралы мәліметтер слайдтта көрсетіліп, соғыс жайындағы көріністерге арқау болған қысқа метражды фильм жұртшылық назарына ұсынылды. Кеште сөз сөйлеген Абай орта мектебінің директоры Г.Асаубаева тарихи кезеңде талай арыстарымыз мерт болғанын айтып, соғыстың қайталанбауын тілесе, оқушылар шараға арнайы шақырылған ауған соғысының ардагерлері Б.Мусаев, Б.Таңатаровқа көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. 
«Ауған соғысы туралы фильмдерді көргенде шындыққа жанасатындары бар ма?», «Жауынгерлердің қаншасы елге оралмады?», «Ардагерлерге Үкімет тарапынан қандай көмектер көрсетіліп жатыр?» тағы сол сияқты сұрақтарға ардагер ағалар жауап қатып, жастарға игі тілектерін жеткізді.
*           *          *
Бейбіт күнде бөгде жерде  интернационалдық борышын өтеген аудан соғысының ардагерлеріне деген құрмет ешуақытта  төмендемейтіндігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Жақында Мырзатай ауылдық округінде жастар ісінің ұйымдастырушысы  И.Еркимбекованың  ұйытқы болуымен «Ер есімі – ел есінде» атты тақырыпта ауған соғысының бел ортасында болған  А.Жарылқасынов, Е.Бигазиев, А. Мейірбеков, А.Мерейбаевпен ауыл тұрғындары кездесті.
Алдымен кездесуге қатысқандар жат жерде қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.Бұдан соң Мырзатай ауылдық округінің әкімі Н.Абдуалиев  ауған соғысының қасіреті туралы айта келіп, ауған соғысының ардагерлеріне  “Ауған жеріндегі әскери қимылдардың аяқталуына  25 жыл толуына арналған” медальді табыстады. Ардагер Ж.Тәжібаев, Мырзатай әкімшілігінің іс жүргізуші бас маманы А.Оспаналиев  интернационалдық борышын адал өткерген  жауынгерлердің ерлігі ұрпаққа үлгі екендігін тілге тиек етті. Өз кезегінде  ауған соғысының ардагері А.Мейірбеков, А.Жарылқасынов, Е.Бигазиев, А.Мерейбаевтар   естеліктер айтып,  жастардың сауалдарына тыңғылықты жауап берді.
Кездесуде өнерпаз жастар ән мен күйден шашу шашты, жігіттерден құралған «Сұлтандар» көңілді тапқырлар командасы өздерінің сахналық қойылымдарымен дүйім жұртқа қуаныш,  көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ерлікті ұлықтаған шарада ауған соғысының ардагерлеріне сый-сияпаттар табыс етілді.

 

Өз тілшіміз.

Обновлено 17.02.2014 14:57
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін260
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада2989
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63738
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109548

Серіктестер