Талғат Мысықбаев 1959 жылдың 18 қарашасында Сарысу ауданының бұрынғы Байқадам селосында дүниеге келген. Оның әкесі Сапан Мысықбаев білікті ұстаз, ұзақ жылдар партия, кәсіподақ ұйымдарын басқарған, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» болатын. Ал, анасы Жұмакүл Сиятаева білім саласының үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Аудан ғана емес облыс көлеміне танымал үлгілі ұстаз болды. Міне осындай отбасында өмірге келген Талғат жастайынан білімге құштар болып өсті. Талғат Сапанұлы 1981 жылы Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Сарысу ауданының «Шығанақ» совхозында мал дәрігері болып бастады. 1983-1988 жылдары Сарысу аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші хатшы болып қызмет атқарды. 1988 – 1991 жылдары
Сарысу аудандық, Жамбыл облыстық партия комитеттерінің нұсқаушысы болды. 1992 – 1998 жылдары Сарысу ауданы «Қамқалы» совхозында бас мал дәрігері болып еңбек етті. Аудан орталығынан шалғайдағы, табиғаты қатал өңірдегі «Шығанақ», «Қамқалы» совхоздарында еңбек ету жас Талғатты ерте есейтті. Аталған екі совхозда мал басының өз төлі есебінен өсуіне мал маманы ретінде мол үлес қосты. Жамбыл ауданы «Юнчи» өндірістік кооперативінде мал дәрігері болғанда да елдің алғысына кенелді. 2001 жылы отбасы жағдайына байланысты осы ауданға қоныс аударды. Өмірлік тәжірибесі мол, білімді жігіт келе сала Байзақ ауданы әкімі аппаратына бас маман болып орналасты. Оның білімді әрі іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылары оны 2003 жылы Түймекент ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындады. Бірер жылдан соң әкімнің орынбасары қызметіне ауыстырылып, содан бері осы қызметті абыроймен атқарып келеді. Талғат аудандағы бірнеше ұлттың өкілі тұратын, үлкен округті басқарғанда алғашқыда жүрексінгені рас. Алайда өзінің талапшылдығы, білікті білімі, іскерлігі арқасында округ тұрғындарымен тез тіл табысып кетті. Округтегі мал, егін шаруашылығының өрістеуі мақсатында шаруа қожалықтары, кәсіпкерлерге қолдау жасап, елдің жағдайын жақсартуға көп күш жұмсады. Басты мақсаты – кешегі Кеңестер Одағы кезіндегі атағы алысқа кеткен «Трудовой пахарь» колхозының жетістіктеріне жетіп, халықтың жағдайын анағұрлым жақсарту болды. Округте мал, егінмен бірге халықтың әлеуметтік жағдайына да басымдық берді. Ауылда сәнді құрылыстар салынып, жолдар жөнделді, ауыз су тартылып, ауылға егін суы әкелінді. Көшелер тазаланып, жарықтар орнатылды. Міне, мұның барлығы айтуға оңай болғанымен, нақты істелген тірліктер. Ал сондай жұмыстардың басы-қасында округ әкімімен бірге Талғат та жүрді. Ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білетін азамат округке жаңадан келген әкімдермен де бірлесе қызмет етіп келеді. Бұл жылдарда округ халықтың табысын арттыратын пилоттық жобаға енді. Мұнда да қалай, қайтіп жұмыс жасау керектігі жөнінде халыққа Талғат көп нәрсені түсіндірумен болды. Нәтижесінде округ халқы бар болғаны 1-2 жылда-ақ көп жетістікке қол жеткізді, өз жағдайларын жақсартты. Ұзақ жылғы мемлекеттік қызметті атқарған белсенді еңбегі үшін облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұлардан басқа да әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізді. Жұбайы Бекманова Бибіхан Сейтбекқызы Түймекент орта мектебінде жас жеткіншектерге білім беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Қыздары Ляззат медицина қызметкері, Камшат, Камила білім саласында ұстаздық қызмет атқарады. Ұлы Мақсат мемлекеттік қызметкер, Диқан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Келіні Арайлым Еспай халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Немересі Бақдәулет «Қарлығаш» бала-бақшасына барып жүр. Талғат Сапанұлы қызмет атқарған жылдары әріптестері, шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер, ардагерлермен тығыз байланыста, табысты жұмыс атқарып келеді. Әсіресе ауылдағы аз қамтылған отбасы, жалғызілікті жандарға көмек қолын созып отырады. Ауылдағы жастар тәрбиесімен айналысуда өзінің кезінде Сарысу ауданында жастар жетекшісі болғанының пайдасы тиіп отыр. Ол еңбек ете жүріп, қызметтестері, сыныптас-курстас достарымен де достығын үзбей араласып тұрады. Түймекенттік еңбектен бақытын тапқан жан Талғат Сапанұлы бүгін 63 жасқа толып, зейнетке шығып отыр. Енді міне кешегі бала Талғат 40 жылдан астам еңбек етіп, зейнет жасына қалай жетіп қалғанын өзі де байқамай қалды. Ал оның ширек ғасырдан астам уақытында мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткенін айта кеткен жөн.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, Түймекент ауылы. |