|
Бұл жөнінде өткен жұма күні ұйымдастырылған «Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалының ХІV конференциясында сөз болды
8 ақпан күні нұротандықтар аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйіне жиналды. Партия аудандық филиалының кезектен тыс ХІV конференциясында алдымен Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, күн тәртібі мен жұмыс регламенті бекітілді. Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша баяндама жасаған
партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі М.Шүкеев биылғы жылдың бас құжаты – Жолдауда айтылған жарқын бастамаларды сөз етіп, ондағы екінші тармаққа арқау болған – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру жайында тереңірек түсінік берді.
Аудан басшысының Жолдаудағы дәл осы тармақты таңдап алуының да негізгі себебі бар, ол - елдімекеніміз аграралық өңір болғандықтан, алда біздегі шаруаларға осы негізде көптеген жұмыстар атқару маңызды болып отыр. Сондықтанда Президентіміздің Жолдаудағы «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс» деген сөздерін басшылыққа алған Мұратхан Жүнісәліұлы аудандағы ауылшаруашылығы саласы туралы деректерді атап өтіп, «Бизнестің жол картасы-2020», «Сыбаға» бағдарламаларына қатысты бағдарлы іс-шараларды тілге тиек етті. Егістік көлемі, өндірілген өнім, оның сапасы, тамшылатып суғару, жүйектеп егу технологияларымен айналысатын шаруа қожалықтары, жылыжайлар жағдайы, жалпы еңбек адамдарының еселі жетістіктері, елдегі хал-ахуал, мал шаруашылығындағы көрсеткіштер, мал басын көбейту шаралары, ветеринария саласындағы тың өзгерістер баяндамада толық қамтылса, келтірілген мәліметтердің барлығы сахна төріндегі слайдта көрсетіліп тұрды. М.Шүкеев бұл саладағы жемісті жұмыстармен қатар, кезек күттірмейтін көкейкесті проблемаларды да атап өтті. Оның ішінде егіншілік мәдениетін жолға қою, арамшөптермен күресте гербицидтерді пайдалану, жоғары репродукциялы тұқым себу, агротехникалық шараларды уақытылы атқару, ғылым жаңалықтарын қолға алу, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру, яғни ірілендіру мәселелеріне мейлінше мән беру керектігіне тоқталған аудан әкімі, үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жаңа «Агробизнес-2020» бағдарламасын тиімді пайдалану жайында баса айтты. Өңір басшысы ел-жұртты Жолдаудағы межелі міндеттерді біріге атқаруға шақырды. Кезек баяндаманы талқылауға берілгенде, мінбеге көтерілген «Жамбыл құс» ЖШС директоры М.Тұрмағанбетова, «Жадыра» шаруа қожалығының жетекшісі Г.Дәулетбаева, Байзақ ауданы әкімдігінің ветеринарлық қызметі шаруашылық жүргізуші құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қ.Ахатаев, аудандық мәслихат депутаты Е.Есімов, аудандық «Ауыл жаңалығы»-«Сельская новь» газетінің директоры-бас редактор С.Қалмұратов ел қамын күйттеген Жолдау, одан алған әсерлері жөнінде ой бөлісті. Өздері басшылық етіп отырған ұжымдардың тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқталып, болашақ жоспарларын тілге тиек етті. Жиында жиналғандардың да пікірлері тыңдалды. Ардагер К.Бесбаев егістік егумен айналысатын азаматтарға жанар-жағармайды несиеге беру, ағын суға қатысты проблемаларды шешудің жолдарын қарастыруды сұраса, өз кезегінде басшылық тарапынан бұл мәселеге орай тиісті жауап қайтарылып жатты. Мұнан ары қарай күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша партия Байзақ аудандық филиалының саяси кеңесі сайланып, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХІІІ конференциясына қатысатын делегаттар есімі таныстырылды. «Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалының ХІV конференциясына партия Жамбыл облыстық филиалы саяси кеңес мүшесі, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігі облыс бойынша басқармасының басшысы Б.Исақов, аудандық мәслихат хатшысы Н.Үкібаев, партия Байзақ аудандық филиалы төрағасының орынбасары Н.Тлепов қатысып отырды.
Өз тілшіміз.
|