Онлайн газет



Антқа адалдық

Ә. Садуақасов,
Үлгілі ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы.

Үстіміздегі жылғы ақпан айының 15-і күні 10 жылға созылған Ауған соғысының аяқталғанына 25 жыл толады. Бұл соғысқа еліміздің 22 мыңнан астам баласы қатысып,761-і жат жерде қаза тапты, 21 боздақ хабар ошарсыз кетті. Облысымыздан 2 мыңға жуық жерлестеріміз қатысып,өкінішке орай 71-і

қайтып оралмады.  Айдың-күннің аманында бұрқ ете қалған соғысқа Үлгілі ауылының перзенті Нұрлан Құрмантаев  та аттанды.
Орта мектепті бітіре сала сол кездегі Киров атындағы колхозда слесарь болып жұмыс істеп, өндіріске араласқан Нұрлан 1981  жылы  азаматтық  борышын өтеу жолында Кеңес армиясы қатарына шақырылады. Облыстық әскери комиссариатынан аттанған 120 жігіт Түркменстан Республикасының астанасы Ашхабад қаласынан бір-ақ шығады. Сол жерде іріктеу басталып 70-ке жуық жігіт  Теджент қаласындағы танкке механик-жүргізуші даярлайтын оқу жаттығу батальонына жіберіледі.
-Батальон базасы негізінен қаладан 25 шақырым жерде сынаптай сусылдаған құм ортасында орналасқан екен.  Оқу-жаттығу жұмыстары жаздың аптап 48-52 °С ыстығы жағдайында курсанттық өміріміз өтіп жатты,-дейді өзінің сөзінде ауғандық жауынгер.- Құм ішінде аптап ыстықта ауыз су тапшылығы қатты қинайды, оған да төздік.  Таңертең 5 тонналық машинамен әкелінген суға жантақ шөбін салып қайнатып, оны фляжкаға құйып алып, үнеммен пайдалануды үйрендік, су болмаса кешке дейін бір амалын тауып шыдайтынбыз. Бес айға созылған әскери оқу-жаттығуды үздік бітірген жамбылдық 10 курсант Т-62 танкінің механик-жүргізуші болып Ауғанстан Демократиялық  Республикасына жіберілгені есімде.
Сонымен бұл курсанттар ауған жеріндегі 40-шы Армия құрамындағы 89933 әскери бөліміне түседі. Полк Бадахшан провинциясының Файзабад қаласының маңында орналасқан. Курсанттарды негізінен полк, батальон, роталарына бөліп жібереді. Роталар қалалар арасын жалғастырып жатқан әскери жүктер, азық-түлік көліктер өтетін жол бойын күзетеді. Нұрландардың әскери бөлімшесіне стратегиялық маңызы бар аэродромды күзету жүктеледі. Айнала қоршаған дұшпандардан стратегиялық маңызы бар объектіні күндіз түні мінсіз күзеткен ротаны, 1982 жылғы сәуір айында жау шатқалында орналасқан Коканд ауылы маңындағы жол бойын күзету тапсырылады. Ротаның алдына әскери құрылымдарды, жергілікті тұрғындарды дұшпандардан қорғау, әскери колонналарды келесі пунктке дейін шығарып салу міндеттері жүктеледі.
-Дұшпандармен де осы колонналарды күтіп алу, шығарып салу кезінде талай жан алысып, жан беріскен шайқастар болды. Әсіресе, есімнен кетпейтіні, осындай колонна аттандыру кезінде таудан беткейге  түсетін жерде дұшпандар үлкен танкке арнап, қазған ор ішін сумен толтырып қойыпты. Қашанда танк бірінші жүретіндіктен бір танк орға түсіп кептелсе, ордағы танкіні сүйреп шығару барысында  тұтқиылдан шабуылға тап болдық. Діттеген жерімізге баруға мүмкіндік болмай таңға дейін дұшпандармен шайқастық. Өмір үшін күресіп,  өліммен бірнеше рет бетпе-бет  келдік. Осы кескілескен ұрыста дұшпандар жағы көп шығынға ұшырап, беті қайтты, ал біздер жақтан 3 адам ерлікпен қаза  тауып, 4 адам жарақат алды. Дұшпандардың бетін қайтарып, операцияны ойдағыдай өткізгеніміз үшін үздік механик-жүргізуші деп танылып, мақтау қағазымен марапатталдым. Басшылықтың мұндай  марапаттарына бірнеше рет ие болдым. Қышлақтағы тұрғындар Өзбекстанның Коканд облысынан, кезінде Кеңес Одағы жаңадан құрылған жылдары жаңа қоғамға қарсылық білдіріп  қашып барған өзбек ағайындар екен. Олар өз ана тілдерінде жақсы сөйлейді. Ауғандар өзбекше айтып түсіндіреді, мен орысшаға аударып, біздің офицерлерге түсіндіремін. Тілмаш-аудармашы рөлін атқардым,-дейді бізбен әңгімесінде Нұрлан ағынан жарылып.
Әскери борышын абыроймен атқарып келген майдангерді шаруашылық бастауыш комсомол ұжымы өзінің жетекшісі етіп сайлап алады. Ол кезде бұрынғы колхоз негізінде Киров  қызылша совхозы болып құрылған еді. Комсомол  ұжымына жетекшілік етіп, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласқан Нұрлан жастардың талай игі бастамаларына мұрындық болған-ды. Комсомол ұжымының бастамасымен жастар механизация саласына көп тартылды, олардың арасында Гүлнәр Қалдыбаева, Айша Сейсенқұлова секілді қыздар комсомол комитетінің жолдамасымен механизатор курсын аяқтап, трактор руліне отырды.  Егіншілік пен малшаруашылығы салаларында да жастардың үлесі көбейді. 1992-2004 жылдары аралығында Киров совхозының есепшісі, Үлгілі ЖШС-нің бас есепшісі, директоры қызметтерін атқарып, ауыл экономикасына өзіндік үлес қосқан Нұрлан Құрмантаев 2004-2011 жылдары Тараз қаласында ЖФ АО «СК» “Атын Полистің” бас  есепшісі, оның Бас өкілі және АО «СК» “Эко-Полис» компаниясының Жамбыл облысы бойынша директоры қызметтерін атқарды. 2011 жылдың қыркүйек айынан бері  ол «СК» “Номад” акционерлік қоғамы басқармасының Жамбыл облысы бойынша атқарушы директоры қызметін атқарып келеді.
Ауған  соғысының ардагері Нұрлан Құрмантаев  зайыбы Кембаева Мейрамкүл екеуі 1 ұл, 2 қыз өсіріп отырған  үлгілі отбасы иесі.  Зайыбы  кезінде Жамбыл былғары аяқ киім комбинатында цех бастығы болып еңбек еткен, қазір  үй шаруасында «Ұяда не көрсең, ұшқанда  соны ілерсің”  дейді халық даналығы. Үлгілі отбасында тәрбиеленген ұлы Нұртас – жоғары білімді заңгер, Астана қаласының сотында бас маман, үйленген 1 ұлы бар. Қызы Әсел – жоғары білімді, ТарМУ-де программист. Кенже қызы Әсем 11-сыныпта оқиды.
-Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың  «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы басым бағыт- “Мәңгілік Ел” идеясын қуаттап, ата-бабаларымыздың сан мыңдаған  жылдан бергі асыл арманын жүзеге асыру-келешек ұрпақтың міндеті. Ол үшін ынтымақ бірлік, татулық, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек. Сонда ғана  Жолдаудағы басым бағыттарды жүзеге асыруға  болады. Ал ең бастысы  жер бетінде лайым соғыс болмасын, адамзат баласы бейбіт тірліктің, бейбітшілік пен  татулықтың  қадірін білсін, - дейді ардагер.

 

Обновлено 12.02.2014 10:31
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін383
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада3112
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63861
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109671

Серіктестер