|
Бүгін менің туған күнім, Ой , бәле -ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, “Мынау-шапан, Мынау-атың, мін”- демей.
…Тойланбаса тойланбасын, Не етейін. Той көрмей-ақ ,сый көрмей-ақ өтейін. Қаламымды берші маған, бәйбіше, Болашаққа арыз жатып кетейін,- деп жырлаған Мұқағали Мақатаев ақпан айының 9-ы күні өмірге келген болатын. Халқымыздың ақиық ақыны, жыр дүлдүлі, ғасырда бір туатын дарабоз ақынның артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздай сәулесін шашып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келеді. Ақынның қиын тағдыры, замана қақтығыстарымен айқасқа түскен өршіл мінезі мен тұрлаусыз өмір тұншықтырған асау жырлары кез-келгенімізді поэзияға деген құштарлыққа жетелей беретін болады. Артына өшпес мұра қалдырған Мұқағали ақынның туылған күніне орай республикамыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі шаралар өріс алып, өр тұлғалы ақынның арынды өлеңдері шашу болып шашылуда. Жуырда, аудан орталығындағы Сарыкемер мектебінде педагог ұйымдастырушы Қ.Жұмағұлова мен мектеп тәлімгері Р.Бекбергенованың ұйымдастыруымен «Жырлайды жүрек» атты тақырыпта өршіл ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан мектеп оқушылары арасында байқау өтті. Байқаудың беташарын Алматы қаласында өткен ІV республикалық Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың ұйымдастыруымен өткен “Жырлайды жүрек” атты М.Мақатаевтың өлеңдерін оқудан және өлеңіне жазылған әндерден балалар арасындағы байқаудың “Көркем сөз” номинациясының бас жүлдегері, осы мектептің оқушысы Мәди Жанұзақ пен аталмыш байқауда эстрадалық вокал номинациясы бойынша ІІ орын иегері атанған А.Қадірбекова ақынның жүрек қылын шертетін жырларын төгілтіп оқыды. Өскелең ұрпақ бойына Мұқағали жырлары арқылы Отанын сүюге, тілін құрметтеп тәрбиелеуге бағытталған шараға 4 және 9-сынып оқушылары қатысып, ақиық ақын өлеңдерін жарыса жатқа оқып, бір-біріне дес бермеді. Поэзияны жанына серік етіп жүрген қауырсын қалам иелері ақиық ақынға деген сүйіспеншілігін жырмен өрнектеп жатты. Байқау барысында ақынның “Шын ғашықпын”, “Досыма хат”, “Үш бақытым”, “Халқым барда”, “Поэзия”, “ Анау аспан, мынау бақ”, “Жоқ, дәрігер!”, “Жасыл бағым жайнаған”, “Ажалға”, “ Досыма хат”, “Фаризаға”, “Шеше сен бақыттысың”, “Сәби болғым келеді”, “Айбармен әңгіме”, “Бүгін менің туған күнім”, “Жолым менің болмай жүр”, “Болашаққа арыз жазып кетейін”, “Елім барда”, “ Әке аманаты”, “Мына қасқа”, “Күзгі жолда”, “Аққулар, қош болыңдар” атты жырларын мәнерлі де мәнді етіп оқи білген оқушылардың өнеріне көпшілік үлкен қошемет көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен І орынды 5 “ә” және 8 “ә” сынып оқушылары А.Әшім мен К.Сүюнова жеңіп алды. Екінші орын тұғырынан 5 “ а”, 6 “ а” және 9 “ә” сыныптың оқушылары Т. Есетов, Ұ.Нұржауова, Ж.Әуезовалар көрінді. Үшінші орынды 4 “ а”, 6 “ а”, ә” сыныптың оқушылары С. Смағұл, Е.Орман және Н. Бақтыбек өзара бөлісті. Жеңімпаздар арнайы Дипломмен және Алғыс хатпен марапатталды. Мұқағали күнделігінде: “Маған нағыз баға беретін келешек ұрпақ! Нағыз бағалаушылар алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын”,- деп 43 жасында жазған екен. Ақынның осы бір сөзі шындықпен астасып жатқандығы соншалық бүгінгі таңда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ақынның жауһар жырларын жатқа оқып қана қоймай, оның талантына бас ие беретін болады.
Өз тілшіміз.
|