Онлайн газет



ОТАНДЫ ҚОРҒАУ - ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Отан - ең қастерлі да қасиетті сөз. Туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш саналады. Асыл дініміз де Отанды қорғаудың маңызды екендігі айтылған. Бұған қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен нақты дәлелдер келтіруге болады. Мәселен, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген. Түсінген адамға бұдан асқан Отанға, туған жерге деген ықылас, махаббат болар ма?
Бірде сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру...» деп жауап берген. Бұдан Отанды қорғау – әрбір адамның перзенттік парызы екендігін түсінуге болады.
Талай тар жол, тайғақ кешулерді, басынан кешірген халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, баласын ана сүтімен бірге Отанын сүюге және қорғауға тәрбиелеген. Елін, жерін қорғау,  қоғам қауіпсіздігін сақтау – әрбір иманды ердің борышы. «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің астарында үлкен мағына жатыр.«Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз», – деген екен пайғамбарымыз (с.ғ.с).
Ата-бабаларымыз  ғасырлар бойы аңсаған арманы-тәуелсіздікке қолымыз жетті. Отыз жылдың ішінде еліміз төрткүл әлемге танылды.Тыныштық пен тұрақтылық, бірлік пен татулықтың арқасында егемен еліміз өсіп-өркендеп келеді. Ендігі мақсат-тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, елдегі ішкі тұрақтылық пен бірлікті сақтау, жасампаз еңбекті қамтамасыз ету.
Исламда бес нәрсені қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді.
Кейінгі кездері Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден  жалтарған жастарымыз кездесіп қалуда. Бұл  ер азаматқа лайықты әрекетке жатпайды. Сондықтан ата-аналар  ұл бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың бойына Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруы керек.
Ел Президенті биылғы “Әділетті мемлекет.  Біртұтас ұлт.  Берекелі қоғам” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:“Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл - еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу”,- деп атап өтті.
Халқымызда “Ер-елінің қорғаны” деген аталы сөз бар. Қазақтың даңқты батыр ұлдарының бірі - Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің», - деген екен. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін  байтақ жерімізді  қорғап, тарих бетіне есімдерін алтын әріппен жазған даңқты батырларымыз қаншама десеңізші. Батыр бабаларымыздың ерлігінен үлгі алатын, қайсар да өжет, қиындықтан қорықпайтын жас ұрпақты тәрбиелеу - ортақ міндетіміз.

Абдулбари Амиров,
“Жаныс баба”мешітінің имамы.
Абай ауылы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін469
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6486
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32053
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202783

Серіктестер