Елімізде жемқорлықтың алдын алу, жемқорлық көріністерінің пайда болу себептері мен жағдайларын жою мақсатында нақты шаралар қолға алынып жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Cтратегиясының маңызы зор. 1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу - ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілген еді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын
қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Ашықтық пен әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру – қазіргі күннің басты талабы. Осыған бастайтын жол - жемқорлықты түп-тамырымен жою. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында: «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Жемқорлықтың кез-келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейтеміз”,-деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын да атап өтті. Сондықтан жемқорлыққа, пара алушылыққа, құқық бұзушылыққа қарсы төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында Үлгілі ауылдық округінде жастар арасында “Жемқорлықсыз болашақ”, “Парасатты қоғам”, “Қоғам тазалығына парақорлық жат”, “Жемқорлыққа жол жоқ” тақырыптарында кездесулер, дөңгелек үстел, еркін пікір алмасулар өткізілуде. Мұнымен қатар жастарға сыбайлас жемқорлықсыз өмір сүру, жат әдеттерден бойды аулақ ұстау, жемқорлыққа жол бермей, адал табыс табу, жемқорлықсыз ашық, әділ қоғамда өмір сүрудің мән-мағынасы түсіндірілуде. Өзгеріп жатқан заман, қоғам жаңалықтары жас ұрпаққа әр қилы ықпал жасауда. Осыған қарамастан жас ұрпақ бойына адамдық құндылықты, отаншылдықты, ұлтжандылық пен еңбекқорлықты қалыптастыру міндеті тұр. «Пайда ойлама, ар ойла», – деп Абай атамыз айтқандай, әрбір азамат өз ісін мінсіз атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесін қосса, отбасында перзенттеріне ар-ұяттың маңызын, парақорлықтың зиянын, адал жолмен ризық табудың өзектілігін түсіндіріп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Жемқорлықпен күрес - маңызды басымдықтың бірі. Жастар мен жасөспірімдер, оқушылар мен білімгерлер арасында ағартушылық жұмыстарды үздіксіз жүргізу, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және жемқорлыққа қарсы мәдениетке тәрбиелейтін түрлі іс-шараларды жиірек өткізудің маңызы зор деп білеміз.
Елнұр Бейсенқұлов, Үлгілі ауылдық округінің Жастар ісі жөніндегі аға инспекторы. |