Онлайн газет



АЛАШТЫҢ АРҚАЛЫ АҚЫНЫ ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР

Ұлы Даланың қай бұрышы болса да, таланттардан кенде емес. Сөз ұстаған шешен, ел ұстаған көсемдерін пір тұтқан, айтқанына ұйып, ой нәріне шөл қандырған халқымыздың ақындарға  деген құрметі айрықша. Әр өңірдің өзіндік мақамы мен сазы, сөз мәнеріне үңілер көркемдік талғамы бар. Оңтүстік өңірдің өзіндік мақамды жырлары осы өңір жұртшылығының  рухани қазынасы болып қалмастан, тұтас қазақтың өлшеусіз байлығы. Төкпелеп, ақ жаңбырдай құятын, тыңдағанды ықылым заманнан бергі небір асыл жауһарларға  бастайтын осы киелі дәстүрдің алтын арқауын кейінгі кездері айтыскерлер мен жазба ақындарымыз да өзіндік өрнекпен жеткізуде.
Кең байтақ Қазақстанның өзге аймақтарындағыдай Байзақ ауданы да өнер майталмандарынан кенде болған емес. Әріге бармай-ақ, сонау ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бергі кезеңге тоқталсақ, қазақ менталитетіне тән-айтыс өнерінің алғашқы қарлығаштары ауданымыздан шыққан Анаркүл Бейсенбайқызы, Әмірбек Батшабекұлы, Сейдіқұл Самықұлы, Шәрия ақын, Сәйду Әмірұлы, Әбілдәбек ақын, Сәбден Бейсенбітегі, Жақсылық Сәтібеков, тағы басқа да жыр сүлейлері кезінде айтыс аламанының көрігін қыздырған өнерпаздар еді.
Егемендік алғаннан кейін  айтыс өнерінің туын жықпай, республика жұртшылығына танылған ақындарды атап өтсек. Солардың бірі - ақын Қасқырбай Нарбатыр, кешегі Ауған соғысының ардагері, марқұм Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, Алтынкүл Қасымбекова т.б.
Әзімбек әзілдесе отырып, айтысқанға шебер, айтыс үстінде шаппа-шап жауаптасудың тапқыры екендігімен танылған болатын. Әзімбексіз өткен айтыстың қызығы аздау көрінетін тыңдарманға. Марқұм тірі болғанда үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде алпыс жасқа толар еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында елден ерек сөз мәнерімен, бөлек ойлау ұтқырлығымен сөз өнерінің ұлықтығын алыс жақынға паш етіп еді.
Әзімбек ақындыққа бет ала бастаған кезде Кеңес армиясының қатарына алынып, мұнда от шашып, жалын атып тұрған Ауған соғысына тап болады. Жалынды от пен борап тұрған оқтың ішінен аман оралған жауынгер ендігі жерде өз еліне бар болмысымен қызмет етуге бел буады.
Өнер атты тылсымның құпиясын кім ашқан дейсіз?! Осылай айтыс ауылына бет бұрған Әзімбек Көпенұлы алғаш 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орайластырылған ауданаралық ақындар айтысына қатысып, Жамбыл ауданынан келген қарсыласын шаң қаптырып, жеңіс тұғырынан көрінеді.
Ал, бұдан кейінгі облыстық ақындар айтысында да әуезді де қоңыр дауысымен, бойыңды иітер әуенімен былайғы жұртты елітіп, бас жүлдені жеңіп алғаны бар. Ал, 1987 жылы Қызылорда қаласында бүкілқазақстандық жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың 70 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында торғайлық ақын қыз Жадыра Құтжановамен сөз сайысында жеңімпаз деп танылып, үздік айтыскерлерге берілетін ауыспалы жүлденің тұңғыш лауреаты атанды.
Сөз өнерінің құдіретін түсінген Әзімбек сахнаға көтерілгенде ұлттық өнердің тұтас болмысы көз алдымызға келетін. Әуезінің өзі басқадан бөлек еді. Әзімбектің аты аталғанда жұрттың пейіл-ықыласы залды кернеп кететін. Өзгелердей созбақтамай, жаттағанын зырылдатпай, баппен, байыппен сөз бастайтын. Қарсыласының адуынын, желдіртпесін түйінді ойымен түйіп тастайтын да, әріптесін басқа қиырға бастайтын. Мұндайда тумасынан ұлттық мәденииеттің уызына жарымағандар не дерін білмей, аңтарылып қалушы еді. Оның бойындағы ең үлкен ерекшелік не? Ол мұндай биікке қалай жетті? Бұл сұрақтарға кезінде-ақ жауап берілген. Ең бірінші, ол елден бөлек мақамымен тыңдаушысының құлақ құрышын қандырды. Өзгелер секілді өрекпеу, қарсыласын келсін-келмесін мұқату, одағай тіркестерге үйір болу оған жат еді. Өзінің мақамын алыстан толғағанда-ақ ақынның мысы басып кететін. Жұрт сілтідей тына қалушы еді. Мұның мақамын жергілікті әуезден алғанын да айта кету артық болмас. Әріптестерінің айтуынша, Әзекең бұрынғы өткен қариялардың, әнші-күйші, жыршылардың өнеріне ерекше қанық болған. Екіншіден, ол сахнада шынайылығымен жұртқа жағушы еді. Орынсыз артистік жоқ болатын онда. Бірақ сахнадағы отырысы, қимылы, қарсыласын аңдып, дем бере отырып, өзінің икеміне тартуы құп жарасымды еді. Сондай-ақ, әр сөзін мәнерлеп, ұтымды ойына айрықша екпін түсіріп айтатын. Бос сөз, артық байбаламсыз жеткізетін ойын. Төкпелігінен гөрі, тапқырлығы, ұтымдылығы басым еді. Сөз орамдары, орынды теңеулері, көркемдеп жеткізуі де өзінше бір бөлек әңгіме. Оның айтқан ұтымды жауабы елдің, тыңдарманның есіне бірден жатталып, ел арасына кеңінен таралып кетуші еді. Бұл жайлы қайбір  әріптесінен сұрасаңыз да тұшындырып айтады. Әселханмен айтысқан кезіндегі әзіл-қалжындарын, лирикалық шегіністерін, қағытпаларын жұрт ұзаққа дейін ұмытпай айтып жүретін. Бұл жайлы біз төмендегі әріптестерінің жауаптарынан да байқаймыз.
Белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов әріптесі әрі досы жайлы: «Әзімбектей сайыпқырандар халықтың ішкі руханияты толысқан шағында өмірге келеді. Ол ойы ұтқыр, әзілге, тапқырлыққа ұшқыр ақын болатын. 1987 жылы комсомолдың 70 жылдығына орай радиода «Ұшқын» атты ақындар сайысы өтті. Содан суырылып шығып, республикалық ақындар айтысына қатысты. Міне сол кезде танысып едім. Ашық-жарқын, Құдайдың өзіне сай берген мінезін жасып-жаппайтұғын. Оның әзілге үйірлігі, тапқырлығы бәрімізді тәнті ететін. Әсіресе, Әселханмен айтысқандағы сөз мәнері, толғамды ойлары жұртты қыран-топан күлкі мен астарлы ойға бастайтұғын. Сол кездегі айтқандарын осы кездері жиын-тойларда тамадалар айтып жүр. Әзекең, сондай-ақ, жай айтыскер ғана емес. Оның мақамы өзгеше, сөзі мірдің оғындай нақылға толы термелері бар еді. Оларды орындағанда, көзіңе жас үйіретін. Себебі, өткінші жалғанның мәні мен маңызын, тіршіліктің бұлтарыс-қалтарысын түйдектетіп айтқанда, өзіңнің өміріңе зер сала қарар едің... Әзекеңнің өнерде бағы жанған тұсы да, кейде саябырсып, бабы келіспеген тұсы да болды. Сондайда «Термелеріңдегі мына айрықша ойларды неге айтпайсың?»- дейтінмін. «Соным дұрыс болмас...» дейтін жәй ғана. Өнерге риясыз берілгендік еді онысы. Қазір сол термелері ұмытылып барады. Әзекеңнің мұраларын іздестірушілер болса, алдымен соған назар салғаны жөн-ау. Кейіндеп сырқаттанып, жүдеп жүрді. Қанды соғыстың зардабынан екенін мұң ғып шағатын. Алматыда өткен бір айтыста үш күн бір пәтерде демалып, емін-еркін сырластық. Халықтың ауыз әдебиетін, Талас өңірінде арғы-бергі дәуірлерде өткен шешендер мен ақындар, жыршы-термешілер жайлы өте жақсы білетіндігін аңғардым. Асыл дос көп өтпей бақилық болды. Биыл елу жылдығына орай Жүрсін Ерман бастаған топ республикалық ақындар айтысын өткізсек деп жоспарлап жүрміз. Жүрсін қолға алса, іске аспайтын шаруа жоқ. Сол кездегі айтысты әлі күнге сағынамын. Әзімбекпен қатарлас өнерге келген Жандарбек, Еріктердің өнердегі бәсі жоғары еді. Олар да бұл күнде арамызда жоқ. Оларды ұмытпау біздің парыз деп білем...» деп кеңінен ақтарылды.
1988 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық ақындар бәсекесінде де, 1989 жылы Алматы қаласында өткен Наурыз мерекесі құрметіне арналған республикалық ақындар айтысында да толайым көрермендердің талап етуімен үздік ақын атанғаны ел есінде. Осынау құрметке лайық Әзімбек ақын сол жылы жазда Ақтөбе қаласында тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, Құдайберген Жұбановтың 90 жылдығына орайластырылған үш күндік, туысқан қырғыз бен өзбек ақындары қатысқан халықаралық ақындар айтысында бас бәйгені қанжығасына байлаған еді. Айтақын Бұлғақовтың айтқан жұлдызды шағы, міне сол кезең. 1991 жылғы айтыста жыр бәсекесінің «боз жорғасы» атанған Манап Көкенов атындағы жүлдені иемденсе, халқымыздың танымал жазушысы Оралхан Бөкейдің рухына арналған, Өскемен және Алматы қалаларында өткен аламан айтыстарға қатысып, жыр додасының нағыз өкілі екендігін дәлелдеген де осы Әзімбек Көпенұлы болатын. Яғни, ол айтыс ақыны болу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін, қиын өнер екенін дәлелдей білді. Оның айтыс өнеріндегі ақтаңгер екеніне ешкім таңдана қоймайтын ол кезде.
Ал өнерде талай сынақтардан бірге өткен, талай додаға бірге түскен Есенқұл Жақыпбеков досының өзі бір театр екенін айтады. «Әзімбек ел құсап бірте-бірте жетіліп, асықпай, айтысқа келген жоқ, бірден жарқ етті. Әсіресе, өзіндік әуезі тыңдарманын баурап алды. Әрине, ол жастайынан іштей өзін-өзі тәрбиелеген, өсірген. Ал сахнаға Алла берген дарынымен еш дайындықсыз шығатын. Басқалар жазған қойын дәптерінен жаттап жүргенде, ол еш қысылмастан кімге салса да суырып салып ақтарылушы еді. Дайындықсыз болса да, өзгенің құрған торынан іркілмей өтетін. Қарсыласы ауыр, қорғасындай ойға бастаса, ол қарапайым әзілімен сол ауырлықты жеңілдетіп жіберуші еді. Сол қылығымен жұртқа өте сүйкімді болды. Айтыскер ақынға не керек болса, соның бәрі Әзекеңде бар еді. Көп бірге болдық. Сері көңілді, жомарт мінезді еді. Біздің ауылға келсе, қайтқысы келмейтін. «Ауылға қайтқанша, осында жүрсем, ойым сергек болады» деуші еді марқұм. Менің «Ауылға қайтқым келмейді» деп өлең жазғаным бар сол сөзді негізге алып. Қайтыс болғанша бізбен хабарласып тұрды. Бәрін аманаттап айтатын телефонда. Өзінің сырқатының ауыр екенін, дәм-тұзы ұзаққа бармайтынын жеткізетін. Біз: «Ажалдың кімді таңдарын бір Алла біледі, олай жасыма, рухыңды тік ұста» деуші едік. Бірақ ол: «Өзімді менен артық білмейсіңдер ғой» дейтін кейіп... Мұндай сөзді есту де, айту да оңай емес еді. Тыңдап отырып жүрегіміз езілетін. Не шара, көп өтпей көз жұмды».
Біз замандас-әріптесі Шорабек Айдаровтың мына сөзін келтіре кетелік. «Айтыс өнеріне құлып салынып, қамауда ұстағанда, Кеңес Одағы нені көкседі дейсіздер? Ұлттың рухын басып-жаншуды көкседі. Содан арада біраз уақыт өткенде қайта қолға ала бастады. Бірақ, ол кезде дәстүр жібі үзіліп қалған еді. Басында сахнаға шығып, қағазға қарап өлеңді әуендеткендер болды. Жұрт соны да айтыс деп қабылдады. Бірте-бірте бірер сұраққа іркілмей жауап бергендердің бағы ашыла бастады. Кейіннен тұтас бір бөлігін дайындықсыз, жаттаусыз айтатындар өрге озды. Ал одан соң тұтас айтыс бойы жатқа, суырып салып айтатындар сахнаға көтерілді. Соның басында Әзімбек Жанқұлиев тұрды... Мен білетін Әзекең көпшіл, туысшыл болатын. «Ана туғаным ауырып қалыпты, мына бауырымның жағдайы нашарлапты, ана бір тентегіміз ауруханаға түсіпті» деп зыр жүгіріп жүретін. Ел қамын, туыс-туған қамын қатты күйттейтін. Солар үшін шыр-пыр болатын үнемі. Атағым алысқа кетті деп тәкапарланғанын көрген емеспіз».
41 жасында бақилық болған  Әзімбек Жанқұлиевтің артында қалған ел-жұрты оның рухына арнап іс-шаралар өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған.2008 жылы оның ауылдастары мен ауылдан шыққан меценаттар ағайынды Досжан мен Есжан Әміровтардың демеушілігімен «Алты Алашқа танылған...» атты алғаш рет Әзімбек Көпенұлының аруағына бағышталған ақындардың аудандық айтысы өтті. Адуынды ақынның рухына арнап «Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалы мен аудан әкімшілігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 2012 жылғы қарашаның басында әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде ақындардың облыстық айтысы өткізілді. Ақынның жолын таңдап, ізін суытпайтын өнер иелері жетерлік екен. «Сен тұр, мен айтайындар» шетінен. Сол өскіндердің осы өреде өнер көрсетуіне, жалпы  айтыс өнерінің ерекше дамуына айрықша ықпал еткенін Әзімбектің айтысын тыңдаған жұртшылық біледі.
Айтыс десе, қазақ, қазақ десе, айтыс ойға оралады. Қалай болғанда да ақындық өнердің туын жықпай желбіретіп, талай аламан бәйгелерде суырылып алға шығып,  айтыс мәресіне мәнімен жеткен  Әзімбек Жанқұлиевтің қабырғалы елі, бірлігі бекем жұрты барда, аты өшпек емес.

Нұржан Тлепов,
аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының директоры.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1230
mod_vvisit_counterКеше1669
mod_vvisit_counterОсы аптада7899
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда37502
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2244888

Серіктестер