|
Ж. Қожамқұлова, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп көзден таса, көңілден ұмыт қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондай жылдардың еншісіне биылғы жылды жатқызуға болады. Үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында Елбасымыз өзінің кезекті Қазақстан халқына
Жолдауын жариялады. «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік ел» құруды көздеген ұзақмерзімді стратегияны іске асыру жөнінде нақты бағдарлама ұсынып, еліміздің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздеп, алдағы 35 жылды 7 бесжылдыққа бөліп, әр бесжылдықта атқарылатын міндеттерді нақтылады. «Тарихты халық қана емес, ұлы адамдар да жасайды» демекші, ұлы даланың перзенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділікпен жүргізген саясатының нәтижесінде тәуелсіз еліміз әлемге танылды. Ата-бабалар аңсаған еркіндікке қолымыз жетті. Тәуелсіздіктің 22 жылында ғасырға татырлық өркенді істер қолға алынып, Қазақстан Республикасы экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Өткенді ой елегінен өткізсек, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Қазақ халқы көптеген қиындықты бастан кешті, талай азапты көрді. «Мың өліп, мың тірілсе» де қазақ қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Сол арман өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жүзеге асты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлсіз экономикалық жүйе, жетілмеген саяси реформалар қалың бұқараға ауыр тиді. Көптеген өндіріс орындары жабылып, жұмыссыз қалған адамдар базарларды жағалады. Зейнеткерлер айлап зейнетақысын алмаған кездер де болды. Жарық сағаттап беріліп, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына деген сұраныс артып, балалар бақшалары мен мәдениет ошақтарының есігіне қара құлып салынды. Өтпелі кезеңнің қиындығынан жол тауып, халқын алдағы жарқын күндерге жігерлендіре білген Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Ендігі мақсат-егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін стратегиялық құжатта «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру- жастарға жүктеліп отырған міндет ауқымды деп білемін. Мемлекет басшысының: “Ендігі ұрпақ-мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы-Мәңгілік ел! Мен Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары-«Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. ...Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана - Мәңгілік ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылып, ұдайы алға ұмтылуымыз керек” деген сөзі баршамызға үлкен жауапкершілік жүгін артып отырғаны рас. Әсіресе, бұл жерде ел келешегі-жастардың қолында еліміздің ары қарай өркендеуі тұрғандығын анық сезінесің. Еліміз 2050 жылға дейін әлемнің озық 30 елінің қатарына енуі үшін жастарымыз білімді де білікті, озық ойлы, отаншыл болуы шарт. Оның түпқазығы отбасынан, балалар бақшасы мен мектептен бастау алады. Отбасында ұлағатты тәрбие алған бала мектепке дейінгі мекеме мен білім ошағында саналы білім мен тағылымды тәрбие алса, онда елінің нағыз азаматы болып шығады деп сенемін. Ол үшін жастарымыз біліммен толық қаруланып, ғылымға ден қойғаны абзал. Жолдауда 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, елдегі барлық мектепті екі аусыммен оқытуға көшіру, жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу жайы баса айтылған. “Білім - таусылмас қазына, елдің дамуына салынған инвестиция” десек, шындығында да қазіргі таңда білім мен ғылымның алатын орны артып келеді. Елбасымыздың шынайы қамқорлығының арқасында білім қуған жастарымыз “Болашақ” бағдарламасы арқылы шет мемлекеттерде білім алып, бүгінде еліміздің барлық саласында халық игілігі жолында қызмет етуде. Ал облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дәріс алып жатқан өрендердің білімге деген құштарлығын көріп, көңілім марқайды, ондағы ұстаздардың сабақ беру барысында қолданып жатқан мультимедиялық технологиялар алдағы уақытта басқа білім ошақтарында да қолданылатын болып отыр. Мұнымен қатар, Жолдауда қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернет тіліне айналып отырғанын Елбасымыз айтып өтті. Германия, Голландия секілді мемлекеттерде қазақ тілінде ғылыми мақалаларды жариялайтын журналдар жарыққа шыққандығын естіп, қазақ тілінің әлемдік өркениеттен өзінің орнын ала бастағаны үлкен жетістік деп білемін. Тұтастай алғанда, Елбасының Жолдауы-еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық қырларына терең талдау жасап, ел алдында тұрған жаңа тұрпатты міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға жұмылдырады. |