Онлайн газет



Сауатты кадр - жемісті жұмыс

Ә.Садуақасов,
Үлгілі ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы, еңбек ардагері.

Өткен тоқсаныншы тоқырау жылдарының жұрттың есінде ұзақ сақталуы  әбден заңды. Өйткені «Қызыл империя» күйреп, шаруашылықтар тарап, экономикалық жағдай тұралап қалғаны шындық.
Бұл жай халықтың әлеуметтік-тұрмыстық тіршілігіне де үлкен ауыртпалық түсірді. Әсіресе бюджет есебінен жалақы алатын білім беру, денсаулық сақтау т.б. мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне ерекше ауыр тиді. Дәрігерлер мен ұстаздар жалақыларын дер кезінде, тіпті бірнеше айлап ала алмай сергелдеңге салынғаны бар. Олар еңбекақыларын шаруашылықтардан, олардың салық алдындағы қарызы есебінен қымбат бағаға мал, ұн, қант т.б. азық-түлік заттарымен мәжбүр болды. Ақшаның инфляциясы да қиындық үстіне қиындық туғызды. Осыдан келіп мектептерде қызмет ететін жоғары санатты, тәжірибесі мол ұстаздар саудаға шығып, базар жағалай бастады. Көбі кәсіпкерлікпен айналысып кетті. Елімізде орын алған осындай қиын кезеңдер біздің ауданға да өз әсерін тигізбей қоймады.
Білім саласына басшылық жасайтын, методикалық көмек беретін білім басқармасы қысқарып, аудан әкімдігінде аналитикалық орталық болып құрылды. Мектептердің сол кездегі материалдық-техникалық, оқу әдістемелік базасы еш сын көтермеді. Мұның барлығы жастарға сапалы білім, саналы тәрбие  беруге де тікелей кері әсерін тигізді.  Қысқасы, айта берсең бұл кезеңдердің ауыртпалықтары жетерліктей еді. Қалай дегенде де кемшіліктерді жою үшін шұғыл шаралар қолданып, қиындықтардан шығудың жолдарын іздестіру қажет болды.
1998 жылдың басында ауданға әкім болып, Қожахан Көкірекбайұлы Жабағиев (қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) келді. Бұрын комсомолда жетекшілік етіп, ірі шаруашылықта басшылық жасаған жас әкім келген күннен бастап ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайын сараптай келе, жұмысты жақсартудың ұтымды жолдарын ойластырды. Ауданымыз аграрлық өңір болғандықтан, алдымен шаруа қожалықтарының жұмысын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау шаралары басты назарға алынды. Білікті басшы, сонымен қатар, мәселені шешу үшін сауатты кадрлар мен тәжірибелі мамандарды іректеуді қолға алды.
Сондай күндердің бірінде аудан әкімі Қ.Жабағиев мені шақырып алып: «Сіз көп жылдар бойы шаруашылықтарда  басшылық қызметте және мамандығыңыз бойынша бас есепші болып қызмет атқарған екенсіз және атқарып та келесіз. Жинаған көп жылғы тәжірибеңіз бар екен. Президентіміздің тапсырмасын бірауыздан қолдап, жүзеге асыру үшін бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Сізге жауапты жұмыс тапсырып, сенім білдіргім келіп отыр» - деді. (Мен ол кезде бұрынғы Киров совхозында, кейінгі Медеу өндірістік кооперативінде бас есепші қызметінде болатынмын). Мұнан кейін Қожахан Көкірекбайұлы сол кездегі облыс әкімі С.Қалмырзаевтың білім, әкімшілік мекемелеріне бөлінетін бюджеттік қаржыны тиімді, мақсатты жұмсап, пайдалану үшін аудандарда  орталықтандырылған бухгалтерия құру жөніндегі өкімімен таныстырды да: «мекемеге басшылық жасауды Сізге тапсыруды ұйғарып отырмын»- деп сенім артып, іске кірістік.
Тез арада жаңадан құрылатын ұжымның штаттық кестесі, шығыс сметасы жасалынды. Орталықтандырылған бухгалтерияға штаттық кесте бойынша 16 бірліктен тұратын экономистер, қаржыгерлер, есеп қызметкерлері қызметке алынды. Ұжымға ауданның 70-ке жуық мекемесінің есеп-қисабын жүргізу міндеті жүктелді. Қысқа мерзім ішінде қыруар оңды жұмыстар атқарылды. Одақ ыдырағаннан кейін жекелеген мектептердің, балабақшалардың егесіз қалған ғимараттары балансқа (кіріске) алынып, материалдық жауапты адамдардың жауапкершілігіне бекітіліп берілді. Барлық ғимараттардың техникалық төлқұжаттары жасалды. Дебиторлық қарыздары анықталып, оны өндіру, өтеу жолдары белгіленіп, нақты іс-шаралар жасалды.
Бюджеттен бөлінген қаржы өз мақсатында жұмсалып, білім және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері жалақыларын  дер кезінде алу жайы қамтамасыз етілді. Есеп-қисаптың оперативтілігі қамтамасыз етіліп, бюджеттік қаржыны мақсатты жұмсаудағы тазалық басты назарда болды. Осындайда бас маман Рабиға Анарқұлова, есепшілер – Жанар Нарбаева, Раушан Қараулова, Гауһар Дүрмекбаева, Айткүл Бекиева, Жанар Мадімарова, Шаһарман Шарипова, Жанат Таева, Кенже Ахметова, Нағима Шынбатырова, Ақбөпе Саққұлова секілді  білікті мамандардың еткен еңбектерін атап өткен жөн. Қаражатты есептеу, оны тиімді жұмсауда есеп қызметкерлерінің рөлі, әсіресе нарықтық экономика жағдайында өте жоғары. Өкінішке орай, осы мамандық иелерінің еңбегі кейде ескеріле бермейді.
Айтайын дегенім, осы ұжымнан шыңдалып шыққан бірқатар білікті мамандар бүгінде ауданымыздағы қаржы салаларында қызмет етеді. Қазіргі таңда кезінде құрылған бюджет мекемелерінің орталықтандырылған бухгалтериясы қайта құрылып, аудандық білім басқармасының құрамына енген. Қалыптасқан дәстүрге сай есеп қызметкерлері өз қызметтерін абыроймен атқаруда.
Шындығында да бәрін сауатты кадр, тәжірибелі маман шешеді. Бұл жағынан келгенде өткеннен өнеге алу керек сияқты.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін47
mod_vvisit_counterКеше2850
mod_vvisit_counterОсы аптада2897
mod_vvisit_counterӨткен аптада14657
mod_vvisit_counterОсы айда38491
mod_vvisit_counterӨткен айда145403
mod_vvisit_counterБәрі3949376

Серіктестер