|

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылы жариялаған Жолдауында сапалы білім беруге ерекше мән берілді. Президентіміз әсіресе, ұлттық білім берудің барлық буынын дамытуда ауқымды жұмыс жүргізу қажеттігін атап өткен болатын. Сонымен қатар, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен
100 пайыз қамту, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну, орта білім жүйесін Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу ерекше назарға алынған. Демек, білім берудің сапасын жақсартуда ұстаздарға да үлкен жауапкершіліктер жүктеледі. Жасампаз Жолдау – жарқын болашақ кепілі. Осыны ұғынған Сарыкемер орта мектебінің ұжымында «Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі» атты облыстық семинар өтті. Оған «Кембридж» бағдарламасы бойынша 3 айлық курстарда біліктілігін жетілдірген аудандағы барлық білім ошақтарының мұғалімдері қатысты. Ал, оның ашылу салтанатында сөз сөйлеген мектеп директоры М.Наметқұлов «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» тақырыбында баяндама жасап, жастарға білім беру, оларды заман талабына сай оқытуға Елбасының биылғы Жолдауында ерекше көңіл бөлінгендігін айтты. Тиісінше оқытушыларға да артылып отырған жүк жеңіл еместігін сөз етті. Семинар сабақтың мән-маңызын ауызға алып, іс-шараның білікті ұстаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасудағы рөлі үлкен екендігін атап өтті.  Мұнан кейін мектеп психологтары психологиялық тренинг өткізді. Артынша үш топқа бөлінген мұғалімдер «Құзыреттілік-кәсіби біліктіліктің өлшемі», «Оқушының білімін бағалауда критериалды жүйені қолдану», «Дарынды және талантты балаларды оқыту» тақырыптарындағы коучинг-сессияларда бас қосып, ашық сабақтарға қатысты. Іс-шараны БАҰО Жамбыл облысы ПҚ БАИ ДБО тренерлері мен Сарыкемер орта мектебі директорының АББ әдіскерлері қорытындылап, мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңғыртудың негізі екендігін алға тартып, жиылғандармен бірге семинардан алған әсерлерімен бөлісті.
Өз тілшіміз. |
|
Обновлено 06.02.2014 14:47 |