|
М.Молдабаев, Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар орталығы» КММ директоры.
Үлкенді – сыйлау, қарттарын қадірлеу – халқымызға тән ізгі қасиеттердің бірі. Атадан балаға мирас болып қалған дәстүр бүгінде өз сабақтастығын тауып жатыр. Ауданымыздағы барлық ауылдық округтерде қарттарға және жалғыз басты жандарға үй шаруасында көмектесу мақсатында белсенді
жастар мен оқушылардан құралған топ өз жұмысын бастап кетті. Игілікті іс Бәйтерек ауылдық округі жастарының ұйымдастырушысы Ж.Нуритдинованың бастамасымен Ю.Гагарин орта мектебінің мұғалімі А.Торланбаева және 10-сынып оқушылары Е.Ерасыл, А.Алпысбаев, Т.Юсупов, Б.Советов, Ж.Дәулетбековтер осы округке қарасты Байзақ батыр көшесі №280 үйдің тұрғындары А, Ж. Бейсембаевалардың үйіне барып, аула ішін қалың қардан аршыды. Ал, А.С.Пушкин орта мектебінің мұғалімі А.Құралбекова бастаған 8-сынып оқушылары С.Қыдыралиев, А.Ибраимов, Н.Ануарбеков, А.Қуатбаев, И.Байрамовтардан құралған топ Базарбай ауылының А.Онищук есімді әжейіне көмек көрсетіп, үй шаруасына қолғабыстарын тигізді. * * * Сарыкемер орта мектебінің тәлімгері Э.Бекбергенованың мұрындық болуымен осы мектептің «Жас Ұлан» ұйымы жуырда ақсақал Джомартов Серікбай мен Қанатбаева Зоре апайдың үйіне барып, көмек қолдарын созды. Аталмыш ұйымның басты мақсаты – ел өміріндегі қоғамдық шараларға белсене қатыса отырып, үлкендерге қамқорлық жасау болса, жастарымыз қарт кісілердің тұрмыстағы тірлігіне қолғабыс жасап, ата-әжейлерінің ақ батасын алды. Ұл-қыздар үй алдына жиналып қалған қарларды күреп, су тасу, отын жару сынды шаруаларды тындырымды атқарды. Өз кезегінде қариялар С.Джомартов пен З.Қанатбаева «Жас Ұлан» ұйымының мүшелеріне алғыстарын айтып, үлкен азамат болып өсулеріне тілектестігін білдірді.
Өз тілшіміз. |