Онлайн газет



СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗДАРЫ

Биыл бүкіл әлемге ажал оғын  сеуіп, жер жүзіне үстемдік етуге ұмтылған неміс-фашист басқыншыларының ордасы – Рейхстаг төбесіне Жеңіс  туы тігіліп, бейбітшілік  туы желбіреген күнге 77 жыл толып отыр. Адамзат тарихында қаншама қанды шайқастар  мен алапат соғыстар орын алса, солардың ішіндегі ауқымы жағынан, қамтыған елдері мен құрбандықтары  жағынан ең үлкені – Ұлы Отан соғысы болғанын  жақсы білеміз. 1418 күн мен түнге созылып, 27 миллионнан астам адамның өмірін қиған,  ананы жесір,  баланы жетім еткен сұм соғысқа лағнет айтамыз.
9 мамыр – ел басына күн туып, етігімен су  кешкен жылдары еліне қорған болған майдангерлерімізді еске алатын ерекше күн. Майдангерлер қасық қандары қалғанша ерліктің  ерен үлгісін көрсетіп,  ел ертеңі үшін ажалмен бірнеше рет бетпе-бет келсе де мойымады. Осылайша бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлады. Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан батырларымыз ешуақытта ұмыталмайды. Олардың арасында біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлігі ерекше болғанын айтуымыз керек. Осыдан тура 7 жыл бұрын ауданымызда 11 соғыс ардагері тұрып жатса, өкініштісі сол, бүгінде бар болғаны екі-ақ ардагер арамызда жүр. Олар Жетібай ауылының тұрғыны Рахымжан Мамыралиев пен Жақаш ауылының тұрғыны Өнербай Молдабаев.

 

Рахымжан Мамыралиев

Рахымжан аға 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл ауданының Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1943 жылы қаңтар айында Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанған. Соғыста жүріп, Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын азат етуге қатысқан. Жапон соғысына да қатысып, Маньчжуриада, Корея Республикасының Сеул қаласында болған. Сержант жауынгер орудие командирі болды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жеңістің 40, 50 жылдығы», «Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Соғыс ардагері», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
Рахымжан аға соғыстан елге 1951 жылы оралған. Соғыс аяқталғанда Кореяда болған екен. Елге келе сала 1962 жылға дейін «Аққөл», «Бірлесу-Еңбек» колхоздарында есеп бөлімінің бастығы, басқа да қызметтер атқарған. 1971-1985 жылдар аралығында Фрунзе колхозы сүт комбинатының сепаратор бөлімінде жұмыс істеп, абыроймен зейнетке шыққан.
2007 жылы өмірден өткен жұбайы Күлимат Мамыралиева  екеуі 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан бірнеше немере сүйді. Немере демекші, ағамыз бүгінде немересі  Әминаның қолында тұрады. Әмина да, жолдасы Жандос та аталарын барынша күтіп, барлық жағдайларын жасап отырғанын ағаға сәлем бере барғанда көрдік.
- Әке-шешем бар болғаны 7 жасымда өмірден өтті. Сондықтан да еңбекке ерте араласуға тура келді. Соғысқа қатыстым, елге аман-есен оралғаннан кейін бірден жұмысқа жегілдік. Бір күн демалуды білмеппіз. Колхоздың егін саласында, сүт комбинатында тоқтаусыз жұмыс істедік. Кемпірім, 5 балам өмірден өтіп кетті. Осы ғана өкініш болып отыр. Алайда Әмина қызым ешкімнен кем қылмай қарап отыр, - дейді қарт жауынгер.
Рахымжан аға екі балдақпен аулада таза ауамен тыныстап жүргенді дұрыс көреді екен. Құлағы ауырлау естіп, көздің көру қабілеті төмендегені болмаса ағамыз әңгімеге ширақ, өткен-кеткеннің барлығын жаңылыспай айтып отыр. Дегенмен, әке-шешеден ерте айырылып, балаларының қызығын көретін шақта олардың бесеуін және жұбайын жер қойнына беру, ашаршылық жылдары одан кейінгі сұм соғыстың зардабы  98 жасқа  аяқ басқан қадірлі қарияға оңай соғып тұрмағаны байқалады.

 

 

 

Өнербай Молдабаев

Жақаштық еңбек және соғыс ардагері Өнербай Молдабаев- ауданымыздағы ең жасы кіші соғыс ардагерлерінің бірі. 
Өнербай аға 1926 жылы ақпан айында «Батырақ» колхозында (қазіргі Суханбаев ауылдық округі)  дүниеге келген. 1943 жылы желтоқсан айында Свердлов аудандық  әскери комиссариаты арқылы әскерге алынады. Семей қаласындағы 209-запастағы атқыштар полкінде қатардағы жауынгер, 1944 жылдың наурыз айында пулеметші болып, Кенигсберг қаласын алуға қатысады. Осы қаланы алуда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл орден уақытында берілмейді.
1945 жылы сәуір айында Берлин бағытындағы кескілескен ұрыста оң қолынан жарақат алып, санитарлық батальонда емделеді. Сөйтіп, 1946 жылы жазда жазылып, елге оралады.
Өнербай аға елге оралысымен Жамбыл облыстық бір жылдық мал емдеу  курсына түсіп, мал дәрігері мамандығын алып шығады. Мамандығы бойынша Суханбаев атындағы колхозда 1955 жылға дейін, ал 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанша колхоздың егіс, мал фермаларының бригадирі, колхозшы болып еңбек етеді.
Соғыста жүріп «Қызыл жұлдыз» ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Маршал Жуков» медалі, ал бейбіт өмірде әртүрлі деңгейдегі мерекелік медальдар, басқа да марапаттарға ие болды. Осы жерде майдангер ағамыздың Кенигсберг қаласын алу жолында жаудың оқты жаңбырша боратып тұрған алып техникасына граната лақтырып, дзотты талқандаған ерлігі үшін 1944 жылы соғыста ұсынылған «Қызыл жұлдыз» ордені араға он жыл салып, 1954 жылы артынан «іздеп» келеді. Байзақ аудандық әскери комиссариаты аталған орден мен тиісті қаржыны соғыс ардагері Өнербай қарияға салтанатты жағдайда табыс еткені бар.
Жұбайы Шапағат апа осыдан 10 жыл бұрын өмірден өтеді. Майдангер аға бүгінде қара шаңырақта отырған ұлы Бақтиярдың қолында. Ұлы мен Гүлімжан келіні әкесінің барлық жағдайын жасап, күте білуде. Ағамыз 3 ұл, 3 қызынан 25 немере, 45 шөбере сүйіп отырған бақытты жан.
Ауданымыздағы 2  соғыс ардагерімен бірге тыл еңбеккерлерінде Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мерекесімен құттықтаймыз! Ардагерлеріміздің қатары сирегенімен, өшпес ерлігі мен жанқиярлық еңбектеріне деген құрмет артып, мәңгі жалғасын таба беретін болады.

Обновлено 11.05.2022 11:27
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1248
mod_vvisit_counterКеше2235
mod_vvisit_counterОсы аптада8526
mod_vvisit_counterӨткен аптада6251
mod_vvisit_counterОсы айда26605
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2233991

Серіктестер