|
М.Жанбосынова, көп балалы ана, Сарыкемер ауылы.
Елбасының халыққа арнаған Жолдауын тыңдап, аудандық “Ауыл жаңалығы” газетінің сенбілік нөмірінен оқып, әрбір сөзін ой елегінен өткіздім. Өйткені, Жолдауда елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға байланысты қолға алынатын қыруар міндеттер айтылыпты. Жаһандық дағдарысқа қарамастан ел экономикасы
қалыпты дамып, халықтың күнкөріс деңгейі жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, зейнеткерлердің зейнетақысы үстіміздегі жылы 9 пайызға өсті. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 2015 жылдың 1 шілдесінен-15 пайызға, ал 2016 жылдың 1 шілдеден тағы 15 пайызға, студенттердің шәкіртақысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан 25 пайызға, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап денсаулық сақтау саласына - 28, білім беру саласына-29, әлеуметтік салаға - 40 пайызға көбейтілмекші. Бұл қай-қайсымыз үшін де үлкен қуаныш, мемлекет тарапынан жасалған шынайы қолдау деп білеміз. Дегенмен зейнетақы, еңбекақы өскен кезде елімізде азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп кететіні бар. Биыл да осы жағдай қайталанды. Осыған орай атқарушы органдар мен жергілікті билік өкілдері бұл мәселені бір қалыпта ұстап тұруға баса мән беріп, бақылау жасап отырса артық болмас еді деп ойлаймын. Елдің тұрмысын жақсарту - Елбасының басты мақсаттарының бірі екендігі ақиқат. Биылғы жылғы Жолдауда аграрлық саланы жандандыру, Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналдыру, шағын кәсіпкерлікті өркендету, дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін 2050 жылға дейінгі уақытты жеті бесжылдыққа бөліп, әр жылда атқарылатын міндеттерді саралап көрсеткен. Президент халыққа Жолдауында көптеген мәселелерге шолу жасап, нақты міндеттер жүктеп қана қоймай, биік мақсаттарға жетудің даңғыл жолын көрсетті. Қазақ «Еңбек-ырыстың бұлағы, Еңбек – бақыттың шырағы», «Еңбек пен бақыт егіз» – дейді. Шындығында да бар бақытын еңбектен тапқан аға толқын иелері үшін Жолдаудың әрбір жолының маңызы зор. Өйткені жыл сайын ауданымыз көркейіп, ауылдық округтердегі көшелер, алаңдар түнгі жарықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Ауылдарды көркейту, көгалдандыру, тазалық жұмыстары өз жемісін беруде. Тұрмыста жаңа талаптар, жаңа міндеттер көрініс беріп, адамдар кәсіпкерлікті меңгеріп, жағдайларын жақсартуда. Бір сөзбен айтқанда, аудан экономикасының басты бағыты-егін және мал шаруашылығы жылма-жыл дамып келеді. Олай болса, жаһандық қиындықтарға қарамастан еңбектің кез келген түрімен айналысып, отбасыңа, туған еліңе пайдаңды тигізе отырып, Елбасы Жолдауындағы басым міндеттерді жүзеге асырайық дегім келеді. |