Онлайн газет



Ұлтты ұйыстыратын- мемлекеттік тіл

Ж. Нұрсеитова,
ЖД 158/1 мекемесінің мемлекеттік тіл қызметкері.

Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген екі қазақтың бірі оны ұлттың рухына, халықтың қазына-байлығына балайтыны шындық. Өйткені  әрбір халықтың өз ана тілі бар. Ол жеке адамның ойлап тапқан туындысы емес, барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы, қадір-қасиеті Елбасын да аз ойландырып, аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Мемлекет басшысының  аузынан шыққан “Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде”, “Ана тілі бәріміздің анамыз, өйткені ол- ұлтымыздың анасы” деген сөздер туған тілімізге деген құрметті аңғартады. Мемлекет басшысының  2014 жылғы 17 қаңтардағы “Қазақстан -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында дамуымыздың негізгі тетіктері болып саналатын экономиканың және жаңа әлеуметтік даму саясатының алдағы 2050 жылға дейінгі  міндеттері айқындалған.Яғни  2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына ену, келешекте жүзеге  асатын 10 ірі жобаны атап, оның іске асуы арқылы ел экономикасын, халықтың әл-ауқатын, мәдениеті мен әлеуетін көтеруге болатындығы айтылған.
Жолдауда Елбасы: “Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн” деген жолдар әрбір қазақстандықтарға үлкен жүк артып отыр. Себебі  тіл-қатынас құралы ғана емес, тіл - ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Иә, ұлттың  тілі, ділі мен салт-дәстүрі - сол мемлекеттің тәуелсіздігі, туы мен әнұраны секілді басты құндылығы.
Қазақ тілі- көркем де бай тіл. Елбасының өз сөзімен айтқанда, «қазақтың тілі дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қорғасындай балқыған, ойға салса қырандай қалқыған, ғасырлар  бойы қалыптасқан қазақтың тілі – ғажап тіл» бұдан артық  теңеу жоқ.  Еліміздегі  қоғамдық келісім мен бірліктің арқасында қазақтың тіліне өзге елдерде де сұраныс артып келеді. Көршілес қырғыз мемлекетінде қазақ тілі арнайы оқытылады екен. Ондағыларға «Сізге бұл тілді білу не үшін қажет?» деп сұрақ қойғанда «Бұл тіл маған ауадай қажет, ертең Қазақстанға барып жұмыс істеймін» деп жауап береді екен. Олай болса,  Жолдауда айтылған жоспарлар мен мақсат-міндеттерді жүйелі орындап  қана қоймай, әрбір  қазақпын деген азамат өзінің анасын қалай құрметтеп, сыйласа, қазақ тілін де солай  құрметтесін, қолданыс аясының кеңеюіне күш-жігерін салсын, ана тілімен мақтансын. Ол үшін  үлкен мінберлердегі жиындардың қазақ тілінде өтуіне,  жарнамалардың басым бөлігі қазақ тілінде берілуіне бақылау жасау арқылы тіліміздің мәртебесін биіктете аламыз деп ойлаймын.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1955
mod_vvisit_counterКеше1953
mod_vvisit_counterОсы аптада1955
mod_vvisit_counterӨткен аптада23281
mod_vvisit_counterОсы айда36238
mod_vvisit_counterӨткен айда110461
mod_vvisit_counterБәрі4196719

Серіктестер