Онлайн газет



Өрісі кең өнер ұясы

П. Ахметов,
К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің директоры.

«Жастардың және еліміздің басты капиталы – сапалы білім”, «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге, берген  білімізге тікелей байланысты»  деген болатын Елбасымыз. Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз білімді, іскер, кәсіби деңгейі жоғары

болуы тиіс. Бұл жастарға білім беруге, талапты күшейтуге міндеттейді. Аталмыш міндетті орындауда  аудан орталығында  орналасқан Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің де сіңіріп отырған  еңбегі аз емес деп ойлаймыз.
Биыл аталмыш мектепке 40 жыл толып отыр. Білім ошағының тарихына шолу жасасақ, 1973 жылы Тараз қаласындағы М.И.Глинка атындағы балалар саз мектебінің филиалы болып ашылып, сол жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай  Сыздықбаевтың демеуімен өз алдына мектеп болып, Кенен Әзірбаев атамыздың есімімен аталды. Алғашында алты мұғалім   оқушыларға дәріс берген болса,  бүгінде оның қатары 30-дан асады. Қазіргі таңда   мектеп қабырғасында  204 оқушы он бір аспап бойынша (домбыра, фортепиано, баян-аккордеон, гитара, добыра-прима, скрипка, флейта, қобыз, қыл қобыз, дәстүрлі ән) білім алуда. Мектептің алғашқы директоры Устинов Виктор Петрович  1973-1976 жылдар аралығында мектепті басқарды. Ал, 1976 жылдан осы оқу жылына дейін мектебіміздің директоры болып Цой Олег Николаевич қызмет атқарып келді.  Өз ісін жетік білетін білікті ұстаз Олег Николаевич өтпелі кезең 1998  жылдары  білім ошағын  сақтап қалу жолында  көп еңбек сіңірді. Сол жылдары облыс бойынша  45 музыка мектептерінен бес мектеп  жабылған жоқ. Солардың бірі - біздің саз мектебі. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Олег Николаевичтың Кеңес үкіметі кезінде Одақты аралап жинаған  аспаптары қазір мектеп игілігіне жарап тұр. Кітапханада сирек кездесетін 5000 данадан астам  музыка  кітаптары  кейінгі ұрпаққа үлкен мұра ретінде оқытылып келеді.
Өнер - ұлттың жаны. Кез-келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Солай демекші, мектебіміздің даңқын алысқа шығарып, абыройын асқақтатып жүрген  талантты оқушыларымыз  жайында айтпай кету мүмкін емес.  Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2012 жылы  Алматы қаласында өткен  ХХХХVІ «Жас музыканттар» байқауында домбыра және қыл қобыз жанры  бойынша биік деңгейде өнер көрсеткен  мектеп оқушылары Зият Бақытжан І орын, Әзімбаев Мейірбек ІІ орын және Жакиева Бірғаным ІІІ орын   иемденіп, мектеп атын ғана емес, аудан абыройын асқақтатты. Өткен жылы  облыстық 47-ші жас музыканттар байқауында хор ұжымы бірінші орынды, фортапиано аспабынан  кіші топ бойынша Тілеубай Арыстан, үлкен топ бойынша Сәрсенбаева Әселім екінші орындарды иеленіп, арнайы сыйлықпен марапатталды.  Биылғы 2013-2014 оқу жылының бірінші жартыжылдығында облыста өткен әр түрлі конкурс-фестивальдарда біздің мектептің 25 оқушысы лауреат  атанды.  Үстіміздегі жылғы қаңтар айының 5 мен 9 аралығында  Алматы қаласында өткен республикалық «Зимняя сказка в Алматы» атты конкурс-фестивальде  фортепиано аспабы бойынша бақ сынаған мектеп оқушысы Мырзаханова Диана (мұғалімі Лилия Крымцева) жүлдемен оралды.
Көркемдік  талғамы бар, музыканы сүйетін, оны жанымен түсінетін, музыкалық шараларға белсене араласатын   білімді, өнерлі адамды дайындаудың алғашқы сатылары   мұғалімнен басталады. Қанша бала дарынды болса да,  мұғалім өз ісін жетік білмесе, оқушыға білім бере алмайды. Бүгінгі таңда Алматы, Астана қаласындағы музыкалық  колледждерде, консерваторияда оқып жатқан оқушыларымыздың  саны 30-ды құрайды.  Саз мектебінен түлеп ұшып, түрлі биік белестерді бағындырып жүрген осындай түлектерімізбен әрине мақтанбасқа болмайды.
Ең қызығы мектебімізді тәмәмдаған Ажмұханов Жақсылық, Басықараев Дидар, Людмила Кочергина,  Шушаков Аким, Жексенбі Рауан сынды түлектеріміз абыройлы қызмет атқарып,өнерлі өрендер тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді. Міне, осы және өзге де білікті ұстаздардың ұйытқы болуымен мектептегі  теория бөлімінде «сольфеджио әлемі» және саз әдебиеті мен  мамандық сабағы бойынша ансамбльдер сайысы, түлектер  арасында  «Саз мектебінің көшбасшысы»,  хор пәні бойынша   «Юный хоровик» сияқты әртүрлі байқаулар тұрақты өткізіліп тұрады. Мұнымен қатар,  саз мектебінің оқушылары  әр тоқсан сайын орталықтағы мектептерде  концерт ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.  Бұл концерттердің басты мақсаты- жас жеткіншектерге әннің құдіретін таныту, ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық аспаптардың мүмкіншілігін ұлықтау әрі тәрбиеленушілеріміздің өнерін шыңдауға жол ашатындығы белгілі. 
Өнер-халықтың өзегін жарып шыққан уыз мәйегі.  Мәдениет арқылы ұлттың бейнесін айқындар болса, қазақ өнері — әлемдік өркениетте өзіндік сүрлеу салып, өрнегін айшықтағаны анық. Сол қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған,  шырайы кетпеген өңір — біздің Байзақ жері. Соның ішінде саз мектебінің де алар орны ерекше. Киелі өңірдің мәртебесін биіктетіп отырған  мектебімізде  түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұстаздар қауымы болашақта да  дарынды балаларды өнерге баулуда  аянбай тер төге беретін  болады.

 

Обновлено 24.01.2014 16:20
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1917
mod_vvisit_counterКеше1953
mod_vvisit_counterОсы аптада1917
mod_vvisit_counterӨткен аптада23281
mod_vvisit_counterОсы айда36200
mod_vvisit_counterӨткен айда110461
mod_vvisit_counterБәрі4196681

Серіктестер