Онлайн газет



АУЫЛДАР АУЫЗ СУҒА КЕНЕЛМЕК

Он жылдай бұрын қолға алынған «Таза су» беріде «Ақбұлақ» бағдарламасына айналды. Аты өзгергенмен, алға қойған мақсат - бұрынғы еліміз аймақтарындағы елдімекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету қалпында қалды. Сол уақыттан бері ретімен жер-жерлерде жаңадан құбырлар тартылып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.


Бұл игі бастамалардан ауданымыз аумағы да құралақан емес. Бұрынғыларын айтпағанда, үстіміздегі жылы Суханбаев ауылдық округіне қарасты Жақаш, Қарасу және Көкөзек елдімекендеріне «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза су беретін қондырғылар орнатылып, желілер де көптеп тартыла бастады.
Жуырда игілікті істің барысымен танысудың орайы келіп, Суханбаев ауылдық округіне жол тартқан болатынбыз. Жақаш елдімекенінде жұмыс жасап жатқан «Мақсат СТ» ЖШС-інің (бастығы Ерлан Досболов) аудандағы өкілі, учаске бастығы Айтқазы Халықовқа жолығып, су қабылдау имараты мен су жүйесін тарату қондырғысының құрылысы жөнінде сұрағанда ол былай деп жауап берді: -Еліміздің экономикасы жедел қарқынмен дамып, күш-қуаты артқан сайын халықтың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелеріне ерекше назар аударыла бастағаны да көрер көзге көрініп тұр. Осыған дейін де аудандағы бірқатар елдімекендерге жаңа үлгідегі су тазарту, тарату қондырғылары орнатылып, тұрғындар таза суға қол жеткізіп еді. Енді кезек Жақаш ауылына да келіп жетті. Негізінен біздің серіктестік ондаған жылдар бойы небір жобадағы үйлерді, мектептерді және де су қабылдау имараттары мен беру қондырғысы құрылысымен айналысып келеді. Бұл елдімекендегі су тарату жүйесін ағымдағы жылдың маусым айынан бастадық. Су имараты мен су жүйесі құрылысының жалпы құны 190,028 млн. теңгені құрайды. Елдімекендегі 178 тұрғын үйді қамтитын бұл құрылыстағы құбырлардың жалпы ұзындығы 13,6 шақырым. Қазіргі таңда ұжымда 35 адам тынымсыз еңбек етуде, олардың басым көпшілігін жергілікті тұрғындар құрап отыр. Жалақылары 60 000 теңге, уақытылы беріліп тұрады. Жатын орын, ас-ауқатпен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ ауыл ішіндегі көшелер бойының 10 нүктесіне де құдықтар орнататын боламыз. Тендер кештеу өткізілгендіктен таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбектенудеміз. Жігіттердің қызметтері қарқынды. Соның нәтижесінде кестеден алға шығып отырмыз. Межелеген уақытта жұмысты сапалы күйде тапсыратынымызға сенімдімін. Бұйыртса, негізгі жұмыстарды қазан айынан кешіктірмей аяқтап, қалған қосалқы жұмыстарды қарашадан қалдырмай аяқтауға ұйғарып отырмыз. Нысанды тапсыру мерзімі жоспарға сәйкес осы жылдың желтоқсанына дейін, дегенмен ертерек ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді ойластырып отырмыз-дейді учаске басшысы бізбен әңгімесінде ағынан жарыла.  Сонымен қатар, құрылыс басында «Баз Группа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық бақылаушысы Ерзатбек Сембаевты жолықтырдық. Үш елдімекендегі құрылыс барысын бақылап жүрген Е.Сембаев та қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп, келесі нысан Қарасу ауылына қарай бұрылдық. Бізді қарсы алған «ЛКЗ» (Луговой жылқы зауыты) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (директоры К.Базаралиев) учаске басшысы, прораб Тілеужан Алчибаев құрылыс барысымен таныстырды. Қарасу ауылындағы су имараттары мен су жүйесі құрылысына бөлінген 154,497 млн. теңгеге ұзындығы 8,760 шақырым құбырлар жүргізілуде екен. Прораб Т.Алчибаевтың айтуынша Тараздағы «Промхиммонтаж» акционерлік қоғамы насос стансасын, су тартатын мұнара қызметін өз жауапкершілігіне алса, қалған құбыр тарту, сервистік қызметтер көрсету, су есептегіш құралдарын орнату жұмыстарын өздері жүргізіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ құрылыста 12 адам жұмыс істесе, оның тең жартысы жергілікті тұрғындар. Құрылысқа екі экскаватор, екі тіркемесімен трактор және жеңіл көліктер тартылуда екен. Маусым айының бесінші жұлдызынан басталып, қарқынды жүріп жатқан су жүйесін қазан айында аяқтасақ деген жоспары барын жеткізген жұмысшылар еңбегіне сәттілік тілеп, Көкөзек ауылына қарай бет алдық. Жаңа жобамен жүзеге асырылып жатқан жалпы ұзындығы 8,2 шақырымдық су имараттары мен су жүйесінің құрылысы мұнда да қызу жүруде екен. Легай Андрей жетекшілік ететін «Строй ИнНур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тендерге қатысып, 123,807 млн. теңгемен мердігер болып танылған. Бұлар да көрші ауылдағы құрылысшылар секілді құрылысты өз мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр. Осы ауылдарға тартылатын құбырлардың бәрі де жаңа үлгідегі, кем дегенде 50 жылға шыдайтын мықты материалдан жасалған, Көктал ауылдық округінде орналасқан «Тараз құбыр зауытының» өнімдері екен. Жаңа құрылыстың тағы бір ерекшелігі: әр үйге бір құдық белгіленген, ішіне есептегіш орнатылып беріледі, содан сол үй иелері ауласына келіп тұрған құдықтан жіңішке құбырлар тартып, үйінің ішіне кіргізіп алады. Бұған дейін орнатылған елдімекендер секілді  көше бойына орнатылған құдықтан емес, өз үйіндегі құдықтан су ішетіндіктен әрі есептегіш құрал орнатылғандықтан соң үй иелері суды ысырап етпеуге, үнемдеп пайдалануға әрекет ететін болады. Бұл – кім-кімге де өте тиімді.
Сөйтіп, Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасы ауданымызда кең қанат жайып, аудан орталығынан шалғай орналасқан Жақаш, Қарасу, Көкөзек ауылдарының тұрғындары таза ауыз судың игілігін көретін күн де алыс емес.

 

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 13.08.2012 11:56
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін882
mod_vvisit_counterКеше2697
mod_vvisit_counterОсы аптада6248
mod_vvisit_counterӨткен аптада25816
mod_vvisit_counterОсы айда36157
mod_vvisit_counterӨткен айда152172
mod_vvisit_counterБәрі3566398

Серіктестер