Онлайн газет



ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖАҢА ЛЕП

Өткен жұмада аудан орталығындағы әль-Фараби атындағы мәдениет үйінде бесінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті VІІІ сессиясы болып өтті. Сессия күн тәртібіне негізінен екі мәселе шығарылып, талқыланды. Оның бірі – аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеевтің өз функциялары мен міндеттерін орындау жөніндегі есебіне арналса, екіншісі 2012-2014 жылдарға арналған аудан бюджетіне өзгерістер енгізу туралы мәселе болатын.


Сессия жұмысына №2 Аманкелді сайлау округінен депутат А.Исабаев төрағалық етті.
Көзі ашық, көкірегі ояу оқырман Елбасының 2006 жылы жарық көрген Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдерге (тұрғындар) және халық қалаулылары алдында белгілі мерзім аралығында, атқарған жұмыстары туралы, есеп беру міндеттемесі жүктелгендігінен хабардар. Аталмыш іс-шараның жылдан-жылға жақсы дәстүрге айналып, ашық әңгіме (диалог) нәтижесінде халық пен билік арасында өзара ынтымақтастық, сенімділік сынды байланыстардың  нығая түсуінің куәгері болып жүрміз десек артық айтқандық болмас.
Бұл аудан әкімі қызметіне тағайындалғанына 6 айдың жүзі болған М.Шүкеевтің тұрғындар алдындағы, ресми түрдегі, екінші есебі. Дейтұрғанмен, алғашқысын есеп беру деуден гөрі, көбірек жаңа қызметке келген аудан басшысының ауданның ел-жұртымен, оның тыныс-тіршілігімен жақыннан танысу шарасы дегенге саяды. Олай дейтініміз, сол тұстан бастап, аудан аумағындағы әрбір елдімекен, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы зерттеліп, зерделенді, сүзгіден өтті. Әрине, алда тек қана зерттеу-зерделеумен шектелу емес, сонымен қатар, кемшін тұстарын толтыру, үлкен сенім артылып жүктелген міндеттерді жоспарлы және жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті тұрды. Атқарылуға тиіс істердің қолданыстағы заң шеңберінде орындалуы, заң бұзушылыққа жол бермеу-басты қағида ретінде қатаң талап етілді. Бір сөзбен айтқанда, қай салаға болмасын жаңа леп, жаңа көзқарас қалыптастыру арқылы аудан жұртшылығын еңбекке жұмылдыру мақсаты кезек күттірмейтін мәселе екендігі ұғындырылды.
Сонымен алты ай бұрын бастау алған игі бастамалардың бүгінгі нәтижелеріне көз жүгіртер болсақ, осы қысқа мерзім ішінде орын алған айтарлықтай оң өзгерістер көз қуантады. Аталмыш есепті кезеңде, өнеркәсіп саласында алға басушылық тенденциясы байқалады. Қаңтар-маусым айларында, аудан аумағындағы кәсіпорындарда 1087,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 123,7 пайызды құраса, бұл саланың облыстық көрсеткіші 100,3 пайыз.
Аудан экономикасының негізін қалаушы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісін жаңаша қалыптастыруға айрықша мән берілуде. Сол қатаң талап, дұрыс таңдалған жұмыс бағыттың нәтижесінде биылдың өзінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жер көлемі 9 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,9 пайызға артқан. Бұл тұрғыдағы облыс көрсеткіші 102,6 пайыз.
Сөзін жалғастыра келе, Мұратхан Жүнісәліұлы саладағы қыруар жұмыстар қатарында шаруа қауымын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан беріліп жатқан өсірілген өнімдерді субсидиялау ісінің барысы, малдарды асылдандыру мақсатында құрылған қолдан ұрықтандыру тіректерінің, мал сою алаңдарының жұмысы, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асу барысы, жұқпалы індеттерге қарсы, диагностикалық тексерулер мен эпизотиялық профилактикалық іс-шаралар, сондай-ақ егіншілік бағытындағы-ағын суды үнемдеу мақсатында кеңінен енгізіліп жатқан жаңа технологиялардан тиімді пайдалану, жылыжайларда көкөніс өндіру ісінің барысы және басқа да көкейкесті мәселелерге қатысты аудан басшысы, саланың білікті және тәжірибелі маманы ретінде кеңесін беріп, кеңінен баяндады.
Ауданға тартылған инвестициялар көлемі де арта түскен. «Бизнестің жол картасы-2020», «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жобалар көптің қызығушылығын танытты. Сонымен қатар, Мұратхан Жүнісәліұлы Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнап жолдаған Жолдауынан туындайтын халықты қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан істер, аудан аумағындағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және жөндеу, елдімекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, қаржыны игеру, аудан бюджетінің кіріс, шығыс бөліктерінің орындалу деңгейі, салық түсімдері, еңбек нарығы, аудан халқын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелері әңгіме арқауына айналды.
Баяндамашының назарынан денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, қылмыспен күрес салалары да сырт қалған жоқ. Есепті кезеңде аталған салаларда қол жеткізілген жетістіктермен қоса, орын алған кемшілік тұстары да жасырын күйінде қалған жоқ. Алдағы уақытта оларды жою, болдырмау мақсатында тиісті шаралардың ұйымдастырылып жатқандығын жеткізген аудан басшысы аудан тұрғындарын халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған жоспарлар мен алға қойған міндеттердің көп екенін, сол игі істерді жүзеге асыруда бір болып, бірігіп еңбек етуге шақырды. Сөз соңында М.Шүкеев өткен есеп беру барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстардың келіп түскендігін, олардың барлығы бақылауға алынып, бүгінгі таңда орындалғанын жеткізді.
Баяндама аяқталысымен жарыссөз басталды. Мінбеге көтерілген №9 Ботамойнақ сайлау округінен депутат, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Р.Сапарбеков негізінен аудан аумағында денсаулық сақтау саласының жалпы жағдайы: жетістіктері мен проблемалық мәселелері жайында айта келе, алға қойған міндеттердің орындалатынына сенім артты. №3 Жалғызтөбе  сайлау округінен депутат Н.Есімов игерілмей қалған қаржы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлерден тиімді пайдалану, салық базасын ұлғайту, аудандағы су тасымалдайтын қос мекеменің функционалдық міндеттеріне қатысты мәселелер жайында өз ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Б.Абдрахманова халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының жылдан-жылға ұлғая түсуі, көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері, Елбасының «Жалпыға Бірдей Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасындағы көзделген мақсат – азаматтарды масылдық пиғылдан арылтып, еңбекке баулу, жас мамандарға қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, ойларымен бөлісті.
№15 Құмжота сайлау округінен сайланған депутат, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев сөз алып, қаржыгер маман, әрі халық қалаулысы ретінде ауданда салық базасын арттыру мақсатында атқарылуға тиіс шаралар, Елбасы мақаласының мұрат-мақсаты, жаңа жұмыс орындарын ашу, жас мамандарға материалдық көмек көрсету арқылы қажетті (кадрлар) мамандар мәселесін шешу сынды бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Дихан ауылдық округінің әкімі Н.Дүйсенбеков аталмыш округ аумағына қарасты елдімекендердегі жағдай, солардың қатарында шаруа қожалықтары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, округке қарасты мекемелердің алдағы қыс мезгіліне дайындығы жайына тоқталса, өз кезегінде сөзге шығып, өмірлік тәжірибесі, көрген білгені мен түйгені көп, ауыл қариясы, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Р.Шәметов ақсақал аудан басшысы жасаған есепті баяндамасына оң баға берді. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығы, жүктелген міндеттемелерді атқару барысында кездесіп отырған табиғи қиындықтар, оларды еңсеру жолдары жайында ой-пікірін ортаға салды. Атқарылуға тиіс шаруалардың көптігін алға тартқан қария Елбасының «Жалпыға Бірдей Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласынан туындайтын қоғам үшін маңызды мәселелер қатарындағы жұмыссыздықпен күрес, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру, кадрлар мәселесі жайында ұсыныс-тілектерін жеткізе келе, бұл игі істерде қариялардың қосар үлесіне айрықша тоқталып өтті. Үлкен де жауапты қызметке келісімен игі бастамаларды қолға алған аудан басшысына қосшы болып, жан-жақты қолдау көрсету әрбір азаматтың парызы екендігін баса айтты.
Сөз сөйлеген азаматтар тарапынан аудан басшысының атына айтылған ұсыныс пен тілектер, сын ескертпелерге байланысты Мұратхан Жүнісәліұлы сөз алып, оларға ретімен жауап беріп, кейбір мәселелерге қатысты өз ұстанымдарын айтып, түсінік берді.
Жалпы жарыссөзге шыққан азаматтар есепті кезеңде аудан басшылығы тарапынан атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, қанағаттанатындықтарын жеткізді. Мәселе бойынша депутаттар тарапынан тиісті шешім қабылданып, сессия өз жұмысын жалғастырды.
Сессия күн тәртібіне шығарылып, талқыланған келесі мәселе – ауданның 2012-2014 жылдарға арналған бюджетін нақтылау болатын. Аудан бюджетіне өзгерістер енгізілу арқылы нақтылау бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Д.Жақыпбековтің хабарламасы тыңдалды.
Аталмыш маңызды мәселе аудандық мәслихат депутаттары тарапынан алдын ала тұрақты комиссия отырысында жан-жақты талқыға түскендіктен, сессия қатысушылары тарапынан сұрақтар туындай қойған жоқ.
Аудандық мәслихаттың кезекті ІХ сессиясының төрағалығына №3 Жалғызтөбе сайлау округінен депутат Н.Есімов сайланды.

 

С.Қалмұратов,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 08.08.2012 18:55
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1960
mod_vvisit_counterКеше1953
mod_vvisit_counterОсы аптада1960
mod_vvisit_counterӨткен аптада23281
mod_vvisit_counterОсы айда36243
mod_vvisit_counterӨткен айда110461
mod_vvisit_counterБәрі4196724

Серіктестер