|
Д.Тасыбаев, Байзақ аудандық сотының төрағасы.
Соттың міндеті азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін қорғау, заңдардың, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету және әділ шешім шығару болып табылады. Қазақстан Республикасындағы сот беделі асқақ, мерейі үстем мемлекеттік жоғары орган болуы
заңдылық болып табылады. Судьялар Одағының Жарғысына сай судьялар съезді төрт жылда бір рет шақыртылады. Осылайша, 1996 жылдан бері осы күнге дейін алты съезд өткізілді (1996, 1999, 2001, 2005, 2009 және 2013 жылдары). Үстіміздегі жылдың 20 қарашасы күні Қазақстан судьяларының VI съезі өтті. Оған мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, көптеген шетелдік делегациялар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының және Еуразиялық Экономикалық Сотының судьялары, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінен 600-ден аса судьялар қатысып, басқосуда Қазақстан Республикасы сот жүйесінің өзекті мәселелері көтеріліп, мақсаттар мен тапсырмалар айқындалды. Мен 2013 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезіне қатысып қайттым. Астанамыздағы Тәуелсіздік сарайына жиналған 600-ден астам делегаттардың съезде сот жүйесіндегі көкейкесті мәселелерді ашық талқылауы үлкен әсер қалдырды. Онда сөз сөйлеген Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын бағдар ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беру қажеттілігін атап көрсетті. Сот жүйесі қызметін жетілдірудің мәселелері әрқашан да Мемлекет басшысының ерекше назарында болып келеді. Президенттің сөз сөйлеуі маған үлкен әсерін беріп қана қоймай, қиындық туғызар сауалдарды қарапайым тілмен түсінікті жеткізе алатындығы, сөйлеу мәнерінің шеберлігі ерекше ықыласқа бөледі. Елбасының қатысуымен өткен съезд мен үшін әсері мол, нәтижелі кездесу болды. Себебі мемлекетіміздің бүгінгі күндегі басты бағыты - егемендігімізді бағалап, күшті әрі іргелі ел болу. Елбасымыз: “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген қағида бар. Мұның мағынасы - билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болу керек екенін сіздер жақсы білесіздер. Бұл ұлттық сот жүйесін тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастыруымыз қажет. Құқық жоқ жерде бостандық та жоқ, демократия да жоқ» - деген болатын. Мемлекет Басшысының Судьялардың VI съезінде қойған басым міндеттерін іске асыру шынайы құқықтық мемлекетті дамытудың анықтаушы факторы ретінде сот жүйесінің тиімді қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Судьялардың штатын көбейту - игілікті іс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ұсынысын барлық судьялар қолдайды. Себебі елдегі әрбір судья ай сайын қарайтын іс шамадан тыс, кей жағдайларда әділ шешім табу қиынға соғады екен. Дегенімен, соттар адам тағдырын шешеді. Сондықтан олардың тәжірибесін тұрақты түрде жетілдіріп отыру керек. Халықтың сеніміне ие болған соң сол сенімнің үдесінен шыға білу қажет. Қазіргі жаһандану кезеңінде Қазақстанның сот жүйесі халықаралық құқықтық мемлекеттердің стандартына сай даму үстінде. Сол себептен, осы уақытқа дейінгі қол жеткен нәтижелерге қарамастан, заңдарға енгізіліп жатқан жаңа өзгерістерге сәйкес сот жүйесін одан әрі қоғамның сұранысына сай реформалап отыру қажет, - деп ойлаймын. Атап айтқанда, сот төрелігін сабақтастыра отырып жаңғыртуға кірісу, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдануды күшейту және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасау қажет. Сондай ақ, сот жүйесін реформалау жөніндегі негізгі шаралар тұтас алғанда іске асырылған. Жоғарғы Сот басшылығымен бірыңғай сот жүйесі одан әрі нығайды, соттар қызметінің заңнамалық базасы тұрақты негізде жетілдірілді. Жамбыл облысында мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік, қылмыстық және кәмелетке толмағандардың істері бойынша соттар құрылып, қызмет етуде. Алқабилердің қатысуымен өтетін сот ісін жүргізу қылмыстық істер жөніндегі сот төрелігін жүзеге асыру процесіне қалың жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қамау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беруді соттардың қолдануы жөнінде белгілі практика қалыптасқан. Атап айтқанда, сот төрелігін сабақтастыра отырып, жаңғыртуға кірісу, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдануды күшейту және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасау. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. Істерді қараудың процессуалдық мерзімін бұзу барынша азайтылған. Сот құрылымы мен сот ісін жүргізуді оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданған, ол аудандық соттардың рөлін бір мезгілде күшейте отырып, облыстық соттар, сондай-ақ Жоғарғы Сот деңгейінде қадағалау сатыларының санын қысқартуға мүмкіндік берді. Сот жүйесінде сот тәртібінің барынша айқын және ашық өтуімен, азаматтар құқықтарының қорғалуына кепілдік етіледі. Байзақ аудандық сотында сот мәжілістері ашық өткізілуде, сот процестеріне баспасөз құралдары да қатыса алады, бүгінгі күні кез келген азаматтың интернеттегі веб-сайттан және электрондық бақылау өндірісі бағдарламасы арқылы соттардың шешімдерімен танысуына мүмкіндіктері бар. Осы бағытта сот жүйесін дамыту - қоғамды ары қарай демократияландырудағы қажеттілік екендігі даусыз. |