|
Қымбатты аудан тұрғындары! Сіздерді 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыздың ғасырлар бойғы арманы болған тәуелсіздік – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Өйткені бұл күні, азаттықты аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін
жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі. Тәуелсіздік - еліміздің ең басты мерекесі саналады. Қазақстанның жаңа дәуірінде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі - тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғанымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында “қазақ“ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Тәуелсіздіктің 22 жылында еліміз әлемдік қауымдастықтың белді мүшелерінің қатарынан табылды. Мұсылман елдерінің ішінен бірінші болып әлемнің ең дамыған 56 елін біріктіретін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы мен 67 мұсылман елінің басын қосатын Ислам ынтымақтастығы ұйымына зор абыроймен төрағалық еткен Қазақстанның қазіргі экономикалық деңгейі қазірдің өзінде Шығыс Еуропа елдеріне еркін жетіп отырғанын мақтанышпен айта аламыз. Құрметті аудан тұрғындары! Шуағын шашқан шырайлы мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болғай! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасының амандығын тілеймін. |