Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тапсырмасында «Менің назарымдағы басты мәселе-әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету»-дей келе әлеуметтік жаңғырту бүкіл қоғамның, әрбір қазақстандық
отбасы мен әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдарды талап ететінін ескертіп, әркім білуі тиіс нақты 20 тапсырманы белгілеп берді. Сонымен қатар білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдарды анықтап, бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылатынын да атап көрсетті. Қазіргі таңда республикадағы білім ордалары интерактивті тақта, мультимедиялық кешен сынды заманауи қондырғылармен, қажетті оқу-құралдарымен, жиһаздармен қамтамасыз етіле бастады. Мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін жыл сайын мемлекеттік оқу гранттарының саны артты. Білімді студенттерге жағдай жасалып, ынталандыру мақсатында шәкіртақы да өсті. Сонымен қатар, талантты жастардың шет мемлекеттерде білім алуына да барынша қолдау көрсетілді. Бұл бағытта Елбасының «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асып, елдегі ең дарынды жастардың өркениеті өскен шет мемлекеттерде тәжірибе жинауына, бәсекеге қабілетті ілім-білім алуына мүмкіндік берілді. Бүгінгі күнге дейін аталмыш бағдарлама бойынша 20 мыңнан астам қазақстандық жас білімін шыңдаған екен. Ел ертеңі болар жастарға деген жақсы істер мұнымен ғана шектелген жоқ. Былтыр Астана қаласында «Назарбаев университеті» бой көтерді. Онда қазір орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған және республикалық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанған 500-ге тарта талантты студент заман талабына сай жан-жақты білім алуда. Сөйтіп, елдегі білім мен ғылым дамып, нәтижесінде білікті мамандар даярланып, барлық саланың құлағын қазақстандық кадрлар ұстайтын кез келеді. Осындай сәтке жету үшін елімізде білім қуған жас буынға барлық жағдай жасалуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру сынды басты бағыттарды белгілей отырып, орта білім беру жүйесінде директорлар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажеттігін бірінші кезекке қойып отыр. Тапсырмаға орай бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгертудің маңыздылығын ескеріп, оқушылардың жеке ерекшеліктерін саралап, күн тәртібінде өткір тұрған балалардың, жасөспірімдер мен жастарды өнегелі өмірге бейімдейтін рухани-парасаттылық тәрбие берудің тың тәсілдерін ұтымды қолданғанда ғана қолжетімді білімге қадам жасап, «Болашақ» бағдарламасына ауылдық мектептерден білім алған талантты жастарға жол ашылатынына көз жеткізе алмақпыз. Сондықтан салмақты тапсырманы сапалы орындауда алдағы уақытта мектептерде инновациялық технология үдерістерін енгізе отырып, педагогтардың кәсіби деңгейін арттырып, мұғалімдердің қызметтік сауаттылығын дамытудағы мектеп әкімшілігінен бастап әрбір педагог қызметкерлердің және қоғам өміріне белсене араласатын әрбір қазақстандық азаматтың жауаптылық жүгін жете сезіне түсетіні анық.
Ж.Тұрғынбаев, Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің қызметкері. |