|
А.Шотбасова, «Ауыл жаңалығы».
Бабалардың бастан арман-мұраты, Тәуелсіздік - шырын сөздің шұраты. Кең далада еркін тірлік сүрген ел, Егемен - бұл ер қазақтың шын аты.
Сан ғасырды аңсай жүріп өткерген, Қуғын-сүргін, қияметті көп көрген. Қазақ үшін тәуелсіздік шын бақыт,
Халқымызды мақсатына жеткерген - деп, ақиық ақындарымыз жырлағандай, тәуелсіздік ел басына талайғы тар жол, тайғақ кешулерден кейін орнады. Бұл жолда ата-бабамыз сан рет жаумен арпалысып, қайсар қыз-жігіттеріміз 86-ның суығында жарқын болашақ үшін мұз жастанды. Ел шежіресіне алтын әріптермен жазылған айтулы кезең бүгінгі бейбіт күнді
сыйлады. 1991 жылы 10 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойып, төрімізде тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бергі кезеңдерде мемлекетіміз биік белестерді бағындырып, әлем таныған алып елдер қатарынан орын алып келеді.
16 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігіне 22 жыл толып отыр. Торқалы тойды Байзақ жері де өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. Сенбі күні аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйіне жиылған үлкен-кіші мерейлі мерекенің құрметіне арналған жиынның куәсі болды. Қалыптасқан салтымызға сай сахна төріне көк туымыз шығарылып, Мемлекеттік Гимн шырқалды. Мұнан кейін мінбеге көтерілген аудан әкімі Мұратхан Шүкеев жиылған қауымды мерекемен құттықтады. - Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік күні-біздің ең ұлық мерекеміз. Баршаңызды осы «ақ түйенің қарны жарылған», бар игілігіміздің бастауы болған - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік-еліміздің ең басты мерекесі саналады. Қазақстанның жаңа дәуірінде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі - тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғанымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында «қазақ» деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Қазақстанның биік табысына қол жеткізген президенттік билік және осы жылдар басында үздіксіз болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген ерен еңбегінің жемісі деп білген абзал. Тәуелсіздік арқылы ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алатындығын уақыт көрсетті. Тәуелсіздік бізді, қазақстандықтарды туған жеріміздің гүлденуіне қол жеткізудің өршіл табандылығына ие бола алатын қазақ халқын әлемге танытты. 1991 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Тәуелсіздігін әлем елдері мойындады. Тәуелсіздіктің сын сағаттарында Тұңғыш Президентіміз нар жүгін мойымай көтеретін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады. Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, елді ел қылды, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекеттер қатарына қосты. Ең бастысы, мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жетіппіз. Бұндай жетістік бірлікті елі, білікті төрі, ең бастысы, дана басшысы бар қоғамның ғана қолынан келеді. Бүгінде «Қазақстан өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, дамудың қазақстандық өз моделін қалыптастырды». Еліміз осы кезеңде ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыстарға қол жеткізді. Егемендіктің тұғыры жылдан-жылға нығайып, жаңа да жас мемлекетімізді бүкіл әлем танып, мойындады. Республикада ұлан-ғайыр істер атқарылды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіріп, біздің жеріміздің, шекарамыздың біртұтастығын мәлімдеді.Тәуелсіздіктің 22 жылында ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы әскерімізді құрып, келелі Конституцияны басшылыққа алдық. Қарышты экономикалық өрлеу арқылы Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қабырғалы ел болып, ұлттық рухы биік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құрдық. Әлемдегі үш елдің бірі болып, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды атамекенге жинай отырып, Есілдің ен бойына ел қондырып, сайын Сарыарқа төрінде сәулетті Астана бой көтерді. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетісімен, тіліміз түледі, дініміз өркендеп, тамырызды жалғап салт-дәстүріміз жаңғырды» - деген аудан басшысы, қазақ елі дүниежүзі бойынша ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан ел ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылатындығын, Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық еткендігін және 56 елдің басын біріктірген Астана саммиті де жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, елімізде оның халықаралық деңгейдегі беделін арттыратын айтулы оқиға –ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіндігін мақтанышпен жеткізді. Мұратхан Жүнісәліұлы ауданда атқарылған жарқын істерді де ауызға алды. Ауылшаруашылығы, білім, спорт салаларында жеткен жетістіктерді баяндап, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекетіміздің ғұмырлы болуын тіледі. Айтулы шарада тәуелсіздіктің төл құрдасы, жерлесіміз Әсет Дүйсебаев та ақ тілегін ақтарды. Жас айтыскер-ақын өзімен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан ел тәуелсіздігіне тарту ретінде жүрекжарды жырын оқыды. Салтанатты жиынның жабылуына орай, Әнұранымыз қайта шырқалып, Мемлекеттік Ту әкетілді. Марапаттау рәсімі басталды. Ең алдымен аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Сыздықов, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ә.Омаров және ауданның Құрметті азаматы, белгілі спорт майталманы А.Мұсабековтер Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек желтоқсан оқиғасының куәгерлері - Ф.Байсариева, З.Момынқұлова аудан әкімінің арнайы сыйлығын иеленді. Келесі кезекте Тәуелсіздік мерекесіне байланысты ауданымыздың көркеюіне өзіндік үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, аудандық мәслихаттың Грамотасымен және Алғыс хаттармен марапатталды. «Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалының мадақтауына ие болды. Түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге аталмыш марапаттарды аудан әкімі М.Шүкеев және аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев табыстады. Гүл шоқтарын ұсынып, игі тілектерін айтты. Мерекелік шараның ерекше тұсы - Байзақ ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру салтанаты болды. Сахна төріне шақырылған Қосымова Гүлнар Ғаббасқызы, Серікбаев Есіркеп Серікбайұлы, Толқынбаев Тұрсынхан Толқынбайұлы, Омаров Бердібек Омарұлы, Қалиев Үсіпәлі Арынұлы өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалар. Бірі білім, енді бірі журналистика саласында, ал бірі басшылық қызметтерде абыройлы қызмет атқарған. Аудан тарихында есімі құрметпен жазылуға тиіс азаматтар дәл осы күні ауданымыздың «Құрметті азаматы» лентасын тағынып, медаліне ие болды. Марапаттаулар мұнымен шектеліп қалмады. Жағымды жаңалықтардың және бірі ауданымыздағы Чапаев орта мектебінің ұжымына Сарыбарақ ауылынан оқушыларды тасымалдау мақсатында «Газель» автокөлігі сыйға тартылды. Аудан бюджетінен қаржы бөлініп сатып алынған техниканың кілтін аудан басшысы М.Шүкеев салтанатты түрде білім ордасының директоры Е.Есімовке табыстады. Әдемі кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. «Шахан» халық театры әртістерінің сомдауында «Төле бидің төрелігі» сахналық қойылымы қойылып, «Сыйлық берудің әлегі» көрінісі көпшілікке ұсынылды. Белгілі әнші ұл-қыздарымыз Д.Диханбаева, С.Бәкір, Е.Маманов, А.Аманғалиева, А.Исабаев «Қазақстан – байтақ елім», «Тәуелсіз ел Қазақстан», «Қасқалдақ», «Елге сәлем», «Бабалар мұраты» әндерін әуелете шырқаса, Бурыл ауылдық «Өнер» мектебінің бишілері «татар», «өзбек» билерін мың бұрала биледі. Тәуелсіздік тойына келген ел-жұрт артынша Елбасының өмірі туралы түсірілген фильмді тамашалады. Бала Сұлтанның дана Сұлтан дәрежесіне көтерілу жолындағы қиыншылықтар мен қуанышты сәттер, жалпы қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңдерді бейнелеген фильмдер циклы көпшіліктің көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды. Ал бұл уақытта орталық алаңда ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті. Мерекенің құрметіне арналып ұйымдастырылған жәрмеңкеден аудан тұрғындары ет, сүт өнімдерімен қатар, көкөністерді базар бағасынан төмендетілген бағамен сатып алып жатты. Бұл күні сонымен қатар, Ж.Үшкемпіров атындағы спорт сарайында үстел тенисінен аудандық жарыс қыза түсті.
Фото: А.Алдабергенов. |