|

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақтанып, алға басуының нәтижесінде халқымыз әл-ауқатының жыл санап жақсара түсуінің бір нышаны бүгінгі таңда мемлекеттік, жекеменшік иелігіндегі автокөліктердің саны күн санап артып келеді. Бұл бір тұрғыдан алғанда, қуантарлық жағдай болғанымен, екінші жағынан
қоғамның, мемлекеттің күнделікті өміріне үлкен проблемалық мәселені туындатып отырғаны жасырын емес. Көкейкесті мәселе бойынша Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың қазан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында төмендегідей статистикалық мәліметтерді алға тарта отырып, жалпы жол қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты бірқатар сын-ескертпелер жасап, Ішкі істер министрлігінің тиісті қызметтерінің жұмыс жүйесін жетілдіруді және мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша тапсырмалар берген болатын. Сол деректерге жүгінер болсақ, өткен 2012 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 2145 адам жол апаты салдарынан көз жұмған болса, бұл көрсеткіш үстіміздегі жылдың 9 айында 2273 адамға жеткен. Егер еліміз азаматтарының өлімі жүрек, қан тамырлары аурулары бойынша бірінші орынды иеленсе, екінші орында – жол-көлік апаттары оқиғалары екен. Жол-көлік оқиғаларының соңғы кездері көбейе түсуіне бір ғана жол полицейлері кінәлі деп айтуға болмайды, әрине, оның салдары сан-түрлі. Олардың қатарына қазақстандық автокөлік жолдарының техникалық жағдайы, бүгінгі қолданыстағы заңнамалар, көлік иелерінің көлік жүргізу мәдениеті, автокөліктің техникалық жағдайы, жол апатына душар болған адамдарға уақытылы жедел жәрдем көрсету сияқты факторларды атауға болады. Бұл мәселе облысымыз аймағында да өте күрделі жағдайда. Ол жайлы Елбасымыз жуықта облысымызға жасаған іс-сапары барысында да батырып айтқан болатын. Нақтылай түссек, облыс аймағында 2013 жылдың сегіз айында 998 жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде 238 адам қайтыс болған. «Осы апаттан адамдар дәп бір соғыс кезіндегідей көптеп бақиға кетіп жатыр. Ең өкініштісі де осы. Өлген адам санын азайтыңдар, басқа сендерге айтарым жоқ. Медицинаның қол жетімділігін, яғни апаттан кейінгі бір сағат ішінде медицина қызметкерлерінің сол жерге тез жетуін қамтамасыз етіңдер. Транзитті аймақ тек сендер емес, ал халықтың әл-ауқаты артып, көліктің көбейгеніне қуану керек» - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы. Бүгінде жалпы елімізде, оның ішінде құқық қорғау салаларын, жүйелі түрде, заман талабына сай, реформалау істері жүргізілуде. Соның бірі, аталмыш көкейкесті проблемалық мәселелерді оңды шешу мақсатында Ішкі істер министрлігінің 30.09.2013 жылғы №577 бұйрығына сәйкес, әкімшілік және жол полиция бөліністерін біріктіру жолымен, «әмбебап полицейлер» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жол-патрульдік полициясы құрылғаны белгілі. Жаңа құрылымға жүктелген басты міндет – қоғамдық тәртіппен қоса жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан бастап, жол қауіпсіздігін «әмбебап полиция» қызметкерлері қадағалайтын болады. Аталмыш жаңа құрылымның құқықтары мен өзгешеліктері жайлы алдағы уақытта кеңінен әңгімелейтін боламыз. Ал енді осы күнге дейін аудандық ішкі істер бөлімі құрамында болып, жол қауіпсіздігін күзеткен жол полициясы бөлімшесі қызметкерлерінің жыл бойы атқарған жұмыстарына көз жүгіртсек. Аудан аумағында үстіміздегі жылдың 11 айында 106 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 26 адам қаза болған, 195 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Өткен 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жол-көлік оқиғасы 25 немесе 30,9 пайызға көп, қаза болғандар 1 адамға немесе 3 пайызға аз, ал жарақат алғандар 103 адамға немесе 112 пайызға өсіп отыр. АІІБ-нен алынған анықтамаға сүйенер болсақ, есепті мерзімде, аудан аумағында жол апаттарының алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық шаралар өткізілумен қатар, айыптыларға заң шеңберінде тәртіптік шаралар қолданған. Есепті жылдың 11 айында барлығы 4833 (басқа аумақтардан түскені 4172) жүргізушіге әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиесілі айыппұлдар өндірілген. Көлікті мас күйінде жүргізгені үшін барлығы 79 жүргізушіге әкімшілік хаттамалар толтырылып, істері сотта қаралған. Соттың шешімімен оның 69-ы көлік жүргізу құқығынан айырылса, 10 жүргізуші әкімшілік қамаққа алынған. Аталмыш жаңа құрылым аудандық ішкі істер бөлімінде де құрылып, тиесілі штаттық құрамы бекітіліп, қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бөлімше басшылығына полиция капитаны Е.Рысқұлбеков тағайындалған. Жаңа бөлімше басшысының мәліметінше 1 қарашадан бастап қызметіне кірісетін бөлімше қызметкерлері бүгінгі таңға аудан аумағында ережелерін бұзған 137 азаматты құрықтаған. Оның 21-і мас күйінде көлік басқарса, 7 азамат жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген, 11-і көлік жылдамдығын асырғаны үшін, ал 6 азамат қарама-қарсы жолға шығып, жол жүру ережесін өрескел бұзғандар. Сонымен қатар, желтоқсанның 6,7 күндері «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты іс-шараның жүргізілуі барысында мас күйінде көлік басқарған 5 аудан азаматы жауапкершілікке тартылып, көлік жүргізу құқығынан айырылған. Бұл шараны желтоқсанның 13,14 күндері де өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда әмбебап полиция атауына ие бөлімше қызметкерлері бар күштерін жұмылдыра отырып, аудан аумағында (ауылдық округтерде) жалпы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу, сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында, уақытпен санаспай, тәулік бойы аусымдық, ауытқылық кесте бойынша өздеріне жүктелген жаңа функционалдық міндеттерін абыроймен атқаруға күш салуда.
Өз тілшіміз.
Фото: А.Алдабергенов |