|
А.Какетаева, аудан прокурорының көмекшісі.
Қоғам дегенде біз нені түсінеміз? Ресми тілдегі сипаттамасына жүгінсек, ол (қоғам) – адамдар мен олардың ұйымдары арасындағы қарым-қатынастардың өте күрделі жүйесі. Мемлекет сол қоғамды түрлі арнаулы органдар арқылы басқарады, маңызды әлеуметтік, экономикалық, саяси т.б. бағыттағы мәселелерді
шешеді, сонымен қатар, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етеді. Мемлекеттің түрлі органдары арасында қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету міндеті жүктелген құқық қорғау органдарының орны айрықша. Олар заңдылық қағидасы негізінде әрекет етеді. Ал заңдылықтың мәні – құқық қорғаушы органдардың құқықтық нормаларды адал, жауапкершілікпен сақтауында, орындауында, пайдалана және қолдана білуінде. Бұл тұрғыдан алғанда прокуратура органдарына жүктелген міндет аса салмақты және жауапты.
Прокуратура органдарының қалыптасу тарихына көз жүгіртер болсақ, өткен 80 жылдан астам уақыт арасында прокуратура қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті. Оның жүріп өткен тарихын маңызды үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бүгінгі Қазақстан прокуратурасының алғашқы (кезеңі) қалыптасуы мен дамуы сонау 1922 жылдың 13 шілдесінен бастау алып, Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы болып құрылды. Аталмыш орган дамуының екінші кезеңінде, яғни 1933 жылы өкілеттілігі кеңейе түсіп, прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізеді, тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлініп шықты. Автономиялы республикадан одақтық республикаға айналып, КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекет статусына ие болған Қазақстан 1937 жылы өзінің алғашқы Конституциясын қабылдағаны белгілі. Осы сәттен прокуратура органдарының дамуы мен нығаюының үшінші кезеңі басталады. Әділет халық комиссарынан толық бөлініп шыққан прокуратура саласы республиканың құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс істей бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры С.Есқараев болды. Сол кезеңде прокуратура органдарына мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық және жеке меншік ұйымдары іс-әрекетінің заңдылығына, сонымен қатар жеке адамдардың, тергеу, анықтау және т.б. органдар қызметін қадағалау функциясы жүктелді. Қазақстан мемлекетінің дамуымен қатар, республикалық органдар жүйесінде прокуратура органдарының рөлі мен орны өзгеріп отырды, яғни, оның қызметі жаңа мазмұнмен толықтырылып, қадағалаудың міндеттеріне өзгерістер енгізілді. Дегенмен, оның басты мазмұны заңдылық пен құқық қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен босандықтарын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау болып қала берді. Бүгінде прокуратура органдары әртүрлі шаруашылық субъектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар, сала қызметкерлері Конституцияға сәйкес, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған тұрғыда жоюға басшылық етеді, оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, қолданыстағы заң талаптарының орындалуын, қадағалайды.
|