|
Е. Серікбайұлы, еңбек ардагері. Қолымдағы еңбек кітапшасын парақтап қарап отырып, ойға шомдым. Онда әр жылдардағы аудандық оқу бөлімінің меңгерушілері Қ.Қосумов, Қ.Ақылбаев, Ж.Баянов, Р.Смайловтардың білікті ұстаз Болат Бексұлтановты бір мектептен екінші мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директоры етіп бекіткен бұйрықтары жазылыпты. Жалпы, еңбек жолын
Жамбылдағы Абай атындағы педагогикалық училищені 1947 жылы бітірген соң, Суханбаев атындағы жеті жылдық мектепте бастауыш сыныптарға мұғалім болып бастаған ол, кейін өзі туып-өскен Еңбек «қазір Сеңкібай деп аталатын” ауылдағы бастауыш мектепті басқарыпты. Алматының Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, жоғары білім алған екен. Биік парасатты, кісілігі мол Болат Бексұлтановты аудандық оқу бөлімі қай мектептің оқу үлгерімі, тәртібі нашарлау болса, соны дұрыс жолға қою үшін сол білім ордасына жіберіп, Дихан және Чапаев атындағы, Жамбыл атындағы орта мектептерінің де әр жылдары директоры болып қызмет істеген екен. Ол бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық еңбекке арнаған атпал азаматтың қарапайымдылығы мен өз ісіне берілгендігі ел есінде. Одан тыс аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы болып төрт жыл қызмет еткен ол, аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы да болған. Осы үнқағаздың редакторы В.Джейко, орынбасары Ж.Мәдімаров, бөлім меңгерушілері С.Керімбаев, Ә.Есмұрзаевтармен бірге жемісті жұмыс істеді. Ол аудандық партия комитетінде, аудандық газетте он жылдай істеген жылдары еңбекқорлығымен, талапшылдығымен дараланған болатын. Киров атындағы колхоздың партком хатшысы, шаруашылық төрағасының мәдени-ағарту ісі жөніндегі орынбасары болып істеген жылдарда колхоздың экономикасы мен мәдениетін көтеруге атсалысқан. 1956-1970 жылдардың аралығында Абай атындағы колхоз партия комитетінің хатшысы болды. Аудандық оқу бөлімін 22 жыл басқарған Р.Смайлов, аудандық газеттің редакторлары болған В.Джейко, Ғ.Әлиев, Ж.Мәдімаров сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұ.Сыздықбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Ө.Досыбиев, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Т.Қожаниязовтар Бексұлтанды “нар жолында жүк қалмас азамат” деп бағалайтын. “Халық ағарту ісінің үздігі”, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған ол, көп жылғы жемісті еңбегі үшін көптеген Алғыс хаттар мен Мақтау грамоталарымен марапатталған абзал азаматтың құдай қосқан зайыбы К.Стамбекова екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздан қазір 17 немере мен 12 шөбере тараған. Күлихан бүгінде кенже ұлы Құрманның қолында. Ол облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінде жауапты қызметте. Келіні Қызаркүл де осы салада қызмет етеді, подполковник. Басқа ұл-қыздары да өмірде өз орындарын тапқан. Өмірі өзгелерге өнеге болған, шәкірттерінің шынайы құрметіне бөленіп, айналасына жақсылықтың нұрын шашқан азаматтың өнегелі ісі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қала беретін болады.
|