Онлайн газет



Тұңғыш Президент күніне арналған жәрмеңке халық көңілінен шықты

Г. Ермұратова,
“Ауыл жаңалығы”.

Осыдан бір жыл бұрын арнайы мемлекеттік мереке ретінде белгіленген  тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті  күні бүгінде жалпыхалықтық мерекеге  ұласып,  еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтілді. Аудан орталығы  Сарыкемерде  Ұлт Көшбасшысының  қажырлы еңбегін ұлықтаған  салтанатты шара  жұма күні “Бір Отан, Бір тағдыр,  Бір Елбасы”  атты айдармен

 

өткен болатын. Сенбі, 30 қараша күні “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы”, “Еліміз-дүрсіл қаққан жүрегіміз, Елбасы-ел қалауы, тірегіміз!, “ Біз Елбасымен біргеміз! “атты  тақырыпта мәдени көпшілік және спорттық шаралар мен халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына арналған қайырымдылық шаралары айтулы мерекенің ажарын аша түсті. Дәл осы күні  аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің ұйытқы болуымен  ауыл шаруашылығы  өнімдерінің жәрмеңкесі  ұйымдастырылды.

 

Орталық алаң  айшықты безендіріліп,  аудандық мәдениет үйінің  өнер дүлдүлдері мен балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерлі балапандары әуелете ән шырқап, күмбірлетіп күй тартты, бишілер мың бұралып биледі. “Қазақ елі жасасын! , “Елбасымыз  жасасын!”, “Тәуелсіз Қазақстан жастары-Елбасымен бірге!” деген жалынды сөздермен ұрандатып өткен жастар шеруі Елбасына деген айрықша  құрметті көрсетті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай сенбі, 30 қараша күні  орталық алаңда ауданымыздың он сегіз ауылдық округтерінен ат арылтып  келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз қолдарымен өсірген, өңдеген, дайындаған өнімдерін жеңілдетілген бағамен жәрмеңке сөрелеріне жайып салды. Әсіресе, қысты күні басты тағам түріне айналатын ет пен ет өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, сүт және нан өнімдері  өте мол болды. Тұрғындардың қысқа қажеттісін қамдап, өздеріне керек заттарын арзанырақ бағамен сатып алуына жол ашқан жәрмеңкеде сапалы тауар, төмендетілген баға, балғын да балауса өнім:  11 тонна 300 кг көкөніс, 2 тоннаға таман  бақша өнімдері, 7 тонна картоп, жеміс-жидектер, 4 тонна ұн,  1 тонна өсімдік майы, шұжық, жұмыртқа,  жылқы, сиыр, қой еттерімен қатар  бал татыған қымыз бен шұбат,  бордақыланған тірі  қой, бұқа халыққа ұсынылды.Әсіресе Ботамойнақ, Үлгілі,  Бурыл ауылдық округі атынан келген “Байжанова” және “Ветеран” шаруа қожалықтары өндірген   көкөніс пен бақша өнімдері,  Бәйтерек,  Жаңатұрмыс, Жалғызтөбе, Сарыкемер, Сазтерек, Түймекент ауылдық округтерінің  қой, сиыр, жылқы малының еттері, Темірбек пен Суханбаев, Көптерек, Дихан ауылдарынан әкелінген тірі бордақыланған төрт түлік мал,  тілі дәм үйірер, емдік қасиеті мол шұбат пен қымыз, 7 тоннадан астам мал азықтары: жем, жүгері, арпа, бидай өнімдері, сондай-ақ, Қостөбе ауылдық округінен келген “Лесняк” фирмасының сүт өнімдері, қызылжұлдыздық “Рола” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  макарон, Көктал ауылдық округіндегі  “Жамбылқұс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа өнімдері көпшіліктің сұранысына ие болды. Арзан бағамен 900 теңгеден қой еті, жұмыртқа 200-теңгеден саудаға  шығарылды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушы Тұңғыш Президент күніне арнайы өткерілген жәрмеңкеге келген тұрғындар өздеріне қажетті азық-түліктерін сатып алып қана қоймай, күмбірлеген домбыра мен сазды әуен толқынына  бөленді. Сауданың қызған уақытында аудан әкімі М. Шүкеев келіп, жәрмеңке барысымен танысып, халықпен жүздесті.
Жәрмеңкенің берері мол, ауылдық жерден жеткізілген сүт, сары май, сұйық май, қаймақ және жұмыртқа өнімдері, төрт түлік малдың еттері қол жетімді болғандықтан алушылардың дені осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді дегендер аз болмады.
Жалпы бұл күнгі жәрмеңкеде  4 млн. 629 мың теңгенің өнімі сатылды.
Бұл күні жәрмеңкеден өзіне қажетті өнімдерін алған жұртшылық спорттық ойындарға да бел шеше кірісіп кетті. Тірідей  салмағы 35-40  келі шамасындағы қойды бірнеше мәрте көтеріп, мықтылығын танытқан  Ж. Абитаев бас жүлдені қанжығасына байлап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.  Қ.Сарсенов -екінші, Ә. Құдайбергенов-үшінші орындарды иеленді. Аудан әкімінің жүлдесіне арналған волейболдан аудандық турнирге 13 команда қатысып, бірінші орынды Түймекент, екінші орынды Қостөбе, үшінші орынды Сарыкемер ауылдық округінің командалары бөліскен еді.  Ұлттық ойындар: асық атудан Сарыкемер ауылының күресшілер командасы шашасына шаң жұқтырмады. Екінші орын Дихан ауылының командасына,  үшінші орын Сарыкемер ауылының теннисшілер командасына бұйырды. Ләңгі тебуде М.  Ибраймов жүлделі орыннан көрінсе,  кейінгі орындарды Б.  Тамбиев пен Е.  Үсіпұлы  өзара бөлісті. Аударыспақ ойынында  Б. Момынов, М.  Ибраймов, Р. Кәнібековтерге ешкім тең түспеді.Қол күресі  бойынша бірінші орынды Ә. Жеңісбай иемденсе, екінші орынды Қ.  Сәрсенов, үшінші орын тұғырынан Н.  Абулов көрінді. Арқан тартуда Суханбай ауылдық округі аппаратының командасы бірінші,  С.Абланов орта мектебінің командасы екінші,  №9 балалар және  жасөспірімдер спорт мектебінің командасы үшінші орынды жеңіп алды. Гир көтеруде Қ.  Сарсенов, Р. Мұрат  және  І. Жансақаловтар топ жарса, қаппен секіруде №8 Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебі командасы мен №9 спорт мектебі қарсыластарын шаң қаптырды. Осылайша  спорттық ойындарда топ жарған жеңімпаз командалар мен жекелеген ойыншылар аудан әкімдігі  дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы  Грамотасымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, мұндай жәрмеңке Тәуелсіздік мерекесіне орай да ұйымдастырылатын болып отыр.
Редакциядан:  Тұңғыш Президент күні  мерекесіне орайластырылған жәрмеңке салтанаты күміс күймен көмкеріліп, әсем әнімен әрленді. Саудасы сәтті болған сатушы да, арзан бағамен саудаласқан халық та көтеріңкі көңілмен тарқасып жатты. Келешекте халыққа қолайлы болған осындай  жәрмеңкеде тұтынушыларға ұсынылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің әрқайсының бағасы жеке дара жазылып ілінсе, артық болмас еді-ау деген ой келді бізге.

Фото: А.Алдабергенов

Обновлено 06.12.2013 08:57
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін641
mod_vvisit_counterКеше4434
mod_vvisit_counterОсы аптада28024
mod_vvisit_counterӨткен аптада31090
mod_vvisit_counterОсы айда50324
mod_vvisit_counterӨткен айда119195
mod_vvisit_counterБәрі3820602

Серіктестер